11 ақпан күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин «Халықаралық Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі облыстық және қалалық филиалдарының төрағаларын қабылдады.
Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, тілдерді дамыту басқармасының басшысы Медет Ысқақов және қала әкімінің орынбасары Айбек Көпенов қатысты.
Бүгінде Ақтөбе облысы бойынша «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының 14 филиалы жұмыс жасайды. Қоғамның 641 бастауыш ұйымы, 130 мыңнан астам мүшесі бар.
Жиын барысында облыс әкімі филиал басшыларының өңіріміздегі мемлекеттік тілдің қолданыстағы аясын кеңейту, халық арасында насихаттау, мәртебесін көтеру бағытында атқарылып жатқан жұмыстары жайлы есебін тыңдады.
Оңдасын Оразалин мемлекеттік тілдің қазіргі таңдағы жай-күйіне тоқтала келіп, филиал басшыларына аудандардағы «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына талдау жүргізіп, қоғамда мемлекеттік тілдің қолданылуы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасын арттырудың қажеттігін атап өтті. Соның ішінде, қаламыздағы шағын және орта бизнес өкілдері арасында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту бойынша тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу, нақты салалар бойынша жергілікті атқарушы органдарға ұсыныстар әзірлеу, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Қазхром» ТҰК» АҚ, «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ сияқты ірі кәсіпорындар жанынан бастауыш ұйымдар ашу туралы нақты тапсырмалар берді.