Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің соңғы Жолдауында Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің тең жартысын 18-ге дейінгі балалардың жеке есепшотына аудару туралы идеясын алға тартты. Соны оқығанда көз алдыма: «Біз де бір кездері Оман сияқты бай елдің бірі болар ма екенбіз?» – деген үмітті ойдың ұшқыны қылаң берді. Бірақ маған оны іске асыру әлгі қордағы ақшаға қайта-қайта қол сұға беретін біздің елде іске асуы күмәнді көрінеді-ақ. Оған себеп те жоқ емес. Маған салса, елде нақты бір нәтижеге қол жетуі үшін, ең алдымен билік пирамидасындағы сыбайлас жемқорлық пен жең ұшынан жалғасқан парақорлықтың тамырына балта шабу керек сынды. Бүгінгі таңда ол бізде тек түске кіретін қияли арман ғана. Соның дәлелі ретінде Оманды мысалға келтірсем деймін.
Әлеуметтік желіде жарияланған деректерден оқып білгенім, Оман елінің тағына Кабус бен Саид келген кезде мемлекетте бір-ақ мектеп пен аурухана болыпты. Ол қаласа Ливия президенті Муаммар Каддафи, болмаса басқа араб елдерінің шейхтары секілді мұнай миллиардері болар еді. Ал ол керісінше қарапайым адамның жолын таңдап, елде мыңдаған мектептер мен ауруханаларды салғызды. Мемлекетте кедейшілік пен жұмыссыздықты жойды. Медицина мен оқу тегін болды. Азаматтар салықтан босатылды. 18-ге толған әрбір азаматқа үй салуға жер мен ақша берілді. Ал бізде 30 жылда ауруханалар саны екі жарым есе қысқарған. Бұрындары жыл сайын елде 300-ге тарта мектеп салынса, 1995 жылы бірде-бір мектеп салынбапты. Бізде мұнай қоры Оманнан 6 есе көп, бірақ медицина мен оқу ақылы. Бізде әрбір алтыншы адам кедей, екі миллионнан аса адам жер алу кезегінде тұрады. Ең төменгі айлық мөлшері 845 доллар болып белгіленді. Ал біздегі ең төменгі айлық мөлшері 130 долларды құрайды. Бұл БҰҰ ұйымының стандарты бойынша кедейшілік болып табылады. Мұндай жалақыны халықтың жартысы алады, содан мемлекет қазынасына салық төлейді. Ал кезінде Н.Назарбаевтың миллиардер жиені Қайрат Сатыбалды 2020 жылы мемлекетке 1 теңге салық төлесе, оның бауыры, Болат Назарбаев иелігіндегі «Алтын орда» базары мемлекетке мүлде салық төлемепті. Н.Назарбаев халықаралық Нобель сыйлығын алам деп тыраштанып, қолынан келгеннің бәрін істесе, Кабус керісінше, бұл сыйлықтан бас тартқан. Ол елінің абыройлылығына атақ емес, сол халқы үшін істеген адал еңбегінің арқасында қол жеткізді. Елбасы қарапайым Қонаев атамыздың жолынан бас тартып, гипермиллиардер тағдырын таңдады. Алматыда 50 гектар жер аумағына демалыс паркін салдырып, оған өз атын берді. Соның жанынан ол өзіне және қыздарына парк аумағынан үш есе үлкен элиталық жер телімін алып алды. Мұнайды сатудан түскен табыс пайдасын да осындай жолмен бөлгендіктен болар, 2021 жылы оның екінші қызы Динара мен күйеу баласы Тимур Құлыбаев 2 миллиард доллар табыс тапса, 2 миллион көпбалалы отбасынан шыққан балалар бұдан екі есе аз алады. Назарбаев билігі кезінде кадр тағайындау мәселесі де дұрыс шешілмеді. Мәселен, ол денсаулық саласын басқаруға саудагер Ерболат Досаевты тағайындап, соның салдарынан Шымқалада 76 шарана вирус жұқтырып, қырылып қалды. Бұл бассыздықтары үшін Н. Назарбаев та, Досаев та жауапқа тартылған жоқ. Мектепте бір күн сабақ бермеген Бақытжан Жұмағұлов Білім министрі, бір мақала жазбаған Аида Балаева Ақпарат министрі, бір шақырым жүгіре алмайтын Арыстанбек Мұхамедиұлы Спорт министрі, бір өлең жазбаған, бір ән айтпаған Дәурен Абаев Мәдениет министрі болып тағайындалды. Назарбаев олардың білімі мен білігін, қарым-қабілеттерін білсе де, оларды өз айтқанынан шықпайтын «тілалғыштығы» үшін ғана ұстады. Бұл металлург Назарбаев дәуірінің адам миына сыймайтын шешімдерге барғандығының айқын көрінісі болса керек. Ол кездің шенділері біздің ұлтқа аса таңсық боп саналатын гольф ойнауға тым әуес болатын. Гольф ойнайтын таяқтың құны бір пәтер бағасына сай келетінін бағамдасақ, бұл ұлт көсегесін көгертпейтін, қыруар ақшаны желге шашумен бірдей шаруа демеске амал жоқ.
Ұлт мінбері саналған, халық жазушысы кешегі Шерхан Мұртаза ағамыз бен журналист Камал Смаилов арасындағы «Елім, сен тыңда, Елбасы, саған айтам» атты хаттардың бірінде Шер-ағаң: «Кедей бай болсам, бай құдай болсам дейді. Кедей бай болсам деген жерде тоқтай қалса ғой. «Стоп» десе. Жоқ, өйтпейді, бай болсам дейді. Бұл – қанағатсыздық. Қомағай құлтын, обыр оппаның өзі тойса да, көзі тоймайды. Олардың көзін өлгенде топырақ қана тойдырады. Қазіргі жегіштер де дәл сондай. Акуланы сойғанда оның ішінен кез келген нәрсе, шыны да, тас та, темір-терсек те шыға береді екен. Біздің акула-жегіштердің қарнын жарса, одан прокат та, алтын да, мырыш та, металл зауыттары да, қант зауыттары да, бәрі-бәрі шыға келер еді...» – деген үзінді бар. Қалай десек те, Шер-ағаң шыңғырған шындықтың қанын ағызып отырып, ақиқаттың бетін ашып айтқан ғой.
Шындығына келсек, әлгі еліміздегі жегіш-акулалар біртіндеп қолға түсіп, олардың ішін жайлап жарып көргенде, одан сар етіп ересен көп «байлық» төгіле бастады. Бірақ, өкініштісі сол, бұлар теңіздегі шабақтар ғана, нағыз жыртқыш алып акулалар әлі ұсталып, заң алдында тиісті жазасын алған жоқ. Осыған орай кейде басқа: «Олар теңізде әзірше емін-еркін жүзіп жүр. Қашанға дейін жүзер екен, көрелік», – деген ой келеді екен. Шынында да, қашанға дейін?..