ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Өнеркәсіптік саясат туралы» және оған ілеспе заң жобасы туралы баяндама жасаған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов: «Бірінші, елімізде ынталандырудың жаңа құралы – өнеркәсіптік грант енгізілуде. Ол бірге қаржыландыру негізінде өндірісті технологиялық жаңғыртуға беріледі. Екінші, мемлекеттік ынталандырудың барлық іс-шарасы орта және жоғары бөліністегі өнім өндірушілерге беріледі. Әдістеме негізінде өнімнің тиісті тізбесі бекітіледі. Осылайша, қайта өңдеуді тереңдетуге назар аударылады. Үшінші, көрсетілетін іс-шаралардың тиімділігін арттыру үшін қарсы міндеттемелер енгізіледі. Бесінші, Өнеркәсіпті дамыту қорының 3 пайыздық жеңілдетілген қаржы беру функциясы көзделген. Ал нарықта инвестициялық жобаларды несиелеу мөлшерлемесі 6 пайыз және одан жоғары. Алтыншы, цифрлық трансформациялау. Біз Германияның Фраунхофер институтымен бірлесіп, жүйеқұраушы кәсіпорындарға талдау жасадық. Олардың әрқайсысы цифрлық трансформацияның қай кезеңінде екенін бағаладық. Кәсіпорындарға цифрлық трансформация жүргізу үшін қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және шетелдік мамандарды тарту, басқарудың жаңа әдістерін енгізу тетіктері көзделген. Жетінші, жылдан жылға ұсынылатын мемлекеттік ынталандыру іс-шараларының тізбесі кеңеюде. Бұл өз кезегінде бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасауды талап етеді», – деді.