Ол – есімі елінің есінен шықпайтын ер еді.
Ол – мыңның бірі. Бәлкім, екінің бірі…
Ел сенетін шарболат тұлға еді.
Шындықтың сәулесімен жұрттың жүрегін жылытқан жан болатын. Әулиеатаның Әлібегі деген әлеумет әлдилеп, қатты сыйлаған әлеуеті әдемілік пен әбүйірдің бойтұмарындай әсер қалдыратын. Қазақ зиялыларының тәуірі, өзі пір тұтқан ірілердің інісіндей сезіндіретін.
Ел елегінен өткен қадірлі азаматтың тұтас болмысы, сөз бен ісі, мәдени қалыбы қоғам ұяты мен өзіне дейінгі асылдардың аманатын арқалағандай жауапкершілікке таңылғанын ақылды адамдарының бәрі де білді.
Қай кезде де солғын тартқан, бәсеңсіген немесе қоғам мүддесінде тартынып қалған Әлағаң жоқ, баяғының батырындай, бүгінгінің өршіл қайраткеріндей қасқайып жүрді. Таудай биік, мығым денелі, айқабақ марғасқа ағамыз сырттай қарағанда көзге суық та сұсты, тәкаппар, асау, ауыр мінезді көрінетін, ал жақын жүрсең, мұндай ақжарқын, шат көңілді, астарлы әзілге шебер жан сені туған ағаңдай құшағына ала қоятын. Бірақ, оның аға достары да, іні достары да көп емес еді. Талғампаздықтан солай болды. Сырласатын адамдарына да шектеуді өзі қойған. Керісінше Әлағаны сырттай сыйлайтын кісілер жиі ұшырасатынын жасыруға болмайды.
Өзіне сын көзбен қарайтын бір адам болса, осы кісі болар деп ойлайтынбыз. Сондай сәтке куә де болдық. Аты дүрілдеп тұрғанында, 60 жасқа толу мерейтойы үстінде өзін әдеттегідей көз жұмып мадақтайтын емес, кілең кемшілігін бетіне басып, аяусыз мысалдарымен мінеп, сынайтын тақырыпта да республикалық ақындар байқауын өткізгенінің өзі сирек оқиға ретінде ел есінде сақталған. Бұрын-соңды мұндайды кім көрген екен, ә?! Әсіресе, жасы үлкен ағалары үрейленбесе де қош көрмей, шошыңқырап қалған-ды. Жақсыға жала жабу сияқты ма… Ал, мерейтой иесі ел көрсін, менің де пенде екенімді білсін, қателігімнен сабақ алсын, деген ойда болған. Ақындар да қу ғой, сөзінің бір жерінде жақсы тірлігін де үлгі тұтсын дегендей айтқан көрінеді.
Жөн сөздің жампозы Әлағаң және уәдесінде тұрды. Дүниеден озар алдында жарыққа шығарған «Менің сырым мен шыным» және «Менің заманым мен замандастарым» деген екі том көркем кітабына әлгі «мадақтамау» байқауындағы өнерпаз ақындардың өлең-жырларды түгел жариялаған.
Әлағаның өмірлік әлемінен шынайы сусындау үшін осы ерекше құнды екі кітап әлі талай оқырман қауымға жүрек сәулесін түсіретін болады. Себебі, ол – кие қонған Әулиеата-Жамбылдың рухани шежіресі мен мәдени жылнамасы әрі ағамыздың былайғы жұрт біле бермейтін қаламгерлік мол талантын да танытады.
Ол «Ақтаңгер» деген роман және алты пьесаның авторы. Туындылары республика сахналарына қойылған драматург екенін еске сала кетейін. Бұл жайында Әшірбек Сығай, Есмұхан Обаев секілді театр қайраткерлері мен сыншылардың айтқан сөздері мен риза пікірлеріне арқа сүйейміз.
– Әлібек, сен әкімшілік жұмысқа бекер келгенсің ғой, – депті оның шығармашылығымен танысқан көрнекті академик Мекемтас Мырзахметұлы.
– Жоқ, қайта осы қызметімен өнер мен әдебиетке көп пайда келтіріп жатыр. Ол – Жамбыл облысының Темірбек Жүргенові, оның еңбегін Сыдық Аблановтың Әулиеата өңірінің мәдениетіне сіңірген еңбегімен салыстыру керек шығар, – деп жауапты тараздық әйгілі жазушы, драматург Елен Әлімжан беріпті.
Үзеңгілес досы болғанымен көп оқып, көп тоқитын әрі аса сезімтал жазушы жөнсіз сөйлемейтіндердің қатарында. Қоғамдық пікір иесі десе де болады.
Жер дүниені шарлап, жүз бір шен, мың бір шекпен киіп шалқыған пенде болсын, өз атажұрты үшін Жүргеновтей бір іс тындырмаса, ұлт үшін оның құны бақыр тиынға да татымайды.
Әлағаның бұл жағынан ұятты болатын жағдайы жоқ еді.
***
Пейілі керімсамал, бірақ жасандылық пен жалпақ шешейліктен шынайы өнер туындамайтынын білген Әлағаң өзіне де, өзгеге де тым талапшыл болды. Бұл көзқарас олардың сезімін байытып, бір-біріне сенімін жақындатты.
Қазір қарап тұрсаңыз, оны құрметтейтін, шашбауын көтеріп жүрген іні-қарындастары арасында шығармашылық адамдары, әнші- жыршы, күйші, ақындар өте көп. Сол сөз қонған өрендердің, шалғай өңірде танымал өнерпаз, өнерші, өлеңші жастардың ағаға деген шалқар көңілін былайша бағалаған: «Оларға Әлібек деген сөз – Әділет» деп. Өнердің қазығына айналған адам туралы бұдан артық қалай ардақтап айтуға болады, өзі?! Әділеттілік – жеке адамдар өмірінен жиналып тұратын қоғам байлығы ғой.
Алыптардың алтын бесігі – тарихы терең Талас ауданы түлегінің жас кезінде тасқайрақ болса, қайратты жігіт шағында жампоз, ел ағасы тұғырында және майталман тұлға деңгейінде танылуы еш кездейсоқтық емес. Мүйізді Өтеген батырдай мүйізі қайқайып топ жарған Әлағаның бір басына жетерлік айбары мен қаһары қайдан демеңіз, әділін айтайық…
Қара сөзден қатық ұйытқан дуалы ауыз Асқар Тоқпанов, ұлттық мәдениеттің ұлы жанашыры Өзбекәлі Жәнібеков, ақиқаттың алдаспаны Шерхан Мұртаза, халқына бақ пен құт боп қонған Ғайникен Бибатырова, сыр мен сымбаты, білімі мен парасаты үйлесіп тұратын Әлмұқан Исақов, қазақ әнінің әулиесі Шәмші Қалдаяқов, көрнекті суреткер Сәкен Жүнісовтей айбарлы аға-әпкелерінің сыйластығы мен үлкендік үміттерін қалтқысыз ақтаған Әлағаң киелі Әулиеата-Жамбылда өз мектебін қалыптастырған бірден-бір мәдениет қайраткері болды.
Бұған өмір соқпақтары куә.
Күн сайын адам болып қалуды ойлаған ғұмыры дәлел.
Біз де жақын аралас-құралас, сыйлас бола жүріп байқағанымыз, Әлағаның қандай, қай жерде болмасын, пендешілікпен көптің ыңғайына жығыла салатын көңілшектік немесе әлсіздік көрсеткен жоқ. Бәлкім, оның әлсіздігіне жатар ма екен, өзінен гөрі өзгенің жағдайын көп ойлауы, дүниелік пайдаға жақын болмауы…
Жұрт айтып жүрген бірер мысалды келтірейін. Оны өзінен де естігенмін.
Сөзі обком жаққа өтіп тұрған Әлағаң қаладан бірнеше әртіске пәтер бөлдіріп, өзі де үш бөлмелі пәтер алатын болып театрға келмей ме. Қарсы алдынан Әбиірбек Тінәлиев шығады. Балалы- шағалы әртіс. Жаңағы үй бөлісте оған тимей қалған. Енді міне алдын тосып жаутаңдап тұр. Шыдамаған Әлағаң «үш бөлмелі пәтеріңмен» деп оның қолын алады да, өзі қайтадан қалаткомға келеді. Келеді де өзіне бөлінген үш бөлмелі пәтерді Әбиірбек Тінәлиевтің атына жаздырады. Сонда «мен директормын ғой, тағы да үйдің реті келетін шығар» деп ойласа керек. Соның реті оншақты жылдан соң ғана келген екен.
Енді тіптен қызық естіледі. 1986 жылы Жамбыл театрының 50 жылдығы аталып өтіледі. Екі әртіске «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі», директоры Әлібек Әмзеұлына «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағын беру жоғары жақпен келісіледі. Әлағамыз өзінің атағын «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісімен» алмастырып, оны Әтіркүл Дүйсеноваға беруін обкомға қиылып өтінеді. Сол кездегі обком хатшысы Ғайникен Бибатырова «Әй, байғұс бала-ай, кейін өкінесің ғой» деп, өтінішпен Орталық комитеттің хатшысына шығады.
Бұған әріптестері аң-таң болады. «Неге бұлай еттің?» демей ме? «Бұдан қалса, Әтіркүл әпке мүлдем атақ ала алмай қалады, ал мен жаспын ғой» деп жауап береді. Содан бері қаншама жыл өтті, ол ағамыз 2021 жылы беймаза уақытта дүниеден озғанша атақ алмай қалды.
Мұндай адал, айналасына қамқор оймен сәулесін түсіретін адамды енді шам алып іздесек те таба алмайтын шығармыз.
Халықтан алғыс алғаннан қымбат ешнәрсе жоқ. Иә, жалғыз «Ерен еңбегі үшін» медалін марапаттың мәртебесіндей сезінеді. Сұрамаған балаға ештеңе жоқтың да кері болар, сірә.
Өмір жолы біркелкі, өңкей өрімді өнер жолы болғандығынан еңбек өтілімі өзгеше оқылады. Ол – актер, Ташкентте кино және өнер институтынан білім алған, Ш.Айтматовтың «Бірінші мұғалімінде» Дүйсен рөлі үшін 1968 жылы Бүкілодақтық Ленин комсомолының 50 жылдығына арналған театрлық конкурста бірінші орынды жеңіп алып, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталған. Жалпы, қазақ театрында мұндай атаққа санаулы ғана актердің қолы жеткен. Бір ғажабы,ол театрдағы алғашқы рөлінде-ақ осындай дәрежеге ие болған. Ленин комсомолының лауреаты! Тағы бір ғажабы, ол қашан театрдан кеткенше (жиырма жыл істеген) бірде-бір спектакльдің бағдарламасындағы оның атының тұсына лауреаттығы жазылмапты. Қызғаныштан… ал Әлағаң оны айтып жатпаған. Ол қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың бейнесін сахнаға бірінші шығарған актер. «Жан азабын» Әлағаң Оразбек Бодықовқа тапсырыс беріп жаздырса, дәл осылай Бақытяр Әбілдаевқа «Айша бибі» туралы пьеса жазуды ұсынды. Қазіргі адамдар махаббаттың символы деп таныған Айша бибі образының қалыптасуы осы спектакльдың арқасында санаға көбірек сіңді. Аңыздан ақиқатқа айналды. Сексенінші жылдары Мәскеу мен Ленинградт ан, Алматыдан белгілі тарихшы-археологтар келіп, Ұлттық Ғылым академиясының рұқсатымен Айша бибінің қабірін қазбақшы болғанда «сендерге ол жерден бір күрек те топырақ алдырмаймын» деп қарсы болады. Айша бибі кесенесін кеулеп қазып, тарихи шындыққа қол жеткіземіз, деген сабаздар Әлағаны обкомның бірінші хатшысына, одан әрі қарай Алматыға сүйрейді. Абырой болғанда Әлағаңның тұжырымын облыс басшысы да, сол кездегі Мәдениет министрі Ө.Жәнібеков те қолдап, қорғап қалады. Шын турашылдық қыңырлыққа ұқсайды ма?!
Ол – киногер. АҚШ-та әйгілі киногерлер шаңырағында тәжірибеден өткен, ол – драматург, жазған драмалық шығармалары ірі театр сахналарында қойылған. Он алты жыл актер болып, жетпістен астам рөлде ойнаған, төрт жыл театр директоры, ширек ғасырға жуық облыстық мәдениет саласын басқарған адам осы өңірдің рухани-мәдени дамуына бір кісідей атсалысуын немен өлшеп, адалын айтсақ екен? Иә, басшыларымен келісе алмаған себептерімен лауазымды қызметінен шеттетіліп, содан Талас өзені жағасына қоныс тепкен ауылына барып, қолына кетпен ұстап диқангерлікпен де айналысқан. Саумалдық деген шөпті бір гектар жерге өсіріп, екі жылда рекордтық көрсеткішке қол жеткізеді. Қара жұмысты қалап алған екі жылдан кейін Жамбылға жаңа келген облыс әкімі қоғамдық пікір негізінде сұрастырып,оны іздеген. Сөйлескен. Қажет кадр, кәсіби маман. Өңір мәдениетінің ең танымал өкілі. Шығармашылық адамның еркелігі де, шамырқанған сәттері де болады. Ондай адам мүттәйім бола алмайды. Өткір жүзді алмас секілді, тисе тіліп жіберуі мүмкін. Қазаққа қазақтың қадірі бар ма? деген сауалға ең әуелі ел басқарған азаматтар жауапты болу керектігін шен-шекпенділердің бәрі біле бермейді. Ал облыстың жас әкімі Қанат Бозымбаев ойлы әрі бір шешімді азамат екен, Әлағаны әрдайым қолдайтынын ашық айтты. «Біздің қоғамға шындықты сүйіп, қорғайтын сіздей айбынды адам керек» деді. Терең түсіністікпен мәдениет пен өнер саласына қайта оралған сыйлы ағамызды әріптестері құшақ жая қарсы алғанын өз көзімізбен көрдік…
…Сол бір сағынышты жылдар ойға оралып отыр. Қанша уақыт легі сағат тіліндей айналып, артта қалды екен?! «Әулиеатаға алғаш келген зиялы адам әуелі Әлібек Әмзеевті сұрайды» деген сөзді Елен ағамнан естіген болуы керек жазушы әрі талантты журналист Елен Әлімжанов Жамбыл облыстық телерадиосына бастық болып барып, жаңа қызметтің ыстық-суығы басылмаған күндердің бірінде бас қала – Алматыдан «Қазақстан» телерадио хабарларын тарату жөніндегі комитет төрағасы Шерхан Мұртаза ағамызбен байтақ атамекен Жамбыл қаласына бірге бару бақытына ие болғанбыз.
Сол жолы Әлібек ағаны алғаш көріп, қол алысып амандасқанда естігенім: «Аман ба, айналайын! Қатын, бала- шағаң аман ба?» деген біртүрлі, бірақ жылылық лебі сезілген сөз естігенмін. Жас жағынан қарағанда ыңғайсыз амандасу емес пе, деп қалғанбыз. Отты сөздің ошағын жаққан қаламгер досымыз Мақұлбек Рысдәулеттей жүйрік журналистер рең-басы бұзылып, репеті қашқан пенделерге өзгеше «аялаудың» өзгермейтін бұл афоризмін бүкіл Жамбыл естіп, біліп келеді дескенде ғана барып, Әлібек ағамыздың қызықтары мен шыжықтары, тіптен екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерліктеріне талай мәрте куә болатынымызды іштей сезгенбіз.
Содан бері «Әулиеатаның болмысы мінезін білгің келсе, әуелі Әлібектей азаматын танып, біл!» деп келетін елішілік сөздің мағынасы мен мазмұнына тәнті болуымыз ойымыздан бір сәт те шыққан емес.
Күбініп күндер кетті, аптығып айлар өтті, жылысып жылдар жетті. Жаңағы алғашқы көргенімде жадымда сақталған көріністі айта кетейін. Жауhар ойларды сүзіп бір алдыға тастайтын Әлағаң қонақжай дастарқан басында дәріс тәрізді әңгімесін қағазға қарап емес, адамның көзіне қарап оқитын Шерағаның әрбір сөзін қолдап, қуаттап отырып, қоғамдағы қорғасындай ауыр саяси-әлеуметтік мәселелерді қозғады-ау деймін, мұны сізге айтпағанда кімге айтамыз, аға! деген дауысы бірде сәл құмығып, бірде тым жарқындау естіліп жатты. Бір кеңінен әңгімелесу үстінде Шераға:
– Құрметті Әлібек мырза! Жамбыл елі мен жерінде өнер таланттары көп болар. Мәдениет пен өнер еліңді танытады, сол себепті ана «Алатау» ән-би, эстрадалық ансамблін жоғалтып алмаңдар, – деген-ді.
– Егер бұл жақта өзіңдей мықтылар болмаса, не болады? Сен Мәдениет министрі емессің бе,ә?! – деген Шераға дауысы әлі құлағымда.
– Әлекеңдер «ағамыз қатты көтермелеп жіберді ғой» дегендей қысылып, қызарақтап қалды.
– Біз сені білеміз!!!
– Өмір жолы ілгері жылжыған сайын бұл беделді сөз қатайып, тасқа басылғандай болды.
Өз басым сәл ғана мүмкіндігі болса, әдебиет пен мәдениеттің ордасы – астанаға қарай ұмтылыс жасайтын шығармашылық адамдардың арманына құрметпен қараймын. Алайда, бұл ойым Әлағаңа қатысты көп қырлы қоғамдық жағдайда тіптен басқаша көрінді. Жап-жас жігіттің өнер жолында тез танылған талантына арқа сүйеп Алматыға бармай, туған жерінде жүрсе де провинциялық қалыбынан асып, ұлттық деңгейде Отанға қызмет етудің үлгісін көрсеткен жылдары мен билік қызметіндегі елдік қарым-қабілетінің ерекше болуынан көп жәйтті аңғардық.
***
Турасын айтайық, Жамбыл өңірінде және республикалық ақпарат құралдарында Әлағаңның қайраткерлік жетістіктері, драмалық қойылымдары туралы және оның мақала, сұхбаттары өте көп жарияланып отырған. Біздің бұл жазбаның алдында әлеуметтік желіде айтқан ойларымыз бар болатын. Әлағаның Жамбыл, Кенен ата, Шераға тәрізді таланттарынан тұратын тұтас Әулиеата тарландары мен сұңқарлары, ұлтымыздың жақсы мен жайсаңдары жайында жазған сирек дүниелерін қайта оқып шыққан соң ойымызға ой қосылды.
Абзал зиялының екі кітабынан әр дәуірдің тарихи айғақтарына зейін қойып, мағыналы ойлар мен терең толғаныстарға молынан кенеліп отырып ойланасыз, толғанасыз. Бұған дейін айтылмаған қызықты жайттарды кездестіресіз.
Қаламгер Әлағаңа осы әдеби мұралары үшін де қарыздармыз. Артына қалдырған жазба мұрасы көп қызығушылық туғызады деп сенеміз. Ол қазақ әдебиеті мен драматургиясына қосылған мол олжа.
Осы ретте екі көркем кітапқа демеушілік жасаған жандарға автордың ырзалық көңілін сөзбе-сөз келтіргіміз жөн болар.
«О, Тәңірім!
Бұл дүниеде жақсылығын аямайтын жандардың бар екеніне қуанасың.
Досымхан бауырым (Аралбаев) Әшімұлы, Сенің қамқорлығыңды сезініп келемін. Алладан қайтсын!
Өмірде өзің сияқты азаматтардың қатары қалың болсын!» деп жазады.
Екінші лебізінде «Сәуле қыз (Рысбаева)!
Кәсіпкерлігіңнен тек айла іздемей, адамгершілік тұрғыда пайда іздегеніңе сүйсіндім.
Ағаңның ризашылық көңілін қабыл ал, қарағым!» деп қолтаңбасын қалдырыпты.
Рас, Әлағаң да қоғам мен адамдарға жақсылықты адалдық жолымен жасаудан аянған да жоқ, шаршаған да емес. Ондай іс- әрекеттерін міндетсініп, пұлдағаннан мүлдем аулақ болды.
Ал, өзі зейнеткерлікке толған күні қызмет кеңсесінен қоштасып шыққан ағамыз осы атаулармен кітап шығаруды жоспарлаған болатын. Ат үстінен түспей қоғамдық жұмыстар арқылы өз биігінен аласарып кетпеді. Қайратына қайта мінгендей қанаттанып жүрді.
Армандарының бірі – естеліктер мен эссе жазбаларын баспадан шығару болса, оның орындалғанына қуанғанын жасырмады. Пандемия уақыты ғой. Тар кезең. Кітаптың тұсаукесер сағатын соған қарамастан күтті. Жұртқа тындырған ісін жария еткісі келген секілді. Сол бір салтанатты сәттің болатын күні мына атың өшкір індеттің беті қайтқанынша едәуір ұзай берді, ұзай берді. Солай болып, біраз уақыт әлі де өтпей қалғаны дұрыс па еді. Кім білген?
Сонымен, күндердің күнінде автордың қатысуымен Тараз кітапханасында көпшіліктің қолдауымен оқырмандар конференциясы шақырылып, жиын өз деңгейінде өткен болатын. Қадірменді ағамыз ақын-жазушылар мен оқырмандардың ықыласына бөленді. Әдеттегідей халық пен қоғам алдындағы парыз бен қарызды өтеу жолында өзін толғандырған төл ойларын ашып айтып, әр ісі мен сөзіне тиянақты қаламгер су жаңа кітаптарының қыр-сырымен таныстырған еді.
Бұл еңбегі несімен бағалы дегенде, ең бастысы, қазақстандық мәдениет кеңістігіне кеңінен мәлім азаматтың еліне деген мәңгілік махаббаты мен сүйіспеншілігінің тасқа басылған тәбәрік-сыйы болатын.
Жүректі жарып шыққан кітаптардың жоралғы байғазысы ма, сүйіншісі ме, асыл мұрасына құрмет пе, бәрі де орынды, сол ұғыммен өнер мен мәдениет қайраткерлері, тілеулес жанашырлары құтты болсын айту үшін Әдағаның қарашаңырағына қарай ағылып кеп берсін…
Кең қолтық қазақпыз ғой. Қонақжайлық жанды қоя ма, сірә. Ағыл-тегіл қуаныш, риясыз құшақтасу, ыстық қол алысуда шек бар ма, мұндайда?! Ол кезде біздің көзсіз батыр, ақжүрек ағайындардың медициналық сақтық жасау шарттарын сәл естен шығарып алғандары еш құпия емес еді. Онсыз да біршама уақыттан бері сырқат денсаулығына алаң болып жүргенін сездірмеген, мұңдану дегенді білдірмеген ағамыз сол жолы жұқпалы індет қармағына ілініп қалып, ауыр халде ауруханадан бір-ақ шығады. Апақ- сапақта мына жарық дүние төңкеріліп түскендей естен тандырып жібереді. Тағдырдың жазуын қараңызшы.
Күн тұтылып, ай қамықты.
Аспанда ақ жолақ тартылды… Жарықтық, тарлан тұлға жетпіс төрт жасында мына жалған дүниеден озып кете барды. Айтып келмейтін сұм ажал осылайша қалың елін жылатып, қатты өкіндіріп кетті.
Бәйтерек құлады.
Мұндайда не айтуға болады? Әдағаның ең жақын, сырлас іні досы болған, ағаның өзі ақырғы демі таусылғанша хабарласып отырған жанашырларының бірі Қырғызәлі Тілеуовтың кейін еске алып «Ұзақ өмірдің – қысқа демі» деп тауып қойған тақырыппен жазған эссе- жазбасындағыдай өмір өрімі еді ғой.
Айшықты жылдар сүйірленіп, бірде дөңгеленіп өтсе де жұрт жақтаған жақсы адамның жадыда өшпей, ұмытылмай, сирек болса да жаңғырып тұратыны анық.
Бұл – өмір заңдылығы.
Қасиетті Жамбыл-Әулиеатаның рухани мөрі басылған абыройлы перзентін саналы ұрпақтары замандар толқынында сағынып іздейтін болар, жақсының тозбас ақыл-ойларынан, ізгілікті адамгершілік қасиеттерінен мына өмірдің ақ пен қара парағы әлдекімдерге бақ пен сор болып қарағаны қалай дегенде тоқтам-таяныш табатын болар.
Алтын түстес, жіңішке жиекті көзілдірігін киіп, жылы жымиған, сәл күлімдеген қалпында елестейтін шығар.
Қазіргі таңдағы өмірдің кейбір қисық-қыңыр қалтарыстарын көргенде «Тәйт!» дейтін ағаның қаһарлы сөзін де сағынатын шығар.
Сағындырған, ойландырған, сағынтқан ағалар-ай!..