Altaynews: «Жуықта Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана «Ата-тек» атты жобаны қолға алды. Өйткені, ұрпақтың саулығы – ұлттың саулығы. Жоба жетекшісі Бақытжан Торғаев: «Жетелі ұрпақты тал бесіктен тәрбиелеген дана халқымыз тек пен қан тазалығына баса мән берген. Жеті атаға толмай қыз алыспау – ата-бабамыздан бері келе жатқан қатаң құқықтық заң-ереже. Дүниеге келер ұрпақтың қанының тазалығы мен денінің саулығын сақтау мақсатында жеті атаға дейін қан араластырмау шарты бұрыннан қалыптасқан. Бұл – физологиялық және психологиялық ауытқуды және ауруды тудыратын генетикалық өзгерістердің алдын алу үшін жасалған сақтық шарасы. Жоба жалпылық сипатта емес, ата-тегін білуге ізденіс жасаған оқырмандарға бағытталған. Бұл жобада біз оқырманға өзінің шежіресін зерттеуді, ақпаратты қалай іздеуі керектігін және интернет желілерінен зерделеуді үйретеміз. Зерттеу жүргізу барысында негізгі құралымыз – шежіре кітаптардың көмегіне сүйенеміз. Меніңше, жеті атасын білу әр азаматтың парызы. Сондықтан осы жобаны бастадық», – дейді.