Өнертапқыш Марат Аюбаев: Жаңалықтарымның шаң басып жатқанына 20 жыл

Өнертапқыш Марат Аюбаев: Жаңалықтарымның шаң басып жатқанына 20 жыл

Қазіргі  таңда еліміздің ғылым-білім саласында түрлі жаңалықтар ашылумен қоса, өндіріс пен тұрмысқа аса қажетті жаңалықтар ашқан  өнертапқыштардың да қатары артып келеді. Өкінішке қарай, осынау игі істердің қолдаушысы жоқ. «Пәлен түрлі жаңалық ашылды» дегенді ақпараттан көреміз де, «өндіріске енгізіле бастады» дегенді естімейтініміз тағы бар. Сондай өнертапқыштардың бірі Тараз қаласының тұрғыны Марат Аюбаев ағамыз.  «Қазақстан-Zaman» газеті осыдан 6-7 жыл бұрын  Марат ағаның жаңалығы туралы ақжолтай жаңалықты оқырманға жеткізген болатын. Арада біраз уақыт өткенде елордаға келген өнертапқышпен тағы да жолығып, әңгімелесудің сәті түсті.

25 түрлі жаңалық аштым 

– Қазірге дейін алған патенттеріңіз туралы айтып берсеңіз...

– Қазірге дейін өзім және немерем екеуіміз бірлесе отырып, ғылымның әр саласына қатысты 25 түрлі жаңалық аштық. Әрі осының барлығына патент алдық. Осы 25 түрлі жаңалықтың ішінде 7 түрі адамзаттың тілсіз жауы өртке қарсы бағытталған. Мен материалдарды ақтарып отырсам, 2010 жылы Қазақстанның сол кездегі премьер-министрі Кәрім Мәсімов: «Қазақстанда өртке қатысты техникаларды жетілдіру керек», – деген екен. Арада біраз уақыт өткенде Ресейден өрт сөндіру машиналарын сатып алды. Біреуінің құны 180 миллион теңге. Оны Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларындағы өрт сөндіру пункттеріне пайдалануға берді. Менің қолымда сол машиналардың сипаттамалары бар. Онда бұл машинадағы құрылғы суды 165˚С-қа дейін көтере алатындығы жазылған екен. Су қазандығы машинаның ішінде орнатылған. Сол қайнаған сумен өртті сөндіреді екен, бір рет толтырылған су 30 минут пайдалануға жетеді делініпті.

Өрт тілсіз жау. Өзім бұл саланың маманы болмасам да осы апатты ауыздықтау үшін немерем екеуіміз «Көпсалалы Аюбаевтар өрт сөндіру машинасын» ойлап таптық. Қазір жер жүзінде қолданыста жүрген өрт сөндіруші машиналар, ары кетсе, жарты сағат сайын сумен толтырып отыруды қажет етеді. Ал біздің жасаған машинамыз бір рет толтырылған сумен 20 сағатқа дейін тоқтамай жұмыс істей береді. Ол химияның, физиканың, биологияның заңдарына негізделген. Физиканың заңында «1 көлем судан 5000 көлем бу алуға болады» деп жазылған. Біз осы заңдылықты негізге ала отырып, 7 түрлі тәсілмен жұмыс істей алатындай етіп жасап шығардық. 2014 жылы бұл құрылғыларды сынақтан сәтті өткіздік. Бұл сынаққа өрт сөндіруші мамандар, төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері, Алматыдағы «Азаматтық қорғаныс және өрт қауіпсіздігінің арнайы ғылыми-зерттеу институтының» қызметкерлері бар, әр саланың мамандар келіп қатысып, жоғары бағаларын беріп: «бұл машина өте қолайлы әрі икемді, мұны әлі де жетілдіріп жасап шығару керек» – деген қорытынды шығарды. Осыдан кейін «Шапағат-2015» атты Республикалық байқауға қатысып, бас жүлдені жеңіп алдық. Бізге берілген құжаттарға үш министр қол  қойып, мөрлерін басты.

– Енді сол машинаңызды өндіріске енгізу жағы қалай болды?

– Осы машинаны жасап шығару, қолданысқа енгізу үшін талай жылдан бері бармаған жерім, қақпаған есігім қалмады. Оңтүстіктегі «Ленгер машина жасау зауытының» адамдары: «Қаржылық жақтан қолдаушылар болса, бұл машинаны жасап шығаруға қызығушылық танытып отырмыз», – деп хат жазды. Алайда қалалық, облыстық әкімшілік тарапынан ешқандай қызығушылық болған жоқ. «Республикалық конструкциялық бюро» деген бар. Соның адамдары да менің бұл жобамды жан-жақты зерттеп, жалпы конструкциялық жобасын жасап, сызып беруге келісім берді. Алайда оған да ешқандай қаражат табылмады. Бұл машинаның жағдайы осылай болды. 

Біз бұдан кейін осы тәсілдерді қолдана отырып, өрт сөндіруші тік ұшақтың жобасын жасап шықтық. Бұл тік ұшақта бір реткі құйылған сумен 20 сағат бойы тоқтаусыз жұмыс істей алатын қуаты бар.

Өрт сөндіруге қатысты 7 жаңалық

– Өрт сөндіруге қатысты 7 жаңалығым бар дедіңіз, солар туралы да айта отырсаңыз?

– Елімізде оқыс оқиғалар жиі болып тұрады. Мәселен Алматы, Шымкент базарларында өрт болып, кәсіпкерлер орасан шығынға батты. Мен осы мәселелерді көзде ұстай отырып, сауда орындарында, автотұрақтарда өрттің алдын алатын, өртті болғызбайтын жаңалықтарды ойлап таптым. Бұл әдістерді жүзеге асыратын болсақ, әлем алдында абыройымыз асқақтап, адамзатқа пайдамыз тиер еді ғой. Өздеріңіз білесіздер, Меркіде жанармай стансасында өрт болғанда тіпті адам шығыны болды. Мексикадағы, Украинадағы жанармай қоймаларындағы алапат өрттерден де талай адам қайтыс болып кетті. Соларды көргеннен кейін көп ізденіс жасадым. Мен осы барыста өрт қауіпсіздігіне қатысты белгілемелер мен талаптарды зерттей келе, біздің өрт қауіпсіздігіне қатысты заңдарымызды өзгерту керек екен деген ойға келдім. Біздегі белгілемелер бойынша «жанармай стансасының шатыры, апат болған кезде тез атылып кететіндей болып жасаулы керек» екен. Яғни жарылыс бола қалса оңай ашылып, ажырап кетуі керек дегені ғой. Ғаламтордан жанармай қоймаларында өрт немесе жарылыс болған кезде, қоймалардың шатыры 30-40 метрдей биіктікке атылып кететіндігін көрдім. Бұл әжептәуір салмағы бар дүниелер ғой. Ол қайтадан түскен кезде жан-жағын қиратып, түсетіні анық. Май сақталған цистерна бакті де тесіп кіру қаупі бар дегендей... Ол өртті одан ары ұлғайтып, шығынды молайтуға соқтыратыны белгілі. Міне, бұл жерде заңның дұрыс еместігін аңғаруға болады. 

Мен жылу энергиясы саласында 45 жыл жұмыс істедім. Ол жерлерде де жылу және бу қазандықтарында жарылыс болып тұрады. Олар да газ, мазут жағады. Сол қазандықтарда аморофкасы бұзылып қалмауы үшін қазандықтың үстіне клапан қойылады. Жарылыс болған кезде клапан ашылады да, іште пайда болған қысымды сыртқа шығарады. Біз жанармай қоймасына да осы тәжірибені қолдансақ, жарылыстың зардабын азайтуға болады деп есептедік. Яғни жанармай құйылған цистернаға аздап өзгерістер енгізу керек. Сонымен қоса қауіпсіздік шараларына қатысты белгілемелерді де өзгерту керек. Енді өртті сөндіру тәсіліне көшейік. Қазіргі тәжірибе бойынша өрт сөндіруге көбік қолданылады. Химияда отқа жанбайтын әрі жануды болдырмайтын биогаздар бар. Бұлардың түрлері көп. Кейбір биогаздар ауадан ауыр болады. Мысалы көмірқышқыл газы ауадан 1,5 есе, аргон 2 есе, криптон 3 есе, ксенон 5 есе ауыр. Осындай ауыр газдарды пайдалану арқылы өртті болдырмаудың тәсілін жасадық. Жанармай қоймасының үстіне баратын труба арқылы осындай инертті газды жіберу керек. Өрт болған кезде датчик клапанды ашуға бұйрық береді. Клапан ашылғаннан кейін инертті газ ішке енеді. Сол арқылы жанармайдың жануына жәрдем беретін оттегін жоғары қарай ығыстырып, ауыр газ жанармайдың бетіне жиналады. Мұнда неғұрлым ауыр газды қолдансақ, өнімі сонша тез әрі жақсы болады. 

– Өртеніп жатқан кезде де оттегінен жылдам ажырата ала ма?

– Иә, оттегін жоғарыға ығыстырып жібергенде жану тоқтайды. Ары кетсе 2-3 минут. Мен сынақ жасаған кезде жарты минутта сөнген еді. Бұл әдісті қолданар болсақ, жанармай сақтайтын қоймаларда өрт болған кезде шығын болмайды. Өзінен-өзі өшеді. Алғашқы сәтте ары кетсе 5-10  литр шығын болуы мүмкін. Жанармайдың сапасы да өзгермейді. Мұнда жанармай сақтайтын ыдыстың ішіне сұйықтықты жібермей тұрып, сол көлемге жететіндей мөлшерде ауыр газды жіберіп алып, сонан соң жанармайды құйсақ, ауыр газ майдың бетінде қалқып жүреді де оттегінен ауашалап тұрады. Сосын өрт болған кезде жаңағы тәсілмен тағы да жіберуге болады. 

Бұл системаны 2019 жылы сынақтан өткіздік. Қатысты тараулардың мамандары келіп куә болды. Әртүрлі газдарды қолданып көрсеттік. Мамандардың барлығы жақсы бағасын берді. Тараздағы М.Дулати атындағы университеттің мұнай-газ, механика факультетіне барып, басшысына жолығып ашқан жаңалығым туралы баяндап бердім. «Осындағы ғалымдарды жинаңыз, мен жаңалығымды айтайын, олар бағасын берсін», – дедім. Ол жердегі ғалымдар да жақсы бағасын берді. «Өнертапқыш Марат Аюбаевтың өнер табысына оң баға берілсін! Марат Аюбаевтың идеяларын оқу үрдісіне пайдалану жағы қарастырылсын», – деген шешім шығарылды. 

 

Баукең айтқан «Маубас, Таубас, Жаубастар» көп кедергі келтірді

– Енді осы жаңалықтарыңыздың өндіріске пайдалану жағы, мемлекет тарапынан қолдау жағы  қалай болып жатыр?

– Бұл жағын қарастырамын деп ашпаған есігім, бармаған басшым қалмады десем болады. Кейбіреуіне 20 жылға таяды. 2014 жылы ашқан жанармай қоймасындағы өртті сөндіру туралы жаңалығым жайында толығымен баяндап, министрліктерге хат жазғамын. (қағаздарын көрсетті) Былтырғы бір хатыма, Төтенше жағдайлар министрі Юри Илин: «Инертті газдарды пайдалана отырып өрт сөндіру халықаралық тәжірибеде қолданылмаған нәрсе. (сол үшін патент алып отырмын ғой) Сондықтан біз әлемдік тәжірибеде қолданылып отырған көбік арқылы өрт сөндіру тәсілін пайдалана береміз», деп жауап берді. Жанармай қоймасындағы өртті көбікпен сөндіргеннің өзінде аман қалған майдың сапасы мүлде бұзылатындығы, оны өңдеу үшін де қыруар шығын кететіндігін ұмытпаңыз.

ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі М.Күлдіков: «Инновациялық идеяларды, технологияларды енгізу және ілгерлету рәсімі Министрліктің құзыретіне кірмейді», – деп жауап берді. Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті берген жауабында: «Бу энергиясы мен ашық жердегі өртті ірі  даму үстіндегі өртті сөндіруге қолдану мүлдем тиімсіз. Бумен өшіру тәсілі адамдардың денсаулығы мен өміріне, әсіресе өрт сөндірушілерге қауіп төндіру деңгейі өте жоғары», – дейді. Бұл жауапты жазған кісілер менің тәжірибем туралы мамандардың бағасын мүлде қарамаған да, білмеген. Сондай-ақ «Электр энергиясын  көп тұтынады» депті. Менің ойлап тапқан машинама қалыпты температураны сақтап отыру және көтеру үшін бар-жоғы бір лампаны жарықтандыруға кететін энергия шығын болады. Сонда бұлар қандай адамдар? Пайдалы ұсыныстарды кәдеге асырмасақ, өртті қалай сөндіріп, шығынды қалай азайтамыз? Бұндай тәжірибелерді енгізуге болмайды деген үкімді кім шығарған?

Осы арада бір әңгіме айта кетейін. Бауыржан Момышұлы менің туған нағашым болады (менің анам Баукеннің әпкесі). Осыдан 45 жыл бұрын Баукең біздің үйге келіп, 1 аптадай жатты. Менің жасым 30-да еді. Нағашым менің түрлі жазу-сызуға пайдаланып жүрген қағаздарымды көріп қалыпты. Бір күні жұмысқа кетіп бара жатыр едім, «Ей, Марат! Бері кел!» деді төсекте жатып. «Көке, не болды?» дедім қасына барып. Бетіме тесіліп қарап жатты да, «Сен болашақта  анау істеріңді алға жылжыту үшін 3 түрлі кедергіге жолығасың. Сол кедергілерді жеңіп шықпасаң сенің ісің алға жылжымайды. Бірінші кедергі – басында ноқаттай ми жоқ, қанша айтсаң да, қанша жазсаң да түк түсінбейтін, бірақ өзін данышпан санайтын  «Маубасқа» жолығасың. Екінші кедергі – жұмысты шала істейтін, ештеңені  шешпейтін, бірақ істеген адамға кедергі жасап, аяқтан шалатын «Жаубасқа» жолығасың. Үшінші кедергі – өзін биік санайтын, басқаларды елемейтін «Таубасқа» жолығасың. Осы үш кедергі алдыңнан шығады. Солардан қорықпай, жеңіп шығуға тырыс» деді. «Көке, сіздің айтқаныңыздан түк түсінбедім. Осылармен жолығу пешенеме жазылған болса, уақытында көрермін» дедім. Баукең бетіме қарап тұрды да «Ә,  жұмысыңа бара бер. Кейін ұғарсың»  деді. Баукеңнің айтқаны айнымай келді. Қазақстанда «маубас, таубас, жаубастар» көбейіп кетіпті...

 Мен қазірге дейін 25 түрлі жаңалық аштым. Олардың барлығын айтып, бастарыңды қатырмай-ақ қояйын. Бұлар өндіріске енгізілетін болса, мемлекетке миллиардтаған доллар табыс алып келетін дүниелер еді. Жалпы менің жасаған машинамды жасатпау, өндіріске енгізбеу үшін тапқан сылтаулардың ұзын-ырғасы осындай. 

      

– Ал осы жолы Төтенше жағдайлар  министрлігінің шақыртуымен келген екенсіз. Бірер жаңалық болатын сияқты ма?

– Менің Президенттің атына, депутаттардың атына жазып жатқан хаттарымның әсері болуы керек. Осы жолы Төтенше жағдайлар министрлігінен шақыртты. Мен өрт сөндіруге қатысты техникаларым мен әдістерімді толық баяндап бердім. Соңында, «сұрақтарыңыз болса қойыңыздар» дедім. Ешқандай сұрақ болған жоқ. Екі күннен кейін министр қайтадан шақыртты. Жанында біраз адамдар болды. Сосын маған: «Осыларды жасап, өндіріске енгізу үшін керекті қаражаттың мөлшерін есептеп шықсаңыз» деді. «Мен жасым келген адаммын. Оның үстіне бұл саланың маманы емеспін. Мұндай құжаттарды жасап шығу қиын болады. Осыған өздеріңіз көмектесеңіздер», – дедім. Олар ақылдаса келе Тараздағы Дулати атындағы университеттің адамдарына хат жазып, осы машинаның алғашқы данасын жасап шығаруға атсалысуын өтініп, тапсырыс берейік деді. Мен бұны дұрыс шешім деп есептеймін. Президентке жазған көп хаттарым енді ғана министрдің, ал оның жазған хаты облыстағы адамдардың назарын бұрып жатыр. Енді не жаңалық болатындығын алда көреміз...

– Барлық жаңалықтарыңыздың өндіріске енгізіліп, еліміздің ғылым-білім саласына үлес болып қосылуын тілеймін! Әңгімеңізге көп рахмет!

 

 

Сұхбаттасқан – Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
08.10.2021

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 229
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 226
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 728
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 851
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 764

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8921
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8314
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11541
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9298
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10526