Орал қаласында Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы аясында ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс жасауда.
Аталмыш жұмыс тобы қазіргі таңда қала бойынша белсенді түрде жұмыстар атқаруда. Олар түрлі мекеме, кенттік және селолық округ тұрғындарымен, үкіметтік емес ұйым өкілдерімен, арнаулы орта және жоғары оқу орындарымен, мәдениет және спорт, білім өкілдерімен кездесулер өткізуде.
Ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, Орал қалалық мәслихатының депутаты, жеке кәсіпкер Нұргүл Ашықова тұрғындармен кездесу барысында олардың Жолдауда айтылған әрбір жаңалықты қуана қабылдағандары байқалғанын айтты.
– Ел болашағы үшін маңызды құжат жерлестеріміздің көңілінен шыққаны сезілді. Әсіресе, Жолдауда басымдық берілген тұстарға қатысты ойларын жеткізді. Айталық, әйел адамдардың зейнет жасының төмендеуі, аналарға бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақының сәби 1,5 жасқа толғанша ұзартылуы, «Ұлттық қордың» жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызының балалардың арнайы жинақ есепшотына жинақталуы сынды жаңалықтар көңілдерінен шыққан. Алайда өзім қатысқан кездесулер барысында тұрғындар өздерінің ұсыныс-пікірлерін де жеткізуде. Әрине, Президент Жолдауы қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталғаны белгілі. Сондықтан, Мемлекет басшысы берген тапсырмалар жүйелі түрде жүзеге асырылса, еліміздің болашағы да жарқын болары сөзсіз, – деді Нұргүл Әжібайқызы.
Сонымен қатар Жолдау шеңберінде облыс орталығында «Жастарға кеңес», «Біздің мақсат – әділетті Қазақстан!» тақырыптарымен акциялар және басқа да көптеген мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылуда.