ОҚУ БАҒДАРЛАМАСЫН ЖЕТІЛДІРУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

ОҚУ БАҒДАРЛАМАСЫН ЖЕТІЛДІРУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Бүгінгі таңда мектептегі оқу бағдарламаларын жетілдіру – заман талабы. Себебі ғаламда технологиялық жаңалықтар сағат сайын жаңаруда. Яғни білім беру сапасы да өзгерісті қажет етпек. Сондықтан оқушыларды жаңа сипаттағы білім нәрімен сусындату алдыңғы орынға шығып отыр. «Уикипедияда»  мынадай мәлімет бар:  Оқу бағдарламасы – оқу пәнінен берілетін білім мен игерілетін дағдылардың мазмұны мен көлемін және оқу жылындағы орнын белгілейтін құжат. Оқу бағдарламасының түсінік хатында оқу пәнін оқытудың мақсаты, бағдарламаның құрылымы, оқу материалының жүйесі, оқытудың әдістері мен ұйымдастыру формаларының ерекшеліктері көрсетіледі, сыныптағы және сыныптан тыс оқыту жұмыстарының басқа пәндермен байланыстылығы анықталады. Оқу бағдарламасы мына қағидалар негізінде жасалады: жас ұрпақтар үшін бағдарлама мазмұнының тәрбиелік мәні болуы, оқыту мазмұнының ғылыми тұрғыда келуі, оқу материалының оқушылардың жас ерекшеліктеріне және білім дәрежесіне сай жасалуы, оқылатын объективті дүние құбылыстары мен оқу пәндерінің арасындағы табиғи жалғастықты бейнелейтін өзара байланыс ескеріледі.

Демек, оқу бағдарламасы деген – мұғалімнің белгілі бір пәнді оқытудың әдістемесін, ғылыми маңыздылығы мен рухани бағыт-бағдарын, теориялық құндылығын анықтап, белгілейтін басты құжаты. Бағдарламада оқу жылына сәйкес оқу материалдарының құрылымы көрсетіледі. Оқу үдерісінің тиімділігі мен табыстылығы білім алушылардың оқу бағдарламасын толық та жемісті меңгеруімен айқындалады. Авторлық оқу бағдарламаларын білім алушылардың таңдауы бойынша міндетті пәндерді оқыту барысында да, қосымша факультативтік курстарды оқыту үдерісінде кеңінен қолдануға болады. Авторлық оқу бағдарламасы екі түрлі әдіспен жасалынады. Біріншісінде концентрлік әдісте – оқу материалдарының мазмұны білім алушының жас ерекшелігі мен білім деңгейіне сәйкес әртүрлі сатыда алуан түрлі көлемде беріледі. Концентрлік жүйенің өзіндік кемшілігі бір материалды толық меңгерту үшін білім алушыларға бір материалдың өзін бірнеше кезеңге бөліп, қайталап оқытуды қажет етеді. Мысалы, қазақ тілінің фонетика саласын алсақ, бірінші сыныпта мектепте тек дыбыстардың дауысты және дауыссыз екендігін оқытса, кейінгі кезеңдерде дыбыстардың неге дауысты, дауыссыз болып бөлінетіндігін, содан кейін олардың дыбыстық классификациясын (өзара жіктелуін) меңгертеді.

ХХІ ғасыр басында әлемдегі озық тәжірибелер қазақстандық оқу жүйесіне енгізіле бастады. Қазіргі таңда орта және жоғары мектептер Блум таксономиясы бойынша оқытылып, PISA (Programme for International Student Assessment), TIMSS сияқты оқушылардың функционалдық сауаттылығын тексеру мен бағалаудың халықаралық бағдарламасына енді. Бұлар оқушылар қабілетін тексеру мен бағалаудың әлемдегі озық бағдарламасы ретінде танымал. Осы бағдарламалар бойынша мектеп мұғалімдері соңғы жылдары деңгейлеп оқыту, жаңартылған білім мазмұнын игеру үшін біршама семинарларға қатысып, білімдерін жетілдірді, біліктіліктерін арттырғанына үстеме еңбекақы алуда. Жаңа бағдарламаны оқу жүйесіне енгізу оңай шаруа емес екені тарихтан белгілі. Ол көп ізденуді, ыждағаттылықты, білімді қажет етеді.

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор Гүлжаһан Орда ханымның https://anatili.kazgazeta.kz/news/54971 сайтына берген пікіріне назар салайық: Қазақстанның болашағы бастауыш,  орта және жоғары мектепте қаланатын болғандықтан, қазіргі таңда мектеп оқулықтарындағы олқылықтар қоғамның ең өзекті мәселесі. Мектеп оқулықтарын жазу үшін бірінші кезекте оның бағдарламасы жасалады. Ал бағдарламаны кімдер жасағаны жөнінде ақпарат жоқ. Себебі бағдарлама ұжымдық еңбек болғандықтан, онда оқулықтағыдай авторлар көрсетілмейді. Сонда кемшілікті оқулықтан емес, бағдарламадан іздеу керектігін ұмыт қалдырамыз. Жаңартылған білім беру бағдарламасының мақсаты – «азамат ретінде өз көзқарастарын қалыптастыруда және мінез ерекшеліктері мен құндылықтарын, жеке дағдыларын дамытуда, адамзатқа ортақ сұрақтарды зерттеуде әдебиеттің маңыздылығын айқындай білуді және түсінуді үйрету. Пән мазмұнында әдебиеттің тарихпен, мәдениетпен, қоғаммен, тәрбиемен сабақтастықта меңгертілуі оқушының дүниетанымын, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға оң ықпал етеді» деп көрсетілген. Бағдарламаның мақсаты айқын болғанымен, тілі жұтаң, сөйлемдер шұбалаңқы. Тәжірибе барысында нәтижеге қол жеткізу оңай болмай тұр. Сондықтан аталған бағдарламаға айтылар сын жетерлік. Ендеше, аталған бағдарламаның жетістігі мен кемшілігіне үңіліп көрелік: Біріншіден, бағдарламада оқушылардың шығармашылық жұмыспен айналысуына мол мүмкіндік қарастырылған. Өткен жылы «Балдәурен-Қапшағай» республикалық оқу-сауықтыру орталығында Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған республикалық семинар өтті. Семинарға оқулық авторлары, сарапшылар мен мұғалімдер қатысты. Мұғалімдердің баяндамаларын тыңдау, шеберлік сыныптарын көру барысында көп нәрсені түйдік. Жаңа бағдарламаның негізгі мақсатын толыққанды түсінген мұғалімдер керемет жетістіктерге жетіп, оқушылардың шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік жасалғанын баса айтса, екінші топтағылар оқу жүйесіне еніп кеткен жаңартылған бағдарламаның қандай мақсатқа негізделіп жасалғанынан бейхабар болып шықты. Екіншіден, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар алдыңғы кезекке шықты. Сол арқылы ғасырлар бойы қалыптасқан көшпенділер өркениетін оқытуға бет бұрдық. Кеңестік дәуірде тарихымызды Қазан төңкерісінен бастағанымыз есте, ал бұл бағдарлама сан ғасырлық тарихымызды түгендеуге мүмкіндік берді. Үшіншіден, саннан сапаға көшу негізге алынды. Оқулықтың бағдарламасын жасаушылар көптеген ақын-жазушылардың шығармашылығын қамтуды қажет деп таппай, әр дәуірдің көрнекті өкілдері арқылы ұлттық әдебиеттің тұтас тарихын сақтап қалуды көздеді. Төртіншіден, пәнаралық байланысқа арнайы көңіл бөлініп, тапсырмалар берілді. Бұл үрдіс ХХ ғасыр басында Алаш арыстары шығарған мектеп оқулықтарында да бар болатын. Оған жас ұрпақты жаңаша тәрбиелеу, жаңаша білім беру мақсатында жазылған А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Х.Досмұхамедов, Е.Омаров, Н.Төреқұлов, М.Дулатов, С.Қожанов, Ә.Ермеков, Ф.Ғалымжанов, Б.Сәрсенов, И.Тұрғанбаев, Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шонанов т.б. оқу құралдарынан мысалдар келтіруге болады. Бесіншіден, Блум таксономиясы бойынша қарапайымнан күрделіге қарап оқыту көзделген. «Қазақ әдебиеті» пәндік білімнің мазмұны түсіну және жауап беру, анализ және интерпретация, бағалау және салыстырмалы анализ, дағдыларды қалыптастыратын бөлімшелерден тұрады».

 Бұл айтылғандар жаңартылған білім беру бағдарламасының жетістіктері ретінде танылмақ. Осы айтылған мәселелердің жүзеге асуы қалай, білім жүйесінде неден ұттық, неден ұтылдық деген сауалға үңілетін болсақ, ұтқанымыздан ұтылғанымыз көп болып тұр... Біріншіден, пәннің мақсатында көрсетілген қарапайымнан күрделіге қарай оқыту бағдарламада сақталмаған. Халық ауыз әдебиеті тұрмыс-салт жырлары сияқты шағын жанрдан басталып, эпосқа қарай оқытылу керек еді. 5-сыныпта «Қобыланды батыр» жырын, 7-сыныпта Орхон-Енисей ескерткіштерін оқыту балалардың жас ерекшелігін ескермегендікті байқатады. Сол сияқты орта сыныпта поэма, роман оқыған оқушылар жоғары сыныпқа барғанда шағын өлең мен әңгіме оқиды (7-сыныпта М.Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасын, 9-сыныпта І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын оқыған бала 10-сыныпта Ұ.Есдәулетовтің «Біз түркілерміз», 11-сыныпта С.Сейфуллиннің «Сыр сандық», Қ.Аманжоловтың  «Өзім туралы»,  Т.Молдағалиевтің «Бауырлар» өлеңін оқумен шектеледі. 8-сыныпта М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы оқытылса, 10-сыныпта Ш.Мұртазаның «Тәуекел той» әңгімесі оқытылады). 11-сыныптың 2-тоқсанында С.Елубайдың «Жалған дүние» романы мен Қ.Аманжоловтың «Өзім туралы» өлеңі оқытылады. Жоғары сынып оқушысының тоқсан бойы бір роман, бір өлең оқуы тым аз екені ескерілмеген. Екіншіден, бұған дейін қалыптасқан оқу жүйесінен бас тартамыз, жаңашылдыққа ден қоямыз деп, әдебиеттің аясын тарылтып алдық. Бағдарламада саннан сапаға көшуді үйлестіре алмадық... 

Сөз түйініне қосарымыз,  келешек жақсы мамандарды жоғары сыныптан мектептен бейімдеп оқыту қажеттігі туындауда. Ол үшін қазіргі бар пәндерге арасында артық тақырыптарды қысқартып, маман даярлауға қажетті тақырыптарды оқу бағдарламасына ендіру – заман талабы. Жұмыс істеп тұрған компанияларды және жаңадан ашылатын компанияларға қандай маман керек, оларды қандай пәнге жатқызып оқытамыз, осыларды саралап, қандай тақырыптарды мектеп бағдарламасына қосу керектігін айқындау да үлкен жұмыс.  

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК
04.05.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЗАҒИП ОҚУШЫЛАР АРАСЫНДА ҰЛТАРАЛЫҚ ЖАРЫС ӨТТІ
Гүлзада Қырықбаева, Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының әдіскері - 25.04.2024 17
«Ордабасы» президенті маңызды мәлімдеме жасады
«Ордабасы» футбол клубының президенті Абдубаитов Бауыржан Тойшыбекұлы - 25.04.2024 16
ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРДА ШІРКЕЙГЕ ҚАРСЫ ДӘРІЛЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 25.04.2024 24
КЕНТАУДА ҚОҚЫС ЖИНАУ БОЙЫНША  «ПЛОГГИНГ» МАРАФОНЫ ӨТТІ
Түркістан облысының әкімінің баспасөз қызметі - 25.04.2024 32

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1004
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7053
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10899
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7122
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7264