Көрнекті жазушы және драматург, журналист Әлдихан Қалдыбаевтың тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды.
Ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне жазушының қаламдас достары, зиялы қауым өкілдері, туған-туыстары қатысты.
Шарада сөз алған Тараз қаласы мәслихатының хатшысы Кенжебек Олжабай көрнекті тұлғаның өмір жолына тоқталып, мұндай тағылымды шараның өткенге құрмет, келешекке тәлім екендігін атап өтті.
Жиында жазушының туған-туыстары, қаламдас достары естеліктер айтып, балалар бағбанының сан қырына тоқталды.
Жазушы Әлдихан Қалдыбаев 1939 жылы 3 қазанда Жамбыл облысының Шу ауданындағы «Кербұлақ» ұжымшарында туған. 1963 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Еңбек жолын 1963 жылы Қызылорда облысының Арал ауданындағы Бөген орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалiмі болып бастаған. Екі жыл Кеңес әскері қатарында әскери борышын өтеді.
Әлдихан Қалдыбаев балалар мен жасөспірімдерге арналған «Көк дөңгелек» «Қос тентек», «Су тасушы Әшірбек», «Байнаш солдат», «Шаншар атай», «Мишка – менің досым», «Өзен жағасында», «Солдат болу оңай ма?», «Жалын», «Менің ағам – солдат», «Көк дөңгелек», «Автобус аялдамасы» кітаптарының авторы. Жазушының бірқатар туындылары орыс, белорусь, армян, түрікмен, татар тілдеріне аударылған.
Ә.Қалдыбаев – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Жамбыл облысының Құрметті азаматы.