Соның бір дәлелі – Орал қаласы әкімінің кубогы үшін мектеп оқушылары арасында өткен дебат ойыны.
Жалпы бүгінде оралдық 50 мектеп пен екі қосымша білім беру ұйымында дебат клубтары жұмыс жасайды. Белсенді оқушылар клуб мүшелігіне қабылданып, спикерлері түрлі турнирлерде ұтымды ой-пікірлері мен идеялар ұсынып, көзге түсіп келеді. Нәтиже де жоғары –облыстық, республикалық дебат ойындарына қатысу арқылы деңгейлерін көтеріп, жүлделі орындарды, үздіктер номинациясын иеленуде.
Мұндай мәліметті Орал қалалық білім беру бөлімінің баспасөз қызметі ұсынды. Әкім кубогы сарапқа салынғанаталмыш турнирге мектептер мен Оқушылар сарайы атынан барлығы 10 фракция қатысты. Дебаттың ашылу салтанатында сөз алған қала әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов турнирдің маңыздылығын атап өтіп, қозғалысты дамытатын жас жеткіншектерге сенім білдірді.
Турнирдің ашылу салтанатында дебаттық қозғалыстың үздік спикерлері ашық алаңда еркін форматтағы ұшқыр ойларын ортаға салды. Сондай-ақ Оқушылар сарайындағыдебат қозғалысының жұмысы таныстырылды.
Әкім кубогы үшін өткен турнир америкалық парламенттік форматта өтті. Қатысушы фракциялар «Бұл палата «Қазақстан халқына» қорына жиналған қаржыны пайдаланудың тиімді механизмін ұсынады», «Бұл палата ҚР азаматтығын алу талаптарын күшейту керек деп есептейді», «Бұл палата Әлем елдері арасындағы Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға әкелер басты зиянын көрсетеді», «Бұл палата Бірінші экономика сосын саясат деп есептейді», «Бұл палата БҚО дебатын дамытудың тиімді механизмін ұсынады», «Бұл палата пікірсайысшы оқушыларды қолдауға арналған жаңа бағдарлама ұсынады», «Бұл палата қазіргі қоғамда «Ұлттық құндылық» жойылып бара жатыр деп есептейді» қарарлары бойынша дискуссия жасап, өз ұстанымдарын нақты аргументтер арқылы жеткізе алды.
Турнир нәтижесінде №41 мектеп-лиицейдің «Аралас» фракциясы «Әкім кубогын» жеңіп алды. №42 «Ақ ниет» гимназиясының «Ақниет» фракциясы – екінші, Оқушылар сарайының «Оқушылар сарайы» фракциясы – үшінші орынды иеленді. Турнирдегі жақсы ойыны үшін №49 мектептің «Дарабоз» фракциясына «Үздік талпыныс» аталымы берілді.