Zakon.kz: «18-і сәуірде Қазақстандағы 1 447 мектеп (барлық мектептердің 25%) оқушылардың оқу жетістіктерін бақылауды бастады (МОД). Оған 4 және 9-сыныптардың 112 мыңнан астам оқушысы қатысады», – деп хабарлайды. Мониторингтің 29-ы сәуірге дейін жалғасатынын нақтылаған Білім министрінің бірінші вице-министрі Шолпан Қаринова: «Мектептерді іріктеу кездейсоқ таңдау әдісімен жүргізілді. Бұл мектеп оқушыларының білім сапасына қатысты қазақстандық ішкі зерттеу. Білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингісі биыл мектептерде алғаш рет өткізіліп отыр. Айта кету керек, әр мектеп базасында математика, жаратылыстану және оқу сауаттылығы бағыттары бойынша мониторинг жүргізіледі. Мониторинг нәтижелері бойынша білім беру ұйымдары балалардың қиындықтарын, бастан өткерген жекелеген тақырыптар мен материалдарды талдай отырып, мазмұнды талқылаулар өткізеді. Бастауыш және негізгі орта білім беру ұйымдарында білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингінің түпкі нәтижесі – білім сапасын арттыру үшін әр аймақ пен белгілі бір мектеп жағдайында кешенді талдау мен әдістемелік ұсыныстар әзірлеу», – деп мәлімдеді.