Тағы бір оқу жылы өз мәресіне жетіп, ұстаздар мен оқушылар жылды қорытындылар уақыт та жетті. Биыл оқу жылын Орал қаласының білім беру ұйымдары үлкен жетістіктермен тәмамдады.
Оқу жылының соңында және «Балалар жылына» орай Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов дарынды оқушылармен кездесті. Қалалық білім беру бөлімінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, шаһар басшысы талапты шәкірттер мен жетекші ұстаздарын оқу жылы аясындағыжетістіктерімен құттықтап, алғыс хаттар мен сертификаттартабыстады.
Биылғы оқу жылын қалалық білім беру ұйымдары табысты аяқтауда. Оқу жылы аясында ұйымдастырылатын барлық байқаулардың ішінде бәсі биік білім додасы – жалпы білім беретін пәндер бойынша өтетін олимпиаданың облыстық кезеңінің қорытындысында Орал қаласының командасы жүлделі бірінші орынды иеленсе, республикалық қортынды кезеңге қатысқан 27 оқушының 12-сі жүлдегер атанды. Олардың біреуі – алтын, төртеуі – күміс, жетеуі – қола жүлден иеленді. Мұндай мәліметті қалалық білім беру бөлімінің баспасөз қызметі ұсынды.
Қала басшысымен кездесуге олимпиаданың төрт кезеңдік сынынан сүрінбей өткен жүйріктер мен оларды табысқа жетелеген ұстаздары қатысты. Қала әкімі Миржан Мұнайдарұлы: – Оқушыларымыздың республикалық деңгейде жетістікке жеткені бәрімізді қуантады. Осы деңгейге жету үшін сіздер тынбай ізденіп, табандылық таныттыңыздар. Бұл жетістік – сіздердің адал еңбектеріңіздің нәтижесі. Осы жолда сіздерге бағыт-бағдар берген ұстаздарыңызға, әр кез қолдау танытып бар жағдайды жасаған ата-аналарыңызға алғыс айтамыз. Қала мектептеріндегі білім беру үрдісі дұрыс жолға қойылған. Осы бағытта жұмысымызды жалғастырып, балаларымыздың биік белестерден көріне беретініне сенемін, – деді.
Өз кезегінде жас дарындар шығармашылық байқаулардағы жетістіктері, зерттеушілік жұмыстарға қызығушылықтары туралы ой бөлісті. Болашақта еліміздің бәсекеге қабілетті жастарының қатарын толықтырып, адал қызмет ететіндерін жеткізді.
Оралдағы алдыңғы қатарлы білім ордаларының бірі – Әлия Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы, биылғы республикалық пәндік олимпиаданың қола жүлдегері Ақжарқын Тілекқалиева тәуелсіздіктің баянды болуы, мемлекеттік тіліміздің тұғырының биік болуы – жастардың қолында екеніне сенім білдірді. – Әрбір зияткер жас Отанын сүйіп, тәуелсіз еліміздің одан әрі дамуына үлес қосу керек, соның ішінде мен де бармын. Мен жастардың білімді, ұстанымдары жоғары, жаңа жағдайларға тез бейімделетін, адамгершілігі мол тұлға болуын қалаймын. Жастар бәсекеге қабілетті,әділетті болса, бұл – аға ұрпаққа және мемлекетке, елге деген адалдық. Біз ықылым заманнан келе жатқан «Білекті – бірді, білімді мыңды жығады» деген аталы сөзді ұстана отырып, білім-ғылым саласында талмай қызмет жасаймыз, – деді дарынды жас. Сонымен қатар «Балалар жылында» үздік оқушыларға көңіл бөлгені үшін қала әкімі Миржан Мұнайдарұлына дарынды шәкірттер атынан алғысын жеткізді.
Ал ұстаздар атынан сөз алған Жеңіс Хамзин, Татьяна Никифорова пәндік олимпиаданың әр кезеңі «бір қатысушы – бір компьютер – бір камера» қағидасымен жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, нәтижесінде ең дарынды, талапты ұландар озып, қала мерейін, облыс намысын абыроймен алып шыққанын атап өтті.