Бірнеше күн бойы Шу қаласындағы мөлтек аудандарды аралап, тұрғындарды толғандырған түрлі түйткілдерге көз жеткізген болатынбыз. Әсіресе, Қант зауыты мен Тоғай мөлтек аудандарында шешімін күткен мәселелер көп екенін байқадық. Сонымен бірге Батыс мөлтек ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің мәселесі де кезек күттірмейді.
Осыған байланысты, көз жеткізген күрделі мәселелерді шешу жолын қарастырып, алдағы жұмыс жоспарына енгізу үшін қалаға жауапты тұлғалармен жиын өткіздік. Басқосу барысында алдымен ең өзекті мәселелер қаралды. Олардың қатарында жауын-шашын кезінде су көп жиналатын орындар мен көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін ретке келтіру, қоқыс жәшіктерінің санын арттыру, қала көшелерін жарықтандыру мен қоқысты тазалау жұмыстарын қала әкімдігінің теңгеріміне өткізу, көше жолдары мен жаяу жүргінші жолағын салу сынды түрлі жобалар жан-жақты талқыланды. Қалаға қатысты қолға алынатын бастамалар бұнымен біткен жоқ. Тұрғындар тарапынан көтерілген түйткілдерді әрдайым назарда ұстайтын боламыз. Ұзақ жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерді аз ғана уақытта ретке келтіру мүмкін емес екені анық. Бірақ жұмысты бір жүйеге келтірсек, қолға алған әрбір жоба қатаң қадағаланса қандай да бір нәтиженің болары сөзсіз. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта одан әрі жандана түсетін болады.