Помақ түріктері негізінен Родоп, Пирин және Вардар Македониясы аймақтарында қоныстанған. Бұдан басқа, қазіргі Болгарияның солтүстігіндегі Ловеч, Плевна, Тетевен қалалары мен Орта Болгариядағы Филиппополь (қазіргі Пловдив) маңайында және бұрынғы Селаник (Салоники), Манастыр (Битола), Косово және Шкодра (Албания) уәлаяттарында да шағын топтар түрінде өмір сүріп келеді.
Ресми емес деректерге қарағанда, 1931 жылы Болгария шекарасы ішінде 200 мыңнан астам, ал оның сыртында, яғни Македония мен Фракияның таулы өңірлерінде тағы 200 мыңдай помақ түрік өмір сүрген.
Олардың шыққан тегі мен тарихи өткені жөнінде ғылыми зерттеулердің жеткілікті болмауы әртүрлі пікірталастарға себеп болған.
Болгарлар помақтарды «мұсылман болған болгарлар», гректер болса «мұсылман болған гректер» деп айтады. Алайда бұлардың тарихи шындыққа еш қатысы жоқ. Себебі тарихи деректерді зерттегенде, помақ түріктерінің XI ғасырда Вардар Македониясы мен Родопқа қоныстанған қыпшақ тектес куман түріктерінің ұрпағы екені анық көрінеді.
Куман түріктерінің Балқанға келуі Куман түріктері XI ғасырдан бастап Орта Азиядан Украина мен Румыния арқылы Балқан түбегіне қарай жылжи бастаған.

Алғашында олар Болгарияның солтүстігіндегі Дунай бойына және Добруджаға орналасқан, кейін оңтүстікке қарай көшіп, Родоп, Шығыс Македония және басқа аймақтарға тараған.
Олар барған жерлеріне өздерінің аттарын қалдырған. Мысалы:
• Македониядағы Куманово,
• София маңындағы Куманци,
• Неврокоптағы Куманча,
• Касториядағы Куманицево,
• Видиндегі Кумани аралы,
• Ниғболудағы Комана,
• Ловечтегі Куманиста – бәрі де солардан қалған атаулар.
1034 жылдан бастап печенег және куман түріктері Родоп, Батыс Фракия, Пирин және Вардар Македониясы аймақтарына, тіпті Стамбұл қаласының қамалдарына дейін жетіп, Византияны қатты дүрліктірген.
1050 жылы Византия олармен соғысу үшін үлкен әскер шығарғанымен, күйрей жеңіліп, бейбіт келісімге келіп, тіпті салық төлеуге мәжбүр болған.
Келесі 30 жыл ішінде Родоп, Батыс Фракия және Македония печенегтерге бағынған куман түріктерінің иелігіне өткен.
Печенегтердің бір бөлігі Косово, Жаңа Пазар және Боснияға шегінген.

Куман–Печенег федерациясы
Куман түріктері 1087 жылы печенегтермен бірігіп, орталығы Куманово қаласы болған «Куман-Печенег түрік федерациясын» құрған. Алайда бұл екі бауырлас халық бір-бірімен соғысып, ұлттық бірлікті ыдыратқандықтан, 1091 жылы федерация құлап, тарих сахнасынан кеткен.
Федерация күйрегеннен кейін печенегтердің көбі Босния мен София маңына қоныс аударған, ал куман тайпаларының бір бөлігі Румыния, Венгрия, Австрия және Чехияға дейін кетіп, жергілікті христиан халықтардың арасына сіңіп кеткен.
Ал Македония, Батыс Фракия және Болгарияның Родоп пен Пирин аймақтарында көптеген түрік тайпалары өмір сүруін жалғастырған.
Родоптағы түріктер және исламның таралуы
Куман түріктері батыр, мінезі тік және дене тұрпаты мықты болғандықтан, Византия билеушілері оларды «Комани» емес, «Арен» (яғни «ер») деп атаған.
Осы «Арен» атауымен куман түріктері 1091 жылдан 1358 жылға дейін, яғни 367 жыл бойы Родопта өмір сүрген.
Бұл аймақтарда Византия билігі кезінде Анадолыдан да көптеген түрік тайпалары әкелініп, қоныстандырылған.
X-XIII ғасырларда Византия билеушілері бір жағынан славяндардың, екінші жағынан латындардың үстемдігін шектеу үшін, Анадолының, әсіресе Конья маңындағы түрік руларына жеңілдіктер беріп, оларды Фракия мен Македонияға қоныстандырған.
Тіпті IX ғасырдың өзінде-ақ «Вардалық түріктер» деп аталған топтардың Охрид пен Селаник маңында орналасқаны жазылған.
Бұл топтардың көбі Коньядан келгендіктен, оларды «Кониар түріктері» деп атаған.
Алғашқыда олар Фессалия мен Македонияға қоныстанғанымен, кейін Батыс Фракия, Пирин және Родопқа дейін тараған.
Оларды жергілікті куман түріктері жылы қабылдағанымен, арада кейде келіспеушіліктер туындап тұрған.
Солай бола тұрса да, бұл жағдай осы аймақтарда түріктің ұлттық ізі мен мәдениетін мәңгі қалдырды.
Исламның таралуы
Анадолыдан келген мұсылман түріктердің әсерімен Родоп пен Македониядағы куман түріктері арасында ислам діні кеңінен тарай бастады.
Бұл кезеңде көптеген түрік әулиелері, шейхтар, дервиштер мен абдалдар исламды уағыздау мақсатында осы өңірлерге барған.
Болгар тарихшысы Васил Златарски мен чех ғалымы Константин Иречек те өз еңбектерінде X-XIII ғасырларда исламның Болгарияда тарағанын айтады.
Сөйтіп, Родоп, Пирин және басқа аймақтардағы куман түріктері арасында ислам Осман түріктері Балқанды жаулап алмай тұрып-ақ тараған еді.
Сондықтан 1358 жылы Осман түріктері Эдирне арқылы Родопқа келгенде, олар бұл жерде бұрыннан мұсылман куман түріктерін кездестірген.
Бұл кумандар Анадолыдан келген мұсылман бауырларына жолбасшы әрі көмекші болған.
Славян халықтары осы себептен мұсылман куман түріктерін «помагач» (көмекші) деп атаған, кейін бұл сөз «помак» түріне айналған.
Қорытынды
Помақ түріктерінің болгарлармен, гректермен немесе басқа славян халықтарымен ешқандай этникалық туыстығы жоқ.
Олар – ежелгі куман және оғыз түріктерінің ұрпақтары, ғасырлар бойы Родоп пен Македония аймақтарында өмір сүріп келе жатқан түркі тектес мұсылман халық.
Доц. Хүсейн Мемиçoғлу
Дерек көзі: Түрік мәдениеті журналы, №365, «Түрік тарихы беттерінен» бөлімі.














