ПРЕЗИДЕНТ СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ

ПРЕЗИДЕНТ СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ  ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ

9 шілде – Су шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Су шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, саланың дамуына елеулі үлес қосқан мамандарға мемлекеттік наградалар табыстады.

Былтыр «Қазақстанның су шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы бекітілген болатын. Бүгін бұл атақ су шаруашылығының бірқатар ардагеріне берілді.

Мемлекет басшысы өз сөзінде су ресурстарын ұқыпты пайдалану мен су саласы үшін білікті кадрлар даярлаудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар халықты ауызсумен толық қамту мәселесіне тоқталып, Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар мен алдағы жоспарлар туралы айтты.

Осыдан кейін Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Молдиярұлы Нұржігітов ФБ парақшасында әріптестерін құттықтады.

«Құрметті әріптестер! Су шаруашылығы қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында сіңіріп жатқан табанды әрі жанқияр еңбектеріңіз ерекше құрмет пен шексіз алғысқа лайық.

Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылған сәттен бастап су саласы мамандарының мәртебесін арттыруға ерекше назар аударып келеді.

«Табиғи монополиялар туралы» Заңға түзетулер әзірленіп, қабылданды. Бұл 1 қыркүйектен бастап су саласындағы 25 мыңнан астам қызметкердің еңбекақысын электр және жылу энергетикасы саласының мамандары деңгейіне дейін көтеруге мүмкіндік береді. 

Сонымен қатар жақын арада «Қазсушар» РМК-ның барлық 435 маусымдық қызметкері тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. 

Су саласы мамандарының біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Былтыр «Қазсушар» РМК-ның 500-ден астам қызметкері мамандандырылған орталықтарда оқудан өтті. Биыл бұл көрсеткішті екі есеге арттыруды көздеп отырмыз. 

Қытайлық әріптестермен жасалған келісімдерге сәйкес, қазақстандық су мамандары көршілес елде біліктілік арттыру курстарынан өтіп жатыр. Қазіргі уақытта 60 адам оқудан өтті. Жыл соңына дейін Қытайда тағы 60 маман оқудан өтеді. Барлық шығынды Қытай тарапы өз мойнына алды. 

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға толықтырулар енгізілді. Енді су шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан мамандарға мемлекеттік награда – «Қазақстанның су шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы беріледі.

Су шаруашылығы саласының болашағы жұмысшылардың қажырлы еңбегімен құрылып келеді. Елді мекендер, егістік алқаптары мен өнеркәсіп нысандары тіршілік нәрімен қамтамасыз етіліп отыр. Осы мерекеде сіздерге және жақындарыңызға денсаулық, табыс, молшылық, жарқын болашақ және ашық аспан тілеймін!» – деді министр.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржігітов Нұржан Молдиярұлына журналистер бірнеше сауал қойды.

– Түркістан облысына сапарыңыз туралы айтсаңыз.

– Түркістан облысына сапарым аясында «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасының нәтижелерімен таныстым. 

Сауран ауданында 72 тік дренажды ұңғыма қазылып, қолданысқа берілді. Әр ұңғыма 45 метр тереңдіктен секундына 60 литр жерасты суын береді. Бұл егіс алқабына қосымша су жіберу үшін қажет. 

Ордабасы ауданында 44 тік дренажды ұңғыманың 17-сі жөнделді. Оның ішінде 10 ұңғыма қолданысқа берілді. Бұл ұңғымалар сор шаю жұмыстары үшін де өте маңызды. Нәтижесінде топырақтың құнарлығы артып, әр гектардың өнімділігі ұлғаяды.

Ордабасы ауданында Бөген су қоймасына бардым. Қойманың жалпы сыйымдылығы – 370 млн текше метр. Нысан 67 мың гектар егіс алқабын сумен қамтып отыр. Бүгінде шаруаларға секундына 50 текше метр су жіберіліп жатыр. Осыған дейін су қоймасына көпфакторлы зерттеу жүргізілді. Соның нәтижесі бойынша нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз алғаш рет Астана су қоймасында ауқымды тазалау жұмыстарын бастадық. Келесі кезекте Шардара су қоймасының түбін тазалау үшін жерснарядтар сатып алуды жоспарлап отырмыз. Сол секілді Бөген қоймасын да тазарту мәселесін пысықтау керек. Бұл қоймаға жиналатын су көлемін арттыруға мүмкіндік береді, – деді министр.

– Су шаруашылығы қызметкерлері күні өткен іс шаралар туралы айтсаңыз?

– Су шаруашылығы қызметкерлері күніне орай мемлекеттік және ведомстволық марапаттарды табыстау рәсіміне қатыстым. 

Биыл еліміз бойынша ордендермен, медальдармен, төсбелгілермен, Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен су саласының 442 маманы марапатталды. 

Мемлекеттік наградамен 55 адам, «Су шаруашылығының үздігі» төсбелгісімен 97 маман, «Су шаруашылығының ардагері» төсбелгісімен 24 қызметкер марапатталды. Бұған қоса, су шаруашылығы саласының 177 маманы Құрмет грамотасына, 89 маманы Алғыс хатқа ие болды. 

Салтанатты іс-шарада «Еңбек жолы» республикалық байқауының да қорытындысы шығарылды. «Үздік жас сушы» номинациясы бойынша «Қазсушардың» 8 қызметкері жеңімпаз атанды.

Су саласындағы үздік әулеттер де екінші жыл қатарынан анықталды. Биыл бұл мәртебеге Бәшеновтер мен Москвиндер әулеті лайық деп танылды. Әр отбасының су шаруашылығы саласындағы жиынтық еңбек өтілі кемінде 125 жыл.

Марапаттау рәсімінен кейін «Климаттың су шаруашылығы саласына әсері» тақырыбында конференция өтті. Іс-шараға БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы өкілдері, сондай-ақ отандық және шетелдік сарапшылар қатысты.

Сарапшылар Қазақстандағы су тасқыны мен құрғақшылықты болжау, су секторын климаттың өзгеруіне бейімдеудің цифрлық шешімдері, су заңнамасындағы климаттың өзгеруіне бейімделуді реттеу, климаттың өзгеруінің теріс әсерін болдырмау жөніндегі Парламент бастамалары сияқты мәселелерді талқылады, – деп жауап берді министр.

Нағашыбай Қабылбек
16.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 15464
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 15354
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 30500
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 29130
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 32695