Оралдағы №44 «Мерей» бөбекжайында «Өрлеу желілік қауымдастығы» арасындағы кезекті қалалық семинар өтті.
«Тиімді әдіс-тәсілдер — сапалы ұйымдастырылған іс-әрекет кепілі» тақырыбындағы семинар жұмысына аталмыш қауымдастық аясындағы бөбекжайлардың пән мұғалімдері қатысты.
Семинарды ашқан бөбекжай меңгерушісі Нұрсұлу Ниярова оқытушылардың біліктілігін көтеріп, білімін шыңдауда, заманауи технологияларды қолданудың қыры мен сырын меңгеруде осындай басқосулардың пайдасы зор екенін атап өтіп, ұстаздарға сәттілік тіледі.
Алдымен сазды сәлемдемемен, «Сәлемдесу» тренингімен басталған шара бөбекжай мұғалімдерінің ұйымдастырылған оқу қызметтерімен жалғасты.
Музыка жетекшілері Бибінұр Кенжеғалиева «Табиғат және музыка», Эльмира Темірова «Қазақтың ұлттық музыка аспаптары» тақырыптарында «Айналайын», «Балдырған» мектепалды тобының бүлдіршіндерімен ұйымдастырылған оқу қызметін өткізіп, музыка пәнін меңгертудің тың әдістерімен бөліссе, дене шынықтыру нұсқаушысы, жас маман Ерсұлтан Мақсотов «Дені саудың жаны сау» тақырыбында оқу іс-әрекетін өткізді. Қазақ тілі пәнін бөбекжайдан меңгерту ағымдағы жылдан бастап жүзеге асқан болатын. Осы орайда бөбекжайдың қазақ тілі пәні мұғалімдері Қаламқас Джумагазиева мен Кәусар Байғалиева өткізген «Қазақ тілінен ұйымдастырылған іс-әрекетінде балалардың ойлау қабілеті мен сөйлеу тілін дамыту» атты педагогикалық шеберлік сыныбы әріптестерінің көңілінен шықты.
Баланың тілін дамытуда ұстаздар қолданған түрлі әдіс-тәсілдер, дидактикалық ойындарға қауымдастық мүшелері қызығушылық танытып, өзара тәжірибе алмасты. Ал компьютерлік сауаттылыққа үйрету мұғалімі Айгүл Алигазиева «Stem ғажайыптары» тақырыбында жас техниктердің шығармашылық жұмыстарын көрсетіп, әріптестерін тың жаңалықтармен танқалдырды. Өз кезегінде бөбекжай психологы Бибінұр Есенова мен әдіскер Жеміс Хайырова қатысушылармен «Менің жан дүниемнің гүл бағы» психологиялық тренингін өткізіп, әдемі гүл шоқтарын ұсынды. Семинар барысында белсенділік танытып, қызыға тыңдаған қатысушылар жылы лебіздерін білдіріп, ризашылықпен тарқасты.