Оралдық жастардың инновациялық жобалары

Оралдық   жастардың   инновациялық   жобалары

«Идея – болашақтың кілті» деген қағиданы ұстанатын оралдық жастар Цифрландыру және жасанды интеллект жылы  аясында инновациялық жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытуда. 

Бүгінгі таңда елімізде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды әртүрлі қызмет салаларына енгізу мәселелеріне басымдық берілуде. Бүгінгі заман – жаңашылдық пен серпінді технологияның дәуірі. Осындай кезеңде жастар да тек білім алып қана қоймай, өз идеяларын нақты жобаға айналдыруда. Соның ішінде жасанды интеллектінің көмегімен инновациялық жоба дайындаған жерлесіміздің бірі – Ләззат Сүндетова. Ғылыми жетекшісі – ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент м.а. Мейрамгүл Мусина. «Бақты басқарудың автономды экожүйесі» деп аталатын бұл жоба ресурстарды тиімді пайдалануды оңтайландыру және өнімділікті көбейту арқылы бақтың тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл жүйе қолданысқа енгізілген жағдайда жеміс дақылдарының өнімділігін 35%-ға дейін арттыруға, сондай-ақ ауруға шалдыққан жемістердің санын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді деп жоспарлануда. 

– Жоба топырақ пен ауа ылғалдылығының датчиктері, жарықтандыру мен жел бағытын анықтайтын құралдар, инфрақызыл сәулесі бар камералар, агродрондар және арнайы мобильді қосымша секілді заманауи технологиялар кешенін пайдалануды қарастырады. Ал датчиктер әртүрлі тереңдікке орнатылып, белгілі бір уақыт аралығында деректерді жүйеге жіберіп отырады. Жүйе жасанды интеллект моделі арқылы ақпаратты талдайды. Мысалы, бақты суару қажеттілігі туралы шешім қабылдайды, – дейді жоба авторы Л.Сүндетова. 

Айтуынша, оның жобасында ағаштардың жай-күйіне айрықша назар аударылған. Дронда немесе жерүсті жүйелерінде орнатылған камералар бүршіктердің дамудың ерте кезеңіндегі жағдайын бақылайды. Жасанды интеллект 90%-ға дейінгі дәлдікпен әлеуетті өнімділікті анықтауға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде шаруаларға өнім көлемін болжауға, қажетті қаптаманы сатып алуға және логистиканы алдын ала жоспарлауға жағдай жасайды. Жоба авторларының болжамына сүйенсек, бұл қосымша шығындарды 25-30 пайызға дейін азайтатын болады. 

– Камерадағы суретте тірі бүршіктер қызыл түспен жарықтандырылып көрсетіледі, ал өлі бүршіктер қалыпты көріністе болады. Осы тәсілдің көмегімен ағаштың өнімділігін 90%-ға дейін дәлдікпен алдын ала есептеуге болады, бұл қолмен есептегеннен әлдеқайда тиімді. Кәсіп иесі дайын өнімді алғанға дейін оның мөлшері қаншаға шығатынын алдын ала біледі, сәйкесінше соған қарап ыдыс пен қаптаманы да қажетті мөлшерде сатып алып қояды, – деген жоба авторы аталған жүйе Батыс Қазақстан облысының күрт өзгеретін континенттік климатының ерекшеліктеріне бейімделіп жасалғанын мәлімдеді. Нақтылап айтқанда, жүйе ауа температурасы мен жел датчиктері арқылы қолайсыз ауа райына байланысты жедел әрекет етеді. Айталық, ауа температурасы 35 градустан жоғары көтерілген жағдайда өсімдіктерді салқындатып, оларда болатын «күйзелістің» алдын алатын тұмантүзгіштер автоматты түрде іске қосылады. Оған қоса агрономға мобильді қосымша арқылы хабарлама жіберіледі.

– Біздің өңірдің климаты бақтағы жемістердің өсуіне айтарлықтай әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан бұл жүйе анемометрлер мен пирометрлердің көмегімен жел бағытының өзгеруіне, ауа температурасына және шамадан тыс жауын-шашынға дер кезінде әрекет етеді, – дейді студент жас. Жоба авторының айтуынша, оның жобасын енгізу суға, тыңайтқыштарға және еңбек ресурстарына жұмсалатын шығындарды азайтып қана қоймай, ауылшаруашылығы өндірісінің болжамдылығы мен экономикалық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру құны шамамен 15 млн теңгені құраса, өтелу мерзімі 2-4 жыл деп бағаланады.

Осындай тағы бір  «ProjectZavod – виртуалды менеджер» атты инновациялық жоба бүгінде экономиканың нақты секторында қолданысқа енгізіліп үлгерді. Атап айтқанда, Орал қаласындағы кірпіш өндіретін зауыттағы менеджерлердің бірінің қызметін жасанды интеллектінің көмегімен дайындалған виртуалды менеджер атқарады. Жоба авторы – студент Елер Брманов. Ғылыми жетекшісі – аға оқытушы, техника ғылымдарының магистрі Лунара Диярова. Виртуалды көмекші тұтынушыларға кеңес беру, талдау және болжам жасау секілді кең ауқымды міндеттерді орындайды. Жоба авторы атап өткендей, жүйе біріктірілген интеллектуалды шешімдер негізінде жұмыс істейді, бұл оған тек сұраныстарға жауап беріп қана қоймай, сонымен қатар дәстүрлі емес шешімдерді де ұсынуға мүмкіндік береді.  

– Біз психологтар, маркетологтар, талдаушылар сияқты түрлі сала мамандарының жұмысына ұқсас функционалды енгіздік. Жүйе жағдайды талдаумен қатар ұсыныстар мен болжамдар жасай алады. Мысалы, жүйені пайдаланушы үйдің құрылысына қатысты сұрақ қойса, ол оңтайлы нұсқаларды, соның ішінде кәсіпорын өнімдерін де ұсынады, – дейді автор Е.Брманов.

Біздің екі кейіпкеріміз де – жоғары оқу орындарының студенттері. Яғни, олар елдің болашағын қалыптастыратын негізгі күшке ие. Талапты жастардың тың идеялары мен батыл бастамалары қоғам дамуына жаңа серпін берері сөзсіз. 

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

БҚО, Орал қаласы

 

23.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24567
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24227
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41680
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37572
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41950