«Қай аға маған оқ атқан?» Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан екі бүлдіршін Айкөркем мен Сұлтан

«Қай аға маған оқ атқан?» Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан екі бүлдіршін Айкөркем мен Сұлтан

– Султик, өскенде кім боласың?

– Әрине, футбол жұлдызы боламын.

– Онда ағылшын тілін үйренуің керек қой. Ертең журналистерге сұхбат бересің.

– Мен жұлдыз болмаймын ба? Керек болса менің тілімді үйренсін.

Бұл – 11 жасар Сұлтанның соңғы жазғы демалысында әпкесіне айтқаны. Кішкентайынан футболға әуестенген баланың қабілетін байқаған әкесі 6 жасында Алматыдағы футбол үйірмесіне береді. Содан бері ол қала сыртындағы Жамбыл ауылынан Алматыға қатынап, үйірмеге қатысып жүреді.

Кішкене Сұлтанның арманы асқақ еді. Алайда жаңа жылдағы алғашқы жаттығуына асығып, 5 қаңтарда ала таңда Алматыға жеткен Сұлтанның жас ғұмыры сол кеште кенет үзілерін ешкім білген жоқ.

Сұлтан Қылышбектің портреті мен медальдары. Алматы облысы. 6.03.2022
Сұлтан Қылышбектің портреті мен медальдары. Алматы облысы. 6.03.2022

– Қала сыртында тұрғасын, 8-де болатын жаттығуға үйден 5-6-да шығамыз. Сол күні Сұлтан қояр да қоймай өзі тұрып алып, менімен бірге шыққан, – дейді Алматыға қатынап жұмыс істейтін анасы Гауһар Кәрімбекова.

Анасы екеуі «Сайран» автобекетіне, одан соң өзі жаттығатын «Джейран» спорт клубына барады.

Сол күні қалада дүрбелең болып, автобус жүрмей қалған. Екеуі футбол клубына барса, есік жабық екен. Гауһар бапкеріне телефон шалса, тұтқаны ешкім көтермейді. Содан соң Сұлтанды «Сайран» маңындағы туысының үйіне қалдырып, анасы жұмысқа кетеді.

4 қаңтарда басталған бейбіт жиын 5 қаңтарда дүрбелеңге ұласып, Алматының орталық алаңына халық жинала бастаған соң Сұлтанның жаттығуы да болмаған. Кешке анасы жұмыстан келгенде қалада интернет жоқ еді. Бұл кезде алаңда оқ атылып, әкімдік өртеніп жатқан. Мұны білмеген Гауһар мен Сұлтан кешкі сегіз шамасында Өтеген батыр көшесінің бойында туысының үйі тұрған ауладағы дүкенге азық-түлік алуға шығады.

ТАСАДАН АТЫЛҒАН ОҚ

Сол күні Алматыда төтенше жағдай енгізілген. Комендант сағаты ережесі бойынша, тек сағат 23-тен бастап көшеде жүруге болмайтын. Ескертусіз оқ ату бұйрығы да әлі берілмеген.

Ал дүкенге қарама-қарсы, жолдың арғы бетінде Алматы қаласы Әуезов ауданының полиция басқармасы орналасқан.

Алматы қаласы Әузов ауданының полиция басқармасы. Алматы. 16.03.2022
Алматы қаласы Әузов ауданының полиция басқармасы. Алматы. 16.03.2022

Дүкендегілер жұртты ішке кіргізбейді. Адамдар аулада тұрғанда салют атылғандай жарқ-жұрқ басталады. Қызығып кеткен Сұлтан телефонының жарығын қосып, видео түсіре бастайды. Баланың телефонында соңғы түсірген видеосы сақталып қалған. «Салют сияқты ғой… Салют деймін…» дейді бала дауысы. Сұлтан телефонды өшіріп, кері бұрылғанда гүрсілдеген дауыс жақыннан естіліп, бала жерге сылқ ете түседі. Есі шыққан жұрт жапа-тармағай қаша жөнеледі.

Оқ қарша борағанда Гауһар есі кіресілі-шығасылы болып өң мен түстің арасында отырып қалады.

– Шалынып құласа екен деп тіледім. Кейін басынан қан кеткенін көргенде оқ тигенін түсіндім, – деген Гауһар әлдекімдердің «тыныс алып жатыр» деген сөзін еміс-еміс естігенін айтады…

Сұлтан ауруханаға жете алмады. Жедел жәрдем қоңырауға жауап бермеді. Сол жердегі халық жолдан көлік тоқтатып, ауруханаға жеткіземіз дегенше бала әбден қансырап қалған.

Сұлтанды дәл осы жерде біреулер атып өлтірген. Қазір бұл жерде түк болмағандай.
Сұлтанды дәл осы жерде біреулер атып өлтірген. Қазір бұл жерде түк болмағандай.

Бұл кезде баланың әкесі Еркін Қылышбек Жамбылдағы үйінде болған еді.

– Үйде кешкі ас ішіп отырғанда әйелімнің телефонынан біреу хабарласып «Сұлтан жараланып қалды» деді. Не болғанын білмей сасқалақтап ауруханаға хабарласып едім, дәл түсіппін. Кезекші ме біреу алды да… қысқасы «өлді» деді. «12 жасар бала ма?» деп едім «Иә, 12 жасар сары бала» деді. Сосын барып, денесін көрдім. Қарақұстан тиген оқ бас сүйегін шашып жіберіпті, – дейді Еркін.

Сұлтанның денесін отбасы 6 қаңтарда мәйітханадан алып, 7 қаңтарда Жамбыл ауылындағы зиратқа жерледі.

 

ТОҚАЕВҚА ХАТ

Баланың басынан шыққан оқты ата-анасына сол күйі ешкім көрсетпеді.

Анасы Гауһар Кәрімбекова оқ отқан адамды тауып, Қазақстандағы бүкіл баланың қауіпсіздігіне кепілдік беруін сұрап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа екі рет хат жазды. Екеуіне де әлі жауап келмеді.

– Кейде тыныштық керек деп ойлаймын. Кеткен бала кетті ғой, тыныш жатса екен дейсің. Бірақ қазір мен көшеге шығып, жай бір затымды жоғалтып алған адам сияқтымын. Сонда балаларды атып, тып-тыныш жүре бермекші ме? – дейді Гауһар.

Анасы Сұлтанның қазасына билікті кінәлайды.

Бұл оқиға Еркін мен Гауһардың шаңырағын шайқалтып жіберді. Олардың ақпарат құралдарына шығып, араша сұрауға мұршасы да болмады.

Еркін Қылышбек. Алматы облысы. 6 наурыз, 2022
Еркін Қылышбек. Алматы облысы. 6 наурыз, 2022

– «Дүкенге неге алып шықтың?», «Нан жемей-ақ қойсаңдар болмас па еді?» деген әңгіме, реніш басталды. Бір отбасының быт-шытын шығарды. Үлкен, әп-әдемі жанұя едік. Мына жерде бәріміз жап-жақсы отырушы едік. Балалар бұл үйге келгісі келмейді. Сұлтанның бөлмесі осында болды ғой. Денесін де осы жерден шығардық. Соны көріп, «бұл жақта тұрмаймыз» деді, – деп құлазиды үйде жалғыз қалған әкесі Еркін.

Қазір Гауһар үш баласымен қаладағы туысының үйіне уақытша көшіп кеткен.

СҰЛТАННЫҢ БӨЛМЕСІ

Қаладан бір жарым сағаттай жүріп үйіне жеткенімде 34 жастағы Еркін Қылышбек біреу хал-жағдайын сұрап келгеніне қуанғандай болды.

Екі қабатты үйдің кіреберісінде Сұлтанның велосипеді тұр. «Анда-мында барғанда мінетін көлігі еді, мұны енді ешкім теппейді» дейді әкесі үйдің есігін ашып жатып. Кірген бетте төрдегі қабырғада Сұлтанның портреті мен футбол жарыстарынан алған медальдары ілулі. Бас-аяғы отыз шақты. Төменде Сұлтанның доп тебуге арналған аяқ киімдері мен екі добын қойыпты. «Баламнан қалған бар естелік осы» дейді Еркін күрсініп.

Сұлтанның велосипеді.
Сұлтанның велосипеді.

– Басында боксқа бергенмін. Кейін допқа әуес болып алды. Ыңғайы келсе доп алдыратын. Аулада еңгезердей балалармен доп теуіп жүреді. Сосын футболға бердік. Үйде де тыныш отырмайды. Қағазға қарсыластарын сызып, солардың ойынын зерттейді. Кез келген футболшының өмірбаянын білетін. Тіпті достарым келіп, футболдың айналасында сөз таластырып қалса «Қалай ойлайсың?» деп Сұлтаннан сұрайтын. Балама зор үміт артқан едім. Керемет футболшы болады деп сенгенмін… – Еркін үнсіз қалып, көзін басып ұзақ отырды.

Отбасындағы төрт баланың екіншісі болып дүниеге келген Сұлтан салмақты, бірақ елгезек, жұмысқа жақын болған. Үй шаруасымен де көп жүгіретін. «Тіпті «Алтын орда» базарына жіберетінбіз» дейді әкесі.

Сұлтан Қылышбектің доптары мен спорт аяқ киімдері
Сұлтан Қылышбектің доптары мен спорт аяқ киімдері

– Сөресіне киімдерін түп-түзу қылып жинап қойғанын көргенде таң қалатынмын. Үйде майда-шүйде іздесек бәрі «Сұлтанның сөресін қарамайсыз ба?» дейтін. Түсінбеймін, құдай неге баламды сондай ерекше қылып беріп, осылай алып кетті? – дейді Еркін.

«КӨШЕГЕ ШЫҒУДАН ДА ҚОРҚАДЫ«

Сұлтанның қазасы бауырларын қатты есеңгіретіп тастаған. Әсіресе бір жас үлкен ағасы Арыстанға қиын. «Екеуі қатар өсті ғой. Сұлтан өлгенде «мама, Сұлтанның жоспары көп еді. Ондай жоспар тіпті менде болмаған. Неге құдай мені алмады екен» деп көп жылайтын» дейді анасы Гауһар. Сұлтаннан кейінгі Медина да қайғыдан қан жұтып, бір айдай сабаққа бармаған.

– Медина мен Сұлтан қатты жақын болды. Бір-біріне сырын айтатын. Сұлтан құлап жатқанда жедел жәрдем келмеді дегенді естіген соң қызымда дәрігерлерге деген жеккөрініш пайда болды. Көшеге шығудан да қорқады. Бізді де басында далаға жібермейтін. Шықсақ тағы біреу атып өлтіре ме деп қорқады. Қазір ақырындап сабағына барып жүр. Бірақ бала өлімге қия алмайды ғой. Түнде көп жылайды, – дейді анасы.

Қазадан кейін Гауһар мен Еркіннің де жағдайы мәз емес. Гауһар әлі күнге дейін терезеге жақындауға қорқады. Түнде Сұлтанның құлағанын жиі көреді. Ал әкесі Еркін ісі өнбей, жұмысынан шығып кеткен. «Уайымнан мойныма жара да шығып кетті» дейді ол. Қазір балаларымен психолог жұмыс істеп жатыр.

Гауһардың президент Тоқаевқа қойған талаптарының бірі – қаңтар құрбандарына арналған мемориал тұрғызу. «Баламның аты басқалармен бірге тасқа қашалсын, ұмытылмасын» дейді.

Сұлтан Қылышбектің жұмыс үстелі
Сұлтан Қылышбектің жұмыс үстелі

Гауһар үшін баласы – батыр. «Сол кеште балам не үшін шықты? Мен жалғыз жүрмесін деп шықты. Сол ерлігін артындағы інісіне айтып отырғым келеді» дейді Сұлтанның анасы.

Одан бөлек Гауһар Кәрімбекова «көп балалы ана» мәртебесін қайтаруды сұрайды.

«АУРУХАНАҒА ЖЕТКЕНДЕ АЙКӨРКЕМ ТІРІ БОЛҒАН»

Сұлтанды жерлеп жатқан күні Алматыдағы Мелдехан отбасының төрт баласы әкесінің көлігіне мініп, дүкен іздеп шығады. 7 қаңтарда әр жерден атыс дауысы естілгенімен, қала іші тыныш еді. Елде төтенше жағдай жарияланып, сырттан әскер кіргізілген. Ескертусіз атып өлтіруге бұйрық берілген. Интернет істемей, дүкендер тек қолма-қол ақшамен сауда жасайтын болған.

Мелдехан әулеті қаланың төмен жағында, Сүйінбай даңғылының бойында тұрады. 18-дегі үлкен ұл азық-түлік, жөргек іздеп, орталыққа шықпақ болады. Оған үйелмелі-сүйелмелі Жанел, Бекислам мен 4 жасар Айкөркем де ілеседі. Ата-анасы үйде ең кіші баласы – Рамазанмен қалады.

«Қарындасымды құтқара алмадым, папа»: Қаңтар дүрбелеңінен оққа ұшқан 4 жасар қыздың оқиғасы
 
 Төртеуі дүкен іздеп Сейфуллин мен Сәтбаев көшелерінің қиылысына дейін барады. Бұл жерден бір көше әріде дүрбелең кезінде түгел жанып кеткен қала әкімдігі мен Республика алаңы бар. Балалар Желтоқсан көшесімен кері қайтпақ болып, бұрыла бастайды. Сол сәтте оларға алаңнан біреулер оқ жаудырады.

– Әкімдік жақтан үш жарқылдаған шоқ көрген. Сосын сол жақтан тарсылдатып атқылай берген. Көлік сәл жүрген соң өшіп қалыпты. Балаларым ауруханаға жолдан біреуді тоқтатып жеткен, – дейді Айдос Мелдехан.

Балаларына оқ тигенін Айдос пен жұбайы Динараға дәрігерлер хабарлайды. Екеуі кенже ұлымен ауруханаға жеткенде екі қызы жан сақтау бөлімінде жатқан еді. Көп ұзамай дәрігерлер 15 жастағы Жанелге жеті оқ тиіп, өкпесі зақымданғанын, ал төрт жасар Айкөркемді ажалдан арашалай алмағанын айтады.

Айкөркем бауырларымен бірге осы көлікпен келе жатқанда әлдекімдер оқ жаудырған. Көлік әлі күнге айып тұрағында тұр. Алматы, 15 наурыз 2022 жыл.
Айкөркем бауырларымен бірге осы көлікпен келе жатқанда әлдекімдер оқ жаудырған. Көлік әлі күнге айып тұрағында тұр. Алматы, 15 наурыз 2022 жыл.

Айдостың сөзін тыңдаудың өзі ауыр.

– Міне, мынау бас сүйегі, мында бір бөлігі жатыр, – дейді қан-жоса болған көлігінің суреттерін қарап отырған әкесі. Оқ баланың басына тиіп, бір бөлігін жұлып әкеткен. Бірақ әпкесі Жанел «Айкөркем ауруханаға жеткенде тірі болған» дейді. Жанелдің өзі ауыр жарақат алса да, Айкөркемді ауруханаға дейін көтеріп апарып, сол жерде есінен танып қалған.

– Екі оқ өкпесін тесіп өтіпті. Тағы екі оқ денесінде қалып қойған. Ауруханаға түскенде өкпесі істемеді. Екінші күні сол оқтарды алу үшін жеті сағат ота жасады. Кейін әйтеуір беті бері қарады. Өкпесінен бөлек жамбасынан, ішінен, белінен оқ алды. Дәрігерлер «ғайыптан тайып аман қалған» деп жатыр, – дейді Айдос.

Жақындары Айкөркемді 9 қаңтарда, Талғар ауданына жерледі. Жанел 16 жасын 20 қаңтарда, ауруханада қарсы алды. Ол 21 ақпанда, қаралы күннен бір жарым ай өткенде ауруханадан шықты.

«ТЫҚЫР ЕТКЕН ДАУЫСТАН ҚОРҚАДЫ»

Бала-шағасы бораған оқтың астында қалған Айдостың сол оқиғадан соң денсаулығы сыр берген. Дәрігерлер оған «инфаркталды жағдай» деген диагноз қойған.

Айкөркем – Айдостың қырыққа келгенде сүйген перзенті. Оған дейінгі үш бала ата-әжесінің қолында өскен соң, өзі де қала арасында таксист болып істеп, балаларының көп қызығын көре алмаған. «Сыртқа шығуым азайғанда құдайдан «әкешім» деп мойныма асылатын қыз сұрадым» дейді ол. Одан кейін Рамазан дүниеге келді.

Ата-анасы Айкөркемнің телефондағы барлық фото, видеосын сақтап қойған. Қыздарының бейнесін көрген сайын көзіне жас алады.
Ата-анасы Айкөркемнің телефондағы барлық фото, видеосын сақтап қойған. Қыздарының бейнесін көрген сайын көзіне жас алады.

– Рамазан екеуі бір балабақшаға барды. Мамамыз да сонда есепші болып істейді. Кешке екі баламды алып, жолдасым шыққанша серуендеп қайтатынбыз. Осы бақыттың бәрінен бір күнде айырды. Үйім қара түнек болды да қалды, – дейді әкесі.

Айдос пен Динара Мелдехан көп сөйлегісі келмейді. «Айкөркем қандай қыз еді?» деген сұрағыма анасы бірден көзіне жас алып, «Ерекше еді» деп бірнеше рет қайталады. Артынша екеуі де телефонындағы Айкөркемнің видеоларын көрсетіп, қайсысы қай кезде түсірілгенін айта бастады.

– Мынау – былтыр күздегі Айкөркемнің туған күні. Мейрамханада атап өттік. Бұған дейін балаларымның туған күнін бұлай тойлап көрмеп едім. Бірақ қызым үшін жасадым. Сол кезде ақ көйлегіне қарап «Мен – қалыңдықпын» деп жүрген. Ерке қыз еді. Бетінен қақпай өсірдім, – дейді Айдос.

Айкөркемнің әпкесі Жанелмен түскен суреті көп.

– Жанел сіңлілі болғанда қатты қуанды. Мен жоқ кезде сол қарайды. Бірге ұйықтайды. Шашының ұзындығы да бірдей еді. Қазір «сол күндерді сағындым» деп жылайды, – дейді анасы.

Жанелден үлкен сегіз жасар Бекислам сол күні көлікте болып, қарындасының өлімін көрген. Айдос баласының күнара «қарындасымды құтқара алмадым» деп жылайтынын айтады. «Тықыр еткен дауыстан қорқады. Қарындасымен ойнағаны есіне түсе ме екен, «бұл үйден кетейікші» деп жылайды» дейді әкесі.

Динара мен Айдос Мелдехан. Алматы, 6 наурыз 2022 жыл.
Динара мен Айдос Мелдехан. Алматы, 6 наурыз 2022 жыл.

Қазадан соң отбасы мүшелері тым сезімтал болып кеткен. «Бұрын қалжыңдасып, ұрсысып жүре беруші едік, қазір әңгімеміз шытынап тұрған әйнек сияқты. Қатты айтып қойсаң, сынып кетеді» дейді Динара.

Қазір Жанел мен екі ұл психологқа барады. Жанел сабаққа жақында ғана шыққан.

«ӨЛТІРДІҢ НЕГЕ, АҒАТАЙ?»

Айкөркем туралы мақала жазатынымды айтқанда Айдос қызына арнаған өлеңін жіберіп, содан үзінді қосуымды өтінді. «Мен мәңгі төрт жастамын» деп аталатын өлеңнің бір бөлігі сол күндері мылтық ұстаған әскерилерге арналған.

Еркесі едім үйдегі,

Деуші еді бәрі ботақан.

Қуанушы еді үлкендер,

Берді деп сені жаратқан.

Алаңсыз келе жатқанда,

Қай аға маған оқ атқан?

Атыпсың дәлдеп мылтықты,

Алды-артыңа қарамай.

Осынша неге өшіктің

Кіп-кішкентай балаға-ай?

Не кінәм менің бар еді

Өлтірдің неге, ағатай?!

Айкөркемнің ойыншықтары сол қалпы тұр.
Айкөркемнің ойыншықтары сол қалпы тұр.

ЭКСГУМАЦИЯ, ҚАЙТА-ҚАЙТА АУЫСҚАН ТЕРГЕУШІ

Сұлтан Қылышбек пен Айкөркем Мелдеханның өлімі бойынша қылмыстық істер қозғалған. Бірақ күдікті ретінде әлі ешкім аталмады.

Айдос Мелдеханның адвокаты Қанат Бейсебаев Айкөркемнің ісі қалалық прокуратурадан бас прокуратураға, ол жақтан әскери прокуратурға, содан соң қалалық прокуратураға келгенін айтады. Сөзінше, оқты әскерилер атқаны дәлелденген. Енді кінәліні анықтайтын кезде іс осылай созылып жатыр.

– Көлікте қалған, Жанелдің денесінен алынған оқтарға баллистикалық сараптама жасалып, ол оқтарды әскерилер ғана қолданатыны анықталған. Бірақ іс әрі-бері көшіп жүрген соң сараптама қорытындысын көре алмадым. Сол қорытынды бойынша ол оқтар нақты қандай қарудан атылғанын, қаруды кім қолданғанын оп-оңай анықтауға болады. Соны жасаудың орнына түсініксіз себептермен әскери прокуратура істі қайтадан Алматы қалалық прокуратурасына жіберіп жатыр. Олар істі әдейі былықтырып, сол былықтың ішіне батып кеткенімізді қалайды, – дейді адвокат.

Адвокат Бейсебаев оқтарға тәуелсіз сараптама жасағысы келетінін, бірақ аурухана қызметкерлері «әскери прокуратураға ғана береміз» деп оқты бермей отырғанын айтады.

Азаттық әскери прокуратура мен Алматы қалалық прокуратурасына бұл мәселелер жөнінде сауал жолдаған. Мақала жарияланған уақытқа дейін жауап келмеді.

Ал Сұлтанның әкесі Еркін Қылышбектің айтуынша, ұлының ісі бойынша бес тергеуші ауысқан. Қаза тапқан баланың басынан алынған оққа баллистикалық сараптама да жасалмаған. Қазір отбасы істі бір жағына шығаратын адвокат іздеп жатыр.

11 наурызда Еркін Қылышбек жан түршіктірер жаңалық айтты. Сұлтанның сүйегін полиция туыстарына айтпай эксгумациялаған. Еркінге мұны зират маңында жүрген кісілер хабарлаған.

– Екі жұмысшы, үш полиция қызметкері келіп қазып алыпты. Сол жерде жүрген кісілер видео түсірейін дегенде оларды қуып жіберген, – дейді Еркін. Әкесі ұлының сүйегі әлі қайта көмілмегенін айтады.

Алматы облыстық полиция департаментінің айтуынша, эксгумация жасау туралы шешім баланың анасы Гауһарға Кәрімбековаға жіберілген, ал сол сәтте байланыс жоқ жерде жүріп, хабарды естімеген.

14 қаңтарда Алматының сол кездегі әкімі Бақытжан Сағынтаев Мелдехан отбасымен бірге түскен суретін жариялады. Экс-әкім отбасына көңіл айтып, «үш бөлмелі пәтер береміз» деген. Бұдан кейін ресми органдар қаңтарда қаза болған екі бала жөнінде ешқандай хабар таратпады.

21 ақпанда Мелдехан әулетіне жаңа пәтердің құжаттарын әкелді. Орталықтан алыстау болса да қала ішіндегі үш бөлмелі пәтер алдағы бір-екі айда дайын болады.

Ал Сұлтан Қылышбектің үйіне билік өкілдерінен бірде-бір адам келіп, көңіл білдіріп, жұбатпады.

Екі отбасының психологқа кететін шығыны мен басқа да қажетін балалар құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саин мен бірнеше еріктілер қоры өтеп жатыр.

Қаңтар көтерілісі. Арнайы репортаж
                                                                                                                                                             
azattyq.org
17.03.2022

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 87
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 97
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 193
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 193
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 330
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 333
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 559
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 507

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9207
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8604
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11831
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9601
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10814