Жамбыл облысында соңғы жылдары өндіріс пен тауар тасымалы ерекше қарқын алып келеді. Экономикалық өсімнің жаңа белесіне көтерілген өңірде кәсіпкерлік саласы да айтарлықтай жандана түсті. Соның бір айғағы – 2023 жылдың мамыр айынан бастап Т. Рысқұлов ауданында коммерциялық бағыттағы отандық тоңазытқыш шығаратын цехтың жұмыс істеуі. Бұл жоба – кәсіпкер Қуандық Өтеғұловтың көп жылдан бергі арманының жүзеге асуы, ауылға деген сағынышы мен жауапкершілігінің көрінісі.
«Туған жерге туыңды тік» деген халық даналығын берік ұстанған Қуандық Маханбетұлы «MOOZTAU» брендімен танылған өндіріс орнын алғашқыда Алматы қаласында 2022 жылы ашқан болатын. Кәсібін игертуде ол Түркия, Қытай, Ресейдің өндірістік алаңдарында тәжірибе жинап, заманауи технологияларды меңгерді. Алайда жылдан-жылға жинақталған білім мен білікті туған өңір игілігіне жұмсауды жөн көріп, өндірісті Құлан ауылына да әкелуге бел буды.
Кәсіпкердің айтуынша, бұл шешім аяқ астынан туған жоқ, ұзақ толғаныстан туған қадам. Өйткені ол өз туған жеріндегі жағдайды жақсы біледі, өндіріс орындарының аздығы мен жұмысшы мамандар тапшылығын да көріп жүр. Сондықтан ол бұл істі тек бизнес емес, ауылға дем беру, жаңа өндірістік мәдениетті қалыптастырудың бір жолы ретінде қабылдайды. Қуандық Өтеғұлов өзінің кәсіпкерлікке қалай келгенін былай деп еске алады:
– Бәрі бір себеппен басталады ғой. Кәсіпкерлікке бала күнімнен жақын болдым. Ауылда шағын дүкеніміз болатын. Ескі тоңазытқышымыз бар еді. Бұзылып қала беретін. Өзім шұқылап жөндейтінмін. Бірде ашуланғаным сондай: «Осыдан көресіңдер, тоңазытқыш шығаратын боламын» – деп айтатынмын. Сосын күнді, айды, жылды жоспарлаймын. «Үш жылдығын ойламаған еркектен без» деген, әрбір қадамымды ойланып басамын. Ол өз сөзінде туған өлкеге пайдалы болу – негізгі мақсаты екенін де айтады:
– Менің жасым 40-тан асты. Несие немесе грант алу жоспарда жоқ. Мақсатым – мемлекеттен бірдеңе алу емес, керісінше елге, Отанға беру. Мемлекетке алақан жайғым келмейді. Мен туған өлкеме мұны екі есе қып қайтарамын. Түркияға, Қытайға барып келдім. Олардың кәсіпкерлеріне әріптес болып, жұмыс істейік деп ұсыныс жасадым. Алайда олар сеніңкіремеді. Болашаққа жоспар көп. Онлайн түрде еліміздегі ең мықты коуч, тренерлердің сабағына қатысып, менторлық алған кезім де болды, – дейді ол.

Қуандық Өтеғұлов – Т. Рысқұлов ауданының Көкдөнен ауылында дүниеге келген. Кәсіпкерлікке бет бұрғанына 18 жылға жуықтапты. Алғаш еңбек жолын «Казфосфат» зауытында бастап, кейін «BI Group» құрылыс компаниясында 11 жыл бойы түрлі лауазымда қызмет атқарған. Бұл еңбек тәжірибесі оның басқарушылық қабілетін шыңдап, кейінгі кәсібінің іргетасын бекіте түскені анық. Өзінің арманына айналған өндіріс жайында кәсіпкер былай дейді:
– Тоңазытқыштың түрі көп: тұрмыстық, сөрелік деген секілді. Біздің өндіретініміз – дүкендерге, тауарларға арналған түрі. Болашақта үлкен зауытты іске қосып, мұздатқыштың, тоңазытқыштың түр-түрін шығарамыз деп отырмыз. Шикізаттың бәрі шетелден әкелінеді, тек темір ғана өзіміздің Қазақстаннан әкелінеді. Өз күнделігіме «2022 жылы тоңазытқыш зауытын ашамын» – деп мақсатымды жазып қойыппын. Сол арманым, шүкір, орындалып жатыр. Мені тағы бір ойлантатын мәселе – жұмысшы, кәсіптік мамандарды көптеп даярлау керек. Колледж студенттерін шақырып, шеберлік сағаттарын көрсету керек деп шештім, – дейді ол.
Қуандықтың шағын цехы қазір екі жерде жұмыс істейді: Алматыдағы өндіріс орнында – 5 адам, Құландағы цехта – 6 адам еңбек етеді. Өнім «OLX» платформасы арқылы сатылып, Қазақстанның барлық өңіріне жеткізіледі. «MOOZTAU» тоңазытқыштары тапсырыс бойынша 3 метрден 9 метрге дейінгі көлемде жасалады. Мамандар орнатып береді, ал кәсіпкердің өзі әр тапсырыс орындалу кезеңін жіті бақылап отырады. Бұл – сенімсіздік емес, жауапкершілік белгісі.
Сонымен қатар компания 12 айға сапа кепілдігін ұсынады, ал Қазақстан бойынша жеткізу – тегін. Қажет етушілерге бөліп төлеу мен несие жүйесі де қарастырылған. Маркетингтік бағыттан да қалыс қалмай, Instagram парақшасы арқылы жарнама жүргізіліп, арнайы сату бөлімі құрылуда.
Кәсіпкердің отбасы да қолдау көрсетіп келеді. Оның жары Индира Әбиірбекқызы Алматыда ойыншықтар дүкенін басқарады. Төрт бала тәрбиелеп отырған шаңырақ кәсіп пен отбасыны қатар алып жүр.
Қорыта айтқанда, Қуандық Өтеғұловтың бастамасы – ауылдағы өндірістің жаңа тынысы. Бұл тек тоңазытқыш шығару емес, жастарды еңбекке баулудың, кәсіби мамандар дайындаудың, отандық өнімді қолдаудың жарқын үлгісі. Энергия үнемдейтін, бағасы қолжетімді әрі сапасы жоғары тоңазытқыштар – отандық техниканың бәсекеге қабілеттілігін көрсететін өнім.
Жаңа өндірістің Құлан топырағында қанат жаюы – өңір экономикасының дамуына қосылған нақты үлес, ал кәсіпкердің ауылға деген жанашырлығы – көптеген жасқа үлгі боларлық іс.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,
Т.Рысқұлов ауданы















