Өзімнің «мен» екендігімді дәлелдеудің әлегі

Өзімнің «мен» екендігімді дәлелдеудің әлегі

Осыменен Сіздерге бұрынғы жүйеден қалыптасып қалған бюрократияның бүгін қолдан жасалып отырған, естіп білмеген бір жағдайы туралы баяндамақпын. Себебі, «Өмір бар жерде өлім бар» дегендей, екі аяқты пенденің барлығына да тап болатын ахуал, кім-кімнің де басынан өтпек. Сондықтан мұны елімізде әзірге жою мүмкін болмаса да, бірақ жинақтаушы зейнетақы қорындағыларға ой салар, 90-ға жақындаған ардагерге жасаған моральдық және материалдық қиянаттары үшін, егер заңға жүгіне қалсам, жазасын да алар, ең кемі сабақ болар деген мақсатпен әуелі Сізге хат жолдап отырған жайым бар және бұл тек БЖЗҚ-на ғана тән болмауы мүмкін деп те ойлаймын.

Әңгіменің мәні – қартайған кемпірі жоқ әкені бағып-қағып, асырап отырған қызымның ойда жоқта татар дәмі таусылып, өмірден өткеніне байланысты. Оның еңбек жолында зейнетақы жинақтаушы қорлар құрылғалы аударған ақшасына жалғыз мұрагер ретінде нотариус маған куәлік берген еді. Қызымның сол қаражатын маған түгел бермеу, мейлінше азайту бағытында, біздегі филиал қызметкерлерінің айтуынша, қордың Алматыдағы орталық офисіндегілердің маған жасағандары ақылға сыймай тұр.

Айта кетейін, қызымның қорда жинақтаған ақшаларын маған төлеу (не аудару) үшін егер менде «тыл ардагері» статусым жоқ болса, оның 10 пайызын ұстап қалады екен, ал ол деген аз ақша болмай тұр (алты-жеті орындық). Бәрі менің 2005 ж. жалпыға ортақ ауыстырылған зейнеткер кітапшамда әкем атынан кейін «ұлы» деп бөлек жазылғандығынан басталды (жеке куәлігімде бірге жазылған еді). Меніңше, емле бойынша мұның екеуі де дұрыс саналуы керек. Баспасөзде де солай қолданылып келеді емес пе? Ал орталықтағылар (онда құжаттың заңдылығын қарайтын арнайы бөлім бар дейді) осыны заңсыздық, яғни бірге жазылған мен бөлек жазылған «ұлы» – екі бөлек кісі деп санайды, яғни менің «мен» екенімді еш түсінгілері келмейді.

«Ұлы» сөзіне қойылған талаптарын игеру үшін ХҚО-дан (ЦОН) тағы анықтама әкелуді талап етті. Сөйтіп менің тыл ардагері екендігімді, кезінде екі рет мөр басып жазылған кітапшамдағы жазуды өздері іштей біліп тұрса да, әдейі сенгілері келмей, қаланың екінші шетіндегі ХҚКО-ға (ЦОН) жұмсады.

Онда да үш этажға жоғары-төмен, таяғыма сүйретіле «шапқылап», «Тыл ардагері» деген тағы қағаз әкеліп бердім. Содан кейін «Сізге 10 пайыз ұстамай түгел аударуға рұқсат берді, келіп қол қою қажет» деп шақырып та алды. Енді есік алдында тіркеуден алынған нөмір бойынша басқа операторға түстім, ал ол қайтадан бұрынғы «әнге басып», сол әкелген қағаздың бланкісінде «м.п.» деген таңба бар, ал мөрі жоқ деген кінә тартты. Мен оны аларда ЦОН-ға «мөр неге баспадың, қайта жұмсайды ғой» дегенімде, ондағы қызметкерлер қазір барлық жерде, банктер де (1 қаңтардан басталса керек деп ойлаймын) өздерінен шығатын анықтама сияқты құжаттарға цифрландыруға байланысты мөр баспайтын болғанын, «сол зейнетақы оператордың өздерінде де бүгін мөрлері жоқ қой» деп түсіндірген.

Одан кейін (бірден де айтпаған) сол 2005 ж. берілген кітапшаңда фотоң жоқ деп шықты. Біріншіден – кезінде фото сұратқан жоқ еді және фотосыз-ақ жиырма жыл үстінде бұл кітапша маған қызмет қылып келеді. Оның үстіне, екіншіден, сол кітапшада менің РНН саным жазулы тұр екен (бұл ИИН шықпастан бұрын бүкіл еліміз бойынша пайдаланылған бірыңғай ортақ статус қой). Оны көрсетіп тұрып және оған қоса сол кезде маған берілген РНН куәлігінің түпнұсқасын да (әйтеуір сақтаулы екен) берсем, «бізге РНН қажет емес» деп шықты. Сонда мұндағылар күні кеше өткен тарихты, өздері де бастан кешкен тәртіпті де ақша төлеуге келгенде мойындамайтын сыңайлы. Сөйтіп, енді ЦОН-нан фотосы бар жаңа куәлік әкелуді талап етті.

Сонымен амалсыз тағы барып, енді фото басқан куәлік алдым. Бұл да фотоға түсуден бастап бірден оңай бітпейтін шаруа ғой. Енді оның үстінен шетіне мөр салдырып әкел деп шықты. Ал онда мөр дейтін, жоғарыда айтылғанындай, болмайтынын түсінгілері жоқ.

Тағы «табылған» қосымша жетіспеушілік – ол орысша орындалған анықтамаларда атымдағы «Қ» және әкем атындағы «Ұ» әріптері компьютерден орысша «К» және «У» болып, төбелеріне сызықша қойылып шыққаны. Аты-жөнім толық оқылып тұр, текст орысша, ал төбелеріндегі бөлек тұрған екі сызықша қажетсіз, ескермеуге болатын, тек қана компьютердегі бағдарламаға байланысты нәрсе. Енді бұл қалай игерілмек, адамның емес, ХҚКО-дағы компьютердің ғана жасап отырғаны. Мен оны жөндете алмаймын ғой, олар өздері де мен үшін бағдарламаны өзгертпейді емес пе?

Осы қордан басқа салаларда тыл ардагері статусын сол кітапшам бойынша (ай сайын мемлекеттен азды-көпті әлеуметтік көмек, кей авиакомпаниялардағы және салық жеңілдіктері, т.б.) бірнеше жылдан бері пайдаланып келемін. Ал бұлар әркімнің өзінің ақшасын өзіне төлеуге ниетсіз екен, не болса да ретін тауып шегеруге (азайтуға) жұмыстанып отырған. Өмірден озғандардың қаржысынан осылай «жиналған» сома ортақ игілікке жараса игі ғой, мұндай ақылға сыймайтын ахуалға кездескенде, қазір елімізді жайлап алған жемқорлық көрінісі осы болуы да мүмкін-ау деп ойлайды екенсің. Менің өзімді растау үшін ұсынып отырған құжатымның тайға таңба басқандай ақиқаттығын басында азды-көпті миы бар адам, тіпті жасанды интеллект те немесе тетіктерін басып сұрау салсақ, қарапайым компьютер де айтып береді деп ойлаймын. Сөйтіп мені әуре-сарсаңға салып қана қоймай, жеке құжаттарыма сенімсіздік білдіріп, шынтуайтында, мені алаяқ санап отырғандай. Бұл, меніңше, заман талабына ілеспей қалған надандық дер едім. Екінші жағынан, нашарға, қамқорсызға әлімжеттік сияқты. Немесе орталық офистағылардың жұмыссыздығы, еріккендері деуге болады. Ақша шығару оңай емес, ісіне мұқият болуын құп десек те, тап осыншама қатыгез болады деп ойламаппын. Мұнымен Еститін билікті қалай құрамыз! 

Қордың өзіміздегі филиалының басшысына базыналық жасамадым (бір кездері жұмыстас та болған сыйласатын інілердің бірі еді), бір-екі рет оның бөлмесін сұрап, оған кіруге оқталғанымда, қыздардың «ол кісі шешпейді, мұнымен айналыспайды» дегендеріне келіскен едім. «Газеттен бұрын өзіме неге айтпадыңыз» деп оның ренжуі де мүмкін болар. Бірақ мұндай қалыптасқан ахуал туралы жазбасқа болмайды деп санадым. Бұл жалғыз менің ғана басымда болатын жәйт емес қой.

Еске сала кетейін, біздегі филиалда келушілерді қабылдайтын 10 шақты оператор бар екен. Тіркелгенде алынатын кезек санына орай, олардың алтауында болыппын (сонда бір мәселемен бір мекемеге сонша рет барғаным ғой). Олар жүгіріп жүрсе де өздері ештеңе шеше алмайтын сияқты. Барған сайын тағы басынан бастап әріпті қайта тексеріп шығады да орталығынан «төле-төлеме» дейтін рұқсат күтеді. Әйтеуір соңында қаражаттың нобайын салық ұстамай аударды. Бірақ соның өзінде (қаржы мамандары арифметикадан «қателескен» болар деп ойлаймын) 30-40 мың теңгедей артық ұстағандары да бар. Оған да келістік.

Негізгі әңгіме мұнда да емес. Әңгіме қатардағы қаралардың (клиенттің) мәселесін шешуге отырған қызметкерлердің ойына келгенін жасап отырған артықшылығында. Осындай тиісті тәртіп пен заңдылықты белінен басып отырған қызметкерлер, мекемелер туралы оқырман не дейді, іс басындағы азаматтар не дейді? Қалайша мұндай жағдайдан арыламыз екен!

(Өзімді таныстырсам, облыс көлеміндегі сайланбалы басшылық жұмыстарда болыппын, «Құрметті азамат» атақтарым да бар. Мемлекеттік наградаларым да жоқ емес).

 

Қ. АДАЙБАЕВ,

 Атырау қаласы

 

07.11.2025

Ұқсас жаңалықтар

АҚТӨБЕДЕ – АУЫЛДЫҢ ЖҮГІ, «AQTOBE»-ДЕ  – ДӘУІРДІҢ ҮНІ
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы - 22.10.2025 756

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 19677
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 19489
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 34617
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33185
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37004