Министрліктің аппарат кеңесі жиынында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Біз балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектептерге арнаулы күзет қоюды тапсырдық. Елорданың №58 мектебінде болған жайт мәселенің толық шешілмегенін көрсетіп отыр. Сол себепті қарашаның екінші жартысында ел бойынша қосымша тексеріс жүргізіледі. Мектеп қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жеткілікті уақыт берілді, шешім бар, қаржы бөлінді. Мәселені шешуге толық мүмкіндік бар. Қайталап айтамын, ең бастысы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет», — деп, таяуда Елорданың №58 мектебінде ата-аналардың ресми түрде бас тартуына қарамастан балаларға жасырын екпе салып жатыр деген оқиғаға қатысты жағдайды түсіндірді. «Қауіпсіздік алгоримті, шешімдер, техника, бейнебақылау камерасы бәрі де балалардың қауіпсіздігі жолында жұмыс істеуі керек. Бұл жайтты қауіпсіздікке тексеру болды десек болады. Ал егер мүлдем басқа адамдар болса не болар еді? Ол аздай оқиға болғаннан кейін араға бірнеше күн салып айтыла бастады. Мектеп басшылығы болған жағдайға жедел әрекет етпеуімен қатар, оны жасырып қалмақ болған», — деді ведомство басшысы.