Батыс Қазақстан өңірінің білім беру саласында ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, ұстаздық қызметін іскерлікпен ұштастырған ардагер-ұстаз Светлана Бисембаеваның мерейлі жасына орай білім беру қызметкерлері мерекелік кеш ұйымдастырды.
«Құрмет ордені», ҚР білім беру саласының үздігі, Ы.Алтынсарин төсбелгілерінің иегері Светлана Иргалиқызына арналған тарту Оралдағы өз үйінің ауласынан бастау алып, Абай алаңында, Ж.Молдағалиев тынымбағында және Ғ.Құрманғалиев атындағы филармонияда жалғасты. Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова бастаған білім беру саласы қызметкерлері мерейтой иесін қошеметпен күтіп алды. Алаңда би қойылымын, тынымбақта қосымша білім беру ұйымдарының көрмелерін тамашалады.
Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда «Ең жақсысы әлі алда...» атты шығармашылық кешті облыс әкімінің орынбасары Б.Нарымбетов құттықтау-лебізімен ашты. Бұдан әрі де құттықтау сөз алғандар Светлана Бисембаеваның басшылығымен іске асырылған жұмыстарға тоқталды. Өз қызметтерінде Светлана Ирғалиқызы салып кеткен даңғылды жалғастырып, маңызды шешімдер қабылдауда әрдайым дара тұлғаның ұстанымын үлгі тұтатындарын жеткізді.
Светлана Бисембаева ұстаздық жолын 1973 жылы Орал қаласындағы №16 орта мектепте ағылшын тілі пәні мұғалімі ретінде бастап, 1980-1982 жылдары қалалық білім беру бөлімінің инспекторы қызметін атқарды. 1989 жылдан бастап 13 жыл Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы, 2002 жылдан бастап 8 жыл БҚО білім басқармасының басшысы лауазымдарын абыройлы атқарды. Светлана Ирғалиқызының басшылық лауазымға келген кезеңі тәуелсіздік алып, еліміздің жаңа қалыптасу кезеңімен тұспа-тұс болды. Жүйені қалыптастыру, бастамаларды жүзеге асыруда ұтымды ұйымдастырылған жұмыстың арқасында білім саласы жақсы жетістіктерге қол жеткізді. Білім беру мазмұны жаңарып, білім беру ұйымдары мен мектептен тыс ұйымдардың материалдық-техникалық базасы нығайды. Жабдықтармен жарақталған жаңа оқу кешендері, мектепке дейінгі ұйымдар ашылды. Инновациялық оқу орындарының желісі кеңейтілді. Білім саласындағы құрылыс және күрделі жөндеу, материалдық-техникалық базаны нығайту мәселелеріне көп көңіл бөлінді. Облыстық білім беру ұйымдарының желісі жаңа мектептер ашу арқылы кеңейді. Республикалық бюджет қаражаты есебінен сегіз мектеп құрылды. Барлық ауданда кәсіптік мектептер ашылды.
Ұлағатты ұстаз ұлықталған кеште Д.Нұрпейісова атындағы балалар музыка мектебінің оқытушысы Ф.Оразов мерейтой иесіне арнау орындап, мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілері, жас скрипкашылар, филармония өнерпаздары әдеби-музыкалық сәлемдемелерін жолдады. Сондай-ақ Орал қаласы мектептері мен қосымша білім беру ұйымдары педагогтары хормен ән-шашу жасады.
Шара соңында сахна төріне көтерілген мерейтой иесі С.Бисембаева өткен күндерді тебіреніспен еске алды. Әсерлі кеш ұйымдастырғаны үшін әріптестеріне, құрметтеп келген сала қызметкерлеріне алғысын білдірді.