Сегіз онның сеңгіріне абыроймен көтеріліп, ғұмырын елге қызмет етуге, ұрпақ тәрбиесіне, ұлт руханияты мен қазақ журналистикасына арнаған Сәуле Мешітбайқызының 80 жасқа толуы – қуанышты да қастерлі белес. Бүгін – «Qazaqstan dauiri» газетінің ұжымы үшін ғана емес, бүкіл қазақ баспасөзі үшін айрықша мерейлі күн.
Сәуле Мешітбайқызы – тағдыр жолында талай белесті бағындырған, қай кезде де елдің сөзін сөйлеп, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған қайсар қазақ қызы. Оның болмысында ұстазға тән мейірім мен сабыр, журналистке тән ізденіс пен өткірлік, қоғам қайраткеріне тән табандылық пен азаматтық жауапкершілік тоғысқан.
Қарымды қаламының қуатымен, ұлттық қасиетке суарылған өр мінезімен, шалқар білімі мен біліктілігімен, алысты қырандай шолатын көрегендігімен, тауды қозғағандай қажырлы еңбегімен ол талай биікті бағындырды. Бірақ оның ең үлкен жетістігі – атақ пен марапат емес, елдің ықыласына бөленуі, шәкірттерінің алғысын алуы, оқырманының сеніміне ие болуы.
Сәуле Мешітбайқызының өмір жолы – бір мамандықтың ғана емес, тұтас бір азаматтық ұстанымның жолы. 1946 жылдың 20 қыркүйегінде Жамбыл облысының Көктерек ауданындағы Бірлік ауылында дүниеге келген Сәуле апайдың еңбек жолы ұстаздықтан басталды. 1963 жылы Шу ауданындағы Новотроицк селосындағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепті тәмамдап, сол білім ордасында аға пионер жетекшісі болып еңбек етті. Кейін Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында білім алып, мұғалімдік мамандықты таңдады. Сөйтіп, жас маманның тағдыры туған елдің мектебімен, бала тәрбиесімен біте қайнасты.
Мерке ауданындағы Тәтті совхозында Мәншүк Мәметова атындағы мектепте, кейін Шу ауданындағы Абай атындағы совхоз мектебінде, А.Жұбанов атындағы мектепте ұстаздық етіп, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Отыз жылдан астам уақытын ұстаздыққа арнаған ол талай буын шәкірттің жүрегіне жол тауып, білім мен тәрбиенің қасиетін қатар ұқтырды.

Ұстаздық – оның өмірлік мектебі болса, журналистика – елмен тілдескен үлкен мінбері болды.
2000 жылы «Қазақтелеком» АҚ жүйесінде мемлекеттік тілді іс жүргізуге енгізу бағытында еңбек етіп, жетекші маманнан бас менеджерге дейінгі қызмет жолынан өтті. Бұл кезеңде де ол ана тілінің абыройын арттыруға айрықша үлес қосты. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған жобалар мен байқаулар ұйымдастырып, телекоммуникация саласына мыңға жуық терминнің енуіне еңбек сіңірді.
Ал журналистикадағы жолы – Сәуле Мешітбайқызының азаматтық үнін кеңінен танытқан үлкен белес. Халықаралық «Қазақстан-ZAMAN», бүгінде «Qazaqstan dauiri» аталып отырған газетте еңбек еткен жылдары ол өзін журналистиканың сан қырлы майталманы ретінде таныта білді. Соңғы он жеті жылда қаламынан жүздеген мақала, сараптама, публицистикалық дүние туды. Олардың дені – ел тағдырына, жер мәселесіне, ауылдың ахуалына, ұлттық құндылықтарға, қоғамның көкейкесті мәселелеріне арналған салмақты дүниелер.
Оның бір ерекшелігі – ол оқиғаны сырттай бақылап, алыстан жазатын қаламгер емес. Ел ішінде жүрді. Ауыл аралады. Алыстағы ағайынның жағдайын көрді. Қуанышын да, мұңын да тыңдады. Республиканың түкпір-түкпірін аралап, жүздеген аудан мен шалғай ауылдарға ат ізін салды. Халықтың жанайқайын, әлеуметтік мәселелерін, елдің ұсынысы мен талабын қағазға түсіріп қана қоймай, оның оң шешім табуына ықпал етуге ұмтылды.
Ауыл экспедицияларын ұйымдастырып, түрлі мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен бірлесе жұмыс жүргізуі, елді мекендердегі өзекті мәселелерді билік пен қоғам назарына ұсынуы – оның журналист қана емес, ел ісіне араласқан азамат екенін айқын көрсетті. Оның қаламынан туған дүниелердің бірқатары кейін кітап болып жарық көрді. Осыдан бес жыл бұрын 600 бетке жуық «Намыс қайрағы» атты жинағы оқырманға жол тартты. Ал жылдар бойы қордаланған жаңа шығармалары тағы бір көлемді кітапқа жүк боларлықтай. Бұл да – мерейтой иесінің шығармашылық ізденісінің тоқтамағанының белгісі.
Ол елді аралап, халықпен етене болып, шындықты батыл айтып, ұлттық мүддені жеке мүддесінен биік қоюдың өнегесін көрсетті. 2017 жылдан бері Сәуле Мешітбайқызы «Qazaqstan dauiri» газетінің, республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының Бас директоры, «ЕлАна» қоғамдық қорының Президенті, «ЕлАна» қоғамдық-танымдық, әлеуметтік-ақпараттық сайтының Бас редакторы қызметтерін абыроймен атқарып келеді. Осы басылымдардың басын біріктіріп, елдік мәселелерді көтеріп, оқырманмен тұрақты байланыс орнатудағы еңбегі өз алдына бір төбе. Сәуле апайдың тағы бір үлкен байлығы – шәкірттері мен ізбасарлары. Бүгінде оның жүздеген шәкірті әр салада еңбек етіп жүр. Еңбекпен өрілген ғұмыр елеусіз қалған жоқ, бірқатар министрліктердің Мақтау грамоталарымен марапатталды. 1988 жылы «Қазақ КСР оқу ісінің үздігі» атанды. Елге сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері» атағына, «Құрмет» орденіне ие болды.
Ғұмырына көз салсақ, бір адамның бойынан бірнеше үлкен мектепті көреміз: ұстаздықтың мектебі, журналистиканың мектебі, ана мен әженің мектебі, елге қызмет етудің мектебі.
Сегіз он – тоқтайтын меже емес, өмірдің жаңа бір белесі. Қаламыңыз әлі де жүйрік, ойыңыз әлі де сергек, жүрегіңіз ел деп соғып тұр. Алда да айтарыңыз, жазарыңыз, атқарар ісіңіз көп болсын! Қаламыңыз мұқалмасын, мерейіңіз үстем болсын! Еліңізге еткен еңбегіңіздің жемісін көріп, абыройыңыз асқақтай берсін! Алла Тағала әр күніңізге қуаныш, әр қадамыңызға береке берсін! Ел-жұрттың ыстық ықыласы мен құрметіне бөленіп, амандықта, қуанышта ғұмыр кеше беріңіз! Қайсар қазақ қызының алар асуы әлі де алда!
Сәуле Мешітбайқызына билік өкілдерінен де, халықтан да құттықтаулар толассыз келуде. Газетіміздің келесі санында да құттықтаулар легін жариялауды жөн санап отырмыз.
Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті,
республикалық
«Мөлдір бұлақ» журналы,
«Elana» ақпараттық-танымдық
сайтының ұжымы
















