Өтірік соңғы онжылдықтардың сиқы

Өтірік соңғы онжылдықтардың сиқы

Бұ дүниені «жалған» деп те атайды. Бірақ бұл өтірік дегенді білдірмейді. Өмірдің өтпелі екенін, яғни кеудемізден жанымыз «қош!» деп ұшқанда, оның соңымызда қалатынын меңзейді. Сондай-ақ тірлікте қанағатты біл, босқа шабылып, жанталасып жиған-тергеніңе малданба дегенді діттейді. Өтірік емес... туған-туыспен бірге кешкен өмір қалай өтірік болсын? Ал шектеулі екені рас, онда да демің үзілер шақта ғана тым жылдам өткендей көрінсе керек.         Әйтпесе, қысқа емес... артыңда жақсы ұрпақ қалса, айналаңмен сыйласып, еңбегіңнің жемісін сезіне алсаң, неге қысқа болсын? Рас, кейбіреудің думандатып жүріп, мынау өмірге  қалай келіп, қалай қайтқанын да аңғармай қалатыны бар. Өкінішті, әрине, бұған пендең өмір сүрген қоғам да, айналасы да кінәлі. Соңғы 30 жылда өмірді кейбіреудің ережесі жоқ ойынға, ал адамды ойыншыққа айналдырғаны жасырын емес.

 

30 жылдың ойыны

Осы бір Шевченко көшесі, 110 үй мекенжайындағы бет-жүзі жамылғымен жасырылған ескі ғимараттың жанынан өтіп жүргеніме бірнеше жылдың жүзі болды. Маңдай алдын тастай бүркеп, үйдің суретімен жауып қойған нысанның  құпиясы қашан ашылары беймәлім. Оның  көше жақ бетіндегі кіреберісі мен бүйір қабырғаларының қирап, кірпіштерінің шашылып жатқанына ең кемі бес жыл болды. Бірақ көретін көз, айтатын ауыз, еститін құлақ жоқ секілді.  Бұған бүркенген ғимаратты меншігіне алған бай-манаптың  да ойлана  қоятын түрі көрінбейді. Өтірікке денеміз әбден өліп кеткен соң, не шара! Әсем Алматымыздың тап орталығындағы іргелі нысанды бауырына басқан «олигарх», тіпті оның бар екенін ұмытқандай. Бәлкім, жең ұшынан жалғасып, көп асаймын деп, «түйіліп қалған» жайы бар. 

Сурет-жамылғы бүккен «өтірікті» көрген сайын, одан қоғамды соңғы онжылдықтарда жаппай жайлаған «суайттардың нашар елесіндей» жиренемін. Тірлікті – ойыншыққа, халықты мазаққа айналдыруға қалай ғана дәті барды екен?! Бұған елдің беткеұстар азаматтары қалайша шыдап келген? Жалпы бізде атақтары жер жармаса да, елден авто мініп, шапан киіп,  шалқақтаған қайраткерлер баршылық. 

Алайда биліктің марапаты олардың бастарын айналдырып, қайран тілдерін тістеткендей. Шындығында, соңғы онжылдықтар ауыртпашылығының игі жақсының жандарына батқаны даусыз. Алайда көпшілігі белгілі бір себептермен ғана еріксіз іштен тынды. Көрмедік, білмедік дей алмайды, бәрі де көз алдымызда: еңбекке лайықты ақы төлемеудің салдарынан тапқан-таянғаны талғажау етуден аспай, жалтақ күй кешкендер... олар қазір де аз емес.

Жалпы халықтың көрген қорлығы адам айтқысыз:    үлескерлік жолымен үй аламыз деген үмітпен жер сипап қалған күйі өмірден өткендер, өртте мерт болған сәбилер, әділетсіздіктен өздеріне-өздері қол салғандар, әскер қатарына кетіп, табытпен оралғандар, сәбилерін жоспарламай дүниеге әкелгендері үшін жазықты болған аналар, екі сиыр ұстап күн көруге ақылы жетпегендер... Тыңдар құлақ болса, халықтың айтар арызы қат-қабат.

Кезінде ел-жұртты тыңдайтын билік болмады. Халық үніне құлақ қойған сыңайда өткізілетін жиындардан пайда шамалы еді. Сөйтсек банкпен де, құрылыс компаниясымен де шарт жасасқан адамның өзі кінәлі екен. Бұл өтірікке де «бас шұлғудан» басқа амал қалмаған. Сонда жаңағы банк пен кәсіпорынға аталған қызмет түрлерімен шұғылдануға рұқсат берген мемлекет қайда қалады? «Аш құлақтан тыныш құлақтың» күйін кештік.

Дүниежүзіндегі 30 елдің қатарына іліккен мемлекеттің дағдарыстан шығуы тым созылып кеткен. Сыбайластық жайлады. Республика Үкіметінің бюджеттен 55 млрд теңгені атақтары дардай «кәсіпкерлерге» 20 жылға 0,1 пайыз жылдық өсіммен беру туралы қаулысын қалай түсінуге болады? Оның үстіне, жаңағы несиені қайтару мерзімінің 2028 жылдан ғана басталатыны және 20 жылдан кейін оның түкке тұрмай қалатыны белгілі. 

Көзіңді бақырайтып қойып алдау мен ұрлаудың мысалдары толып жатыр. Жақында республика Президенті   Қазақстан даму банкі таңдаулылардың ғана банкіне айналғанын атап айтты. Бюджеттен 1,5 триллион теңге бұрынғы мемлекет басшысының ең жақын он адамына бөліп беріп, жаңағылардың әрқайсысына орта есеппен 150 млрд теңгеден тиген. Мұндай ақшаға он мыңдаған адам тұрғын үй жағдайын жақсарта алар еді.

Сонымен, «өтіріктен көз ашылар күн туар ма екен?» деп зарыға күтумен келдік. Күте-күте әбден жалыққан жұрттың ашуының қаңтарда тоспаны бұзған судай ақтарылуы заңды болатын. Мұны ескі биліктің ішінен шыққан арандатушылар  өздерінің арам мақсаттарына пайдалануға жанталасты. Қазір өтірік пен ұрлықтың бетпердесінің ашылып жатқанын да көріп отырмыз. Бұ дүниеден шайқап өткісі келген сыбайластардың саса бастағаны байқалады.

Осы орайда, әсіресе жекелеген алпауыт компаниялар, тіпті мемлекеттік мекемелер басшыларының «сүттен ақ, судан таза» болып көрінуден дәмелі әрекеттері де жиренішті-ақ. Ондайларға мәртебелі республикалық мәжілістің төрінен жауап берілді: өткен кезеңде қарымды бизнестің белгілі бір адамдар және құрылымдармен сыбайласпайынша жұмыс жасауы мүмкін емес болатын. 

 

Ауызсуға зар Алаш

Басқасын айтпағанда, жер жәннаты – Жетісу өңірінде халық су тапшылығынан құтыла алмай отыр. Олай болса, нақты адам пайдасын көре алмаған макроэкономикалық көрсеткіштермен билік қалай мақтанып келген? Су, әсіресе ауызсу ұлт денсаулығының нәрі емес пе? Оның тапшылығы қатерлі аурулардың қаулап кетуіне  әкеледі. Су жетіспеушілігінің экономика мен азық-түлік қауіпсіздігіне де тигізер зардабы аса ауыр. 

Тіпті су ресурстары жетіспеушілігінен мемлекетаралық қақтығыстарға әкеліп соғатын оқиғалар да мәлім. Ресми деректерге қарағанда, республикадағы таза судың қоры 429 текше шақырым екен. Мұның көп, әлде аз екенін мамандар айта  жатар.           Зерттеушілер еліміздегі су тапшылығын өзен арналарының 90 пайызының көктемгі уақытта  ғана толуымен және көрші мемлекеттердің аймағынан келуімен түсіндіреді. 

Сонымен қатар су егістіктерді суғаруға көп пайдаланылып, оны дұрыс игере білмеуден келетін шығын да көп екен. Бұған жаһандық жылыну проблемасын қосыңыз. Бірақ бұл айтылғандар қанша негізді десек те, суға зәрулік бар ресурсты халыққа дұрыс жеткізіп бере алмаудың салдары болып табылады. Суға деп бөлінген миллиардтаған қаржының да кейбіреулердің қалтасына құйылып, құрдымға кеткендей суалуы жасырын емес.    

Ал статистикалық деректерге сенсек, республика тұрғындарына таза ауызсудың 75 пайызы арнайы құбырлар арқылы жеткізіледі. Демек мұндай мүмкіндік еліміздің әрбір төртінші тұрғыны үшін әзірге арман күйінде қалуда. Кейбір өңірлерде орталықтандырылған жүйеден су ішетіндердің саны 20 пайызға да жетпейді. Құбырлардың 60 пайызы әбден тозып кеткендіктен, олардың суы таза емес. 

Елімізде, сондай-ақ әрбір бесінші адам суды ашық көздерден пайдаланады, тіпті бірқатары   тасымал суды қанағат тұтады. Жаңа айтқанымыздай, су жетіспеушілігінің негізгі себебі осы стратегиялық ресурспен қамтамасыз етудегі кереғарлықтар екенін мамандардың өздері де мойындайды. Республикада «Ақбұлақ» және басқа да бағдарламаларға жұмсалатын миллиондаған қаржының қайтарымы аз. 

Тағы да сол, ресми деректерге қарағанда, бір ғана Алматы облысында 200-ге жуық елдімекенде су тапшы. Мәселен Алматының іргесі мен Алатаудың бөктеріндегі Есік қаласында ауызсудың                жетіспеушілігін немен түсіндіруге болады? Егер Жетісуда суды тасып ішіп отырса, шалғайдағы және шөлейтті аймақтардағы ел шөлдемегенде қайтсін! «Ауызсуға зар Алаш, ЭКСПО сенің не теңің еді?»  деуден басқа амалымыз жоқ. 

Әсілі,  дағдарыс кезінде дабыраның көбеюі заңды екен. Бұл да кейбір саясатшылардың азаматтардың назарын басқаға аудару мақсатында ойлап                   тапқан технологиясы, айла-тәсілі екеніне күмән жоқ. Ең масқарасы, ел-жұрттың шөлін басудың орнына, бюджет қаржысының өзін-өзі ақтамайтын ЭКСПО секілді халықаралық шараларға судай шашылғанын айтсаңызшы. Оның есесіне көкейкесті мәселелерден алдарқату үшін арзан ән-күй өзеуреді. 

 

Дағдарыста 

дабыра көбейеді

 

Қоғамды дағдарыс алқымнан алғанда әулекі ән мен жағымпаз күй құлағымызды тығындады. Дөкейлер дүркірете той жасады, тіпті өзгеміз де несие алып, шала бүліндік. Әсіресе әншілердің көбейіп қана қоймай, негізінен, солардың ғана мемлекеттік марапатқа бөленуі еріксіз ойландыратын. Сондай-ақ, жұмысшы мен құрылысшының, фермер мен инженердің, дәрігер мен мұғалімнің тасада қалуымен келісу қиын болатын. 

Рас, біз рухани мұрасы бай елміз. Бірақ жаһандану заманында білім мен ғылымды, өндіріс пен жаңа технологияларды дамыту бірінші кезекке шықса керек еді. Шәкәрім қажы «күнде күлген жындының ісі емес пе?» демекші, елдегі дағдарыс пен жаһандық бәсекелестік дәуірінде ойын-сауық шектен асты. Күн сайын өлең мен ән толғататын «дарындар»  шықты. Еріксіз ренжисің: «Тауық та тәулігіне бір жұмыртқа таппаушы ма еді?!»  

Қазақ жері тегінде дүлдүл ақындар мен күміс көмей әншілерге ежелден кенде болмаған. Алайда «Әннің де естісі бар, есері бар, Тыңдаушының құлағын  кесері бар» (Абай). Олай болса, өнер шын дарынды адамдардың ғана сыбағасы болса керек еді. Өкінішке қарай, олай болмады: кей-кейде маған бүгінгі өміріміз әлі де болса, сол бір бағзы замандардағы сал-серілік кезеңде жалғасып жатқандай әсер қалдырады. 

  Ойлап отырсақ, қазіргі желбуаз мадақ пен марапаттың өзіндік себебі де жоқ емес. Бұрын қалталылар өз қуанышына ән мен жырдан шашу шашқан өнерпаздарға ат мінгізіп, шапан жабатын. Қазір той-томалағында тегін қызмет көрсеткен өнерпаздарға қолында билігі барлардың өз қарызын түрлі марапаттармен мемлекет есебінен  қайтаратыны жасырын емес. Өнерпазды ерте жастан лайықты бағалау – шабытқа шабыт қосатын жарасымды өнеге.  

Бірақ өнердің өркендеуіне айтарлықтай атсалысқан жетпістегі ақсақалмен қатар той-думанын қыздырып, кейбіреуді «қарызға батырған» жиырма-отыздағы өнерпаздың «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атануының еш қисыны жоқ. Осы орайда жақында мемлекет басшысының  «Халық әртісі» атағын қайта қалпына келтіру туралы тапсырма беруі де біраз кереғарлықтың бетін ашады.   

Жалған дабыра мен дарақы сән-салтанаттан арылатын кез баяғыда жетті. Іс жүзіндегі             зайырлы, заң билейтін қоғам құрмайынша, бақытсыз адамдар азаймайды. Өтірік жайлап, әділеттілік естен шығарылған елде өмірдің сәні солғын тартып, отаншылдық ұғымы арзандайды. Сонда тағы қанша күтуіміз керек?.. Тым асығатын секілдіміз бе, бірақ асықпай тағы болмайды. Президентіміз айтпақшы, адамдар бүгін бақытты болуы керек. 

Біз жеке басқа табынған жылдарда шындықты айта да, жаза да алмадық. Ондай батырлық қайдан келсін? Қорлық көрген халықтың ашуы тасыған қасіретті қаңтардан кейін ғана «суайт саясаттың сыйқы» батыл әшкерелене бастады. Кешегі өткен республикалық референдум халық үнін еститін мемлекет құрудың бір ғана, бірақ шешуші қадамы екеніне сенгіміз келеді. Ендігі жерде ел тірегі тек қана шындық болсын деп тілейміз.

 

Болат ЖҮНІСБЕКОВ, жазушы
30.06.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 177
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 172
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 682
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 802
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 716

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8868
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8263
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11491
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9247
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10474