ОТАНСЫЗ ЖЕТІМ, ДІНСІЗ БАҚЫТСЫЗСЫҢ

ОТАНСЫЗ ЖЕТІМ, ДІНСІЗ БАҚЫТСЫЗСЫҢ

Отан мен дінді не үшін жақсы көруіміз керек? Алла Тағала дәл осы ұлан-асыр жерді біздің, ата-анамыздың, бабаларымыздың туған жері етіп тағдырымызда белгілегені үшін. Біз тумай тұрып, бұлардың бірін де таңдамадық. Құдай тағдырға жазды, өмірге келдік, көзді аштық, көргеніміз осы жер, осы ел, осы ата-ана. Ал, мұны қабылдамаймын десек те, барар жері мен сүйген жарын, бала-шаға тапқанымен, бауырына басып, қазағым дейтін басқа бір Қазақстан табылмайды, іздесе де таппайды. ондықтан, бұл Раббымыздың қалауы.

Әрбір адамның жүрегіне ең жақын бір адамы мен ыстық бір дүниесі болады. Бұл өзін дүниеге әкелген анасы және кіндік қаны тамған туған жері. Байқадық па, осы жерде әке деген сөз жоқ. Ал, негізінде мына әлемді анамыз көрсетсе, Отанды әкеміз береді. Яғни асқар таудай әкеміз кішкене қазықты қай жерге қағады, сол жер бізге күш беретін туған жеріміз, тербелген бесігіміз болады. Ертеден келе жатқан нақылдардың ішінде «Отан отбасынан басталады» деген сөз бар. Осыны кім қалай түсініп жүр, осыған келейік. 

Отан деген не? Мен осы сұрақты көптеген жандарға қойдым. «Отан – менің ата-анам» немесе «Отан – менің бауырларым», «Отан – біздің туған жеріміз», «Отан, ол –  мемлекетіміз» деген жауаптарды алдым. Алайда, бәрібір көңіліме қонбады, неге? Өйткені, Отанның негізін құраушы адам өзін айтпай тұр. Егер де осы сұрақты маған қояр болса, «Отан деген – мен және менің отбасым!» дер едім. «Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста» демейді ме? Сол сияқты, Отан адамның өзінен басталады, яғни жоғарыда айтқанымдай, әкенің қаққан қазығына айналған адамның өзі Отан, оның әкесі мен анасы, бауырлары, жары мен бала-шағасын қосқанда үлкен Отанның кішкене бір бөлшегін құрайды. Сондықтан, Отан өзімізден, өз отбасымыздан, өз үйімізден, өз ауылымыздан, өз қаламыздан, өз өңірімізден, өз аймағымыздан басталады.

 

«Адамды сүй, Алланың хикметін сез»

 

Отансыз адам болады ма? Немесе дінсіз адам болады ма? Дінсіз адам болады дейміз-ау, бірақ Отансыз адам болмайды дейміз, дегіміз келеді де. Өкінішке орай, фактінің аты – факті, өзімізден дәлелдер келтірер болсам, мысалы, өзін, өзінің өмірін, Құдай қосқан жарын, туған бала-шағасын құмар ойынға тігіп жіберген, әке-шешесін қарттар үйіне сүйреп апарып тастаған, Отанына опасыздық жасаған, елін тонап қашқан, өзге елде отырып, өз еліне сайраған, дінді жамылған экстремист пен террористі, тіпті «Елімізде әділдік жоқ, жұмыс жоқ, коррупциядан шаршадым» деген сылтаумен өзге елді пана тұтатын адамдарды Отанын немесе дінін сүйеді деп айту қиындау. Себебі, «Отан сүю – иманнан» деген асыл сөз бар. Мен неге Отан мен дінді қатар айтып отырмын? Өйткені, Отансыз дінді, дінсіз Отанды көру түгілі, елестету мүмкін емес. Күні бүгінге дейін «Адамды сүй, Алланың хикметін сез!» деген Абай атамыздан асып түскен адам жоқ. Сол сияқты, Отанды сүю адамның иманында. Мынаны жақсылап ұғынып алайық. Егер адамда иман болмаса, Отанда дін болмайды. Отансыз адам  ормансыз бұлбұл сияқты болса, «Дінсіз ел – діңгегі бос ағаш» болмақ. Қатты бір жел тұрса, орнынан ұшып кете беретін болады. Сондықтан, Отан адамға қаншалықты қажет, дін де соншалықты қажет. Себебі, адамды жаратқан – Алла, ал оның діні – махаббат. Яғни өзіңді сүю – Отанды сүю. Ал, ол қасиетті тек дін ғана береді. Тағы да қайталап айтамын, қандай аламан апаттардан өтіп жатса да, бірде-бір кемістігіне қарамастан, өз Отанын шексіз сүю – мұсылманның шынайы иманынан. Мысалы, бұған Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың туған жеріне деген сүйіспеншілігі дәлелді факт. Бірде Меккеден Асыл әл-Ғұзали деген кісі (с.ғ.с.) пайғамбарға келеді. Сонда одан туған жері Мекке жайлы сұрай бастайды. Асыл жайлап айта бастаған кезеңде, Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Асыл, тоқтай тұршы! Жүрегім біраз тынышталсын», – дейді. Яғни туған жеріне деген сағынышы кеудесіне толғанынан жүрегі қатты-қатты соғып кеткен екен. Пайғамбардың (с.ғ.с.) Мекке жайлы: «Сен қандай әдемісің! Мен сені бәрінен де ерекше жақсы көремін. Егер халқым мені елімнен қумағанда, туған жерімнен ешқашан кетпес едім», – деп айтқаны бар. Дәл осы жерде назар аударатынымыз, Пайғамбар (с.ғ.с.) туған жері Меккеден қуылса да, туған жерімен қоса, қуған елін де ешқашан жек көрмеді. Бізге жеткен тағы бір хадисте: «Өмірдің өткен кезеңіне өкіну, Отанға деген сүйіспеншілікпен байлану және ескі достарға қамқорлықпен қарым-қатынас жасау – тектіліктің көрінісі» делінген. Ал, кешегі еліміз бен жерімізді қорғаған бабаларымыз бен қазақ зиялылары ше, өмірлерін босқа құрбан етті ме? Бір Міржақыптың өзін алсақ, «Оян, қазағымен» өз дәуірінде барша халықтың махаббатын елге, жерге, дінге, білімге, ғылымға оятқан. Ал, қазақтың мұзбалақ лирик ақын Мұқағали ағамыз былай дейді:

Отан!

Сен болмасаң, не етер ем?

Мәңгілікке бақытсыз боп өтер ем,

Өмірден өксуменен кетер ем.

Құс ұясыз,

Жыртқыш інсіз болмайды.

Отансыз жан өмірінде оңбайды.

Өзін-өзі қорлайды да, сорлайды.

Тірі адамға  сол қайғы!

Күн көреді

Әкесіз де, анасыз,

Өмір сүрер

Әйелсіз де, баласыз.

Ал Отансыз –

Нағыз сорлы панасыз!

Білесің бе,

Отанның сен не екенін?

Екі өмір жоқ, әрине, жоқ екі өлім

Екі Отан жоқ.

Жалғыз Отан – мекенің! – деп ақиқық ақыннан артық түсіндірер кім бар? 

Сондықтан, Отансыз жетім, дінсіз бақытсыз боламыз. Алла жалғыз болса, адам да, Отан да, ислам да жалғыз. Тек Отанның қадірін шетте жүргендер ғана біледі. Өмірін шетелдерде өткізіп жатқан кез келген адамнан Отаны жайлы сұраңыздар, жүрегінің түбі сыздап қоя береді, бірден көздеріне жас алады. Қалай десек те, Отан – жүректегі иманмен қатар жанып тұратын от. Сондықтан, Отанымызды қалай қадірлесек, дінімізді де солай құрметтей білейік, ағайын. 

 

 

Отан мен дінді не үшін жақсы көруіміз керек? 

 

Біріншіден, Алла Тағала дәл осы ұлан-асыр жерді біздің, ата-анамыздың, бабаларымыздың туған жері етіп тағдырымызда белгілегені үшін. Біз тумай тұрып, бұлардың бірін де таңдамадық. Құдай тағдырға жазды, өмірге келдік, көзді аштық, көргеніміз осы жер, осы ел, осы ата-ана. Ал, мұны қабылдамаймын десек те, барар жері мен сүйген жарын, бала-шаға тапқанымен, бауырына басып, қазағым дейтін басқа бір Қазақстан табылмайды, іздесе де таппайды. Сондықтан, бұл Раббымыздың қалауы;

Екіншіден, осы Отанымызды қорғауда Алла деп жауға шапқан небір-небір батырларымыз, бөлшектенген елімізді бір жерге жиған небір-небір хандарымыз, әрқайсысымыздың ата-бабаларымыз, әже-аналарымыз, бауырларымыз, бір сөзбен айтқанда, тарихымыз осы жерге жерленгендіктен. Тіпті, Алаш зиялыларынан бергі жерімізді жаудан қорғаған, кейінгі Ұлы Отан соғысында елді сақтау үшін жанын қиған аталарымыз жерленген жер. Солардың арқасында сіз бен біз бүгінде шырт түкіріп, шалқып өмір сүріп жатырмыз. Біліңіздер, Отан қорғауды, жердің мызғымастығын сақтауды дініміз жоғары бағалайтыны сонша, туған жерді қорғау міндетіне немқұрайлы қараған адамға Алланың қаһары туралы үзілді-кесілді ескерту жасалады. Сондықтан, Отанымызда Құдайдың рақымы бар, дініміздің мейірімі бар. Біз осыны жоғалтып алмайық, ең болмағанда ұрпағымыз біліп жүруі үшін, құлақтарына қағыс қылайық, ағайын;

Үшіншіден, елімізде бір бақытсыздық немесе әйтеуір бір жамандық болған жағдайда, халқымыздың пейілі сол, қолындағысын ала жүгіреді, яғни қиындықта біргеміз. Аллаға шүкір, көк байрағымыз көгімізде, діліміз бен тіліміз өркендеуде, дініміз бен дәстүріміз жаңғыруда. Өзімізді көршілес немесе озық елдермен салыстырмайық. Себебі, біздің ешқандай жеріміз олардан кем емес. Кем тұстар бізде ғана ма, барлық жерлерде, тіпті дамыған супер елдерде де бар. Одан да өз елімізді сүюді үйренейік. Өзге елдің қаңсығынан, өз елімізге таңсық болайық. Жаратушы бізді, біздің жерімізді жақсы көреді. Ендеше, Оны және Оның дінін біз де жақсы көрейік, ағайын!;

Төртіншіден, Қазақстан жапырақ жайған жеріміз, осы елде туылып, осы жұртта өсіп, осы жерде өніп жатырмыз. Яғни біздің бала-шағамыз, отбасымыз, бауырларымыз, жақындарымыз, туғандарымыз, құдаларымыз, жекжаттарымыз, достарымыз, жарандарымыз, Алла разылығы үшін жақсы көретін туыстарымыз осы жерде өскені үшін. Ұлы Жаратушының жазуымен біз осында болуымыз керек, біз Отанға керекпіз, Отан бізге керек. Сол сияқты, дін де Отандай қажет. Отанды Отан қылатын, діні мен дәстүрін жалғайтын, тілі мен ділін дамытатын, мәдениеті мен тарихын қалыптастыратын – біз. Мынаны түсінейік, Отан дегенде жүрегіміздің оттай жануы да өзімізде. Отанға махаббат, дінге құрмет те өзімізде. Сондықтан, Отан мен дін жайлы тарихи оқиғалар мен ұлы өсиеттер ұрпағымызға әр кештерде айтылатын әңгіме болсын. Отаным маған не берді дегенше, Отан мен дінге не бердім дегенді ойлайық. Отанымыздың бар болғаны үшін, оны жақсы көру, дініміздің бар болғаны үшін, Алланы сүю адамгершілігімізден табылмаса, бұл ата-баба жолынан жырақ қалғанымыз.  

 

Отан мен дін үшін не істей аламыз? 

 

Біріншіден, Отан үшін әрдайым дұғада болу. Біліңіздер, бұл – сүннет амал. Отанымыз болса, біз бармыз, дініміз бар, Отанымыз болмаса, біз де болмаймыз, дініміз де болмайды. Сондықтан, «Маған ғана бола берсін, маған ғана бере бер» дей бермей, басымызға бақ болған Отанымыз бен дініміздің бүтіндігіне дұға аямаңыздар, аянбаңыздар. «Көп түкірсе, көл болады» демекші, бұл дұғалар Алламен тілдесу, исламның есігін ашу; 

Екіншіден, Отан мен дін үшін бірге қадам басу, яғни Алла Тағала біздерді бірлікке шақырса, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, Отанымыз үшін әрдайым бірге болу, бір істе болу. Қоғамға іріткі салмай, арандатуға ермей, ақылды шешім, саналы қамқорлық, сапалы істе болуымыз керек. «Бүлік шығару адам өлтіруден де бетер» деген Құран Кәрімнің аятына тоқтауымыз қажет; 

Үшіншіден, Отанға опасыздық, дінге қиянат, елге обалдық жасамау. Тіпті қандай да бір қауіп төнсе де, Отанды тастап қашпау, қандай да бір шикілік туындаса, діннен безбеу. Әйтсе адамзат бәрінен ажырайды; 

Төртіншіден, еліміздегі ұятсыздықтар мен арсыздықтарға жол бермеу. Түсіндіріп тоқтат, қолмен тоқтат, барып тоқтат, ренжіп тоқтат, әйтеуір қандай да бір күнәнің түрін жасаушыға дұрыс жолды көрсетуде атсалысу. Жалпы, әркім күнәдан өзін қорғаса, Отанын қорғағаны, дінін сақтағаны. Ал, егер әркім өзін дамытса, Отанын дамытқаны, дінін шарықтатқаны; 

Бесіншіден, «Тазалық – иманның жартысы» дегендей, кішкене болса да Отан тазалығына үлес қосу. Бір ұлтжанды ағамыздың «Патриоттық подъезден басталады» немесе «Қасқайып Алматыда тұрсам да, еңкейіп елімде подъезд жудым» деген бір апайымыздың сөзі бар. Бұл дегеніміз, өзімізден бастап, өз үйімізге, өз подъезімізге, өз ауламызға, өз көшемізге бел бүгу, сыпыру, тазалау деген сөз. Тіпті, жолдағы жатқан тасты алып тастаудың өзі дінімізде сауап, Отанымызға үлес. Сондықтан, әрқайсысымыз айналамызды таза ұстасақ, жүрегіміз де, Отанымыз да, дініміз де таза болады;

Алтыншыдан, өзіміздің мұсылман және қазақ екенімізді ұмытпау, яғни дін мен дәстүрге берік болу. Ата дініміздің шаңырағын тік ұстап құлатпау, әжелеріміздің дәстүрін керегедей керу. Қазақ болып көк байрағымызды желбіретсек, мұсылман болып дінімізді көтере білейік. Өйткені бұл екеуі бабаларымыздың сүр жолы. Осы күнге дейін еліктегеніміз, желпілдегеніміз, адасқанымыз жететін шығар. Отанның ғана емес, ата дініміздің де патриоты болайық. Біліңіздер, дініне берік адам, Отанына да берік бола алады. Сондықтан, дініміз бен дәстүрімізді, тіліміз бен ділімізді, мәдениетіміз бен идеологиямызды дамытайық дегім келеді.    

Дегенмен, Отанымызға ең бастысы не қажет, дінімізге ең маңыздысы не, осыны білеміз бе? Тәуелсіздік, тыныштық, тұрақтылық, осы үштіктің қайсысы бірінші тұруы керек? Кезінде имам Разидан: 

«Дүниеде тыныштық қымбат па, тоқшылық қымбат па?» деп сұрайды.  

–  Тыныштық маңызды, – деп жауап береді.

–  Оны қалай дәлелдейсіз? – дегенде, 

– Ауру қойдың алдына жем қойылса, жемін асықпай жей береді. Ал, енді сау қойдың алдына жем беріп, бірақ қарсысына қасқырды қойсаң, қанша аш болса да, алдындағы жемін жей алмайды. Неге? Өйткені, жүрегінде қорқыныш бар, – деген екен. 

Сол сияқты, осы үштіктің біреуі, мысалы тәуелсіз елміз, бірақ тыныш болмаса, елде тұрақтылық орнайды ма? Немесе тыныш жатқан елміз, бірақ тәуелсіз болмасақ, жүректе тұрақтылық болады ма? Біліңіздер, тұрақтылық тәуелсіздік пен тыныштықта ғана орнайды. Мен айтқан болар едім, тәуелсіздік – бағымыз, тыныштығымыз – жанымыз, тұрақтылық – тағымыз. Ендеше, жанымыз барда бағымыздан да, тағымыздан да айырылмайық, ағайын! 

 

Нұрлан Байжігітұлы
28.03.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУЛАР ЖАЛҒАСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 42
ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері - 21.12.2024 103
 ОТЫРАРЛЫҚ ҮЗДІК ҰСТАЗДАРҒА ДУБАЙҒА ЖОЛДАМА ТАБЫСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 20
ТҮРКІСТАНДА ЕРЕКШЕ ЖАНДАРҒА ЖАҢА ЖЫЛ МЕРЕКЕСІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 46
ТҮРКІСТАНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАУАРЛАРЫНЫҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 45
ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері - 21.12.2024 103
Тоғыз жолдың торабындағы  Шу елінің ықыласы
НұрболатАМАНБЕК, Жамбыл облысы - 20.12.2024 133
«Ауыл аманаты – ел аманаты»
Марат ҚҰЛИБАЕВ, Тараз қаласы - 20.12.2024 136
Жарқын жобаның жемісті жалғасы
НұрболатАМАНБЕК, Жамбыл облысы - 20.12.2024 125
Талас ауданы:  Ілкімді жобаның  игілігін көргендер
Нұрболат АМАНБЕК, Жамбыл облысы Талас ауданы - 20.12.2024 131
Жамбыл ауданы:  Жерге – тыныс, елге – ырыс
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА, журналист Жамбыл облысы Жамбыл ауданы - 20.12.2024 139
Жуалы ауданы:   Бағдарлама  аясында  5,1 млрд  теңге  игерілді
Нұржан МАНАСҰЛЫ, Журналист, Жамбыл облысы Жуалы ауданы - 20.12.2024 132

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 11260
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 10196
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 13443
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 12397
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 17405