БӘРІНЕ ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖАЙЛАҒАН ЖҮЙЕ КІНӘЛІ
Күні кеше «Елбасын күнім деген, онсыз ішкен қара суым ірің» деген небір жағымпаздар Парламент пен Ақорда да міз бақпай отыр кімнің тарысы піссе, соның тауығы болып шақырып. Тағы айтамын, ескі кадрлармен «Жаңа Қазақстан» құру – отқа ұмтылған көзсіз көбелектің тірлігі. Әлі күнге елді сарсаңға салған, елдің бар байлығын тонап, халықты қанап келген бұрынғы дөкейлердің тауығының аяғы да сынған жоқ. Олар миығынан күліп, реті келсе жасауға дайын бүлік. Мұның бәрі шақырады күдік...
Әр жаңа жылдан жақсылық күту барша адам баласына тән қасиет қой. Қазаққа екі бастан. Сондықтан әр жаңа жылда амандықпен жүздесуді Алла Тағала баршамызға нәсіп еткей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай. «Бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе ел қалар, берекең кетсе нең қалар?» деген бабалар тәмсілі есімізден шықпаса деймін, ағайын.
Иә, жылдар сырғып өтуде. Әр күніміз, әр ісіміз тарихқа айналуда. Тәуелсіздік алған 30 жылдың бедеріне көз жүгіртсек, бұлғақ та, сырғақ та, төңкеріс те, өр кеуде іс те көп болыпты. Санамалай берсек, таңды атыру түк емес. Бәрінің де себептері бар. Ашынған жұрттың жанайқайы селдей тасыпты. Бәрін де билік күшпен басыпты. Әсіресе Қаңтар оқиғасы, Қаңтар қырғыны мәңгілікке ел есінде қалмақ. Жаңаөзендегі қырғын басқа әңгіме. Аңды атқандай аңыратып елді ату аңдаусызда болған іс деуге келмес...
Осы жерде айта кеткім келетіні, Қаңтар оқиғасына қатысты бүгінгі айтылып жатқанның бәрі ақиқат емес. Жалған дегеннің бәрі өтірік емес. Ақиқатты келер ұрпақ айтады. Солай болған. Солай бола береді. Шындық сол кезде тасқа қашалады. Бүгінгі кейбір екіжүзділер мен тоғышарлардың, күні үшін жүрген қулардың бетпердесі сонда шешіледі. Оған еш күмәнім жоқ
Бұл жолы қолыма қалам алдырған дүние – Парламент Мәжілісі қабырғасында осымен екінші рет өткен Бас прокурор мен құқық қорғау органдарының басшыларының «Қанды Қаңтар» оқиғасына қатысты тыңдалымы болды. Ең басты айта кететін нәрсе – бұл Парламенттегі тыңдау тікелей эфирде өтті. Бұл мемлекеттің, биліктің ашықтығын және осы ауыр мәселенің егжей-тегжейін анықтауға ерекше мүдделі екенін көрсетті. Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың «Халқымыздан жасыратын ештеңе жоқ, қоғам да шындыққа көз жеткізуі керек деп санаймыз!» – деген сөзі маған ұнады. Қалай десекте баяғыдай емес, бүгінгі билікте ашықтық бар. Демократияға деген «ғашықтық» бар. Оған жарқын мысалдың бірі Республика алаңында QAŃTAR құрбандарын еске алу үшін «Тағзым» мемориалының салынуы. Бұл марқұмдарға көрсетілген құрмет деп түсінген абзал.
5 қаңтар – қазақ халқы үшін қаралы күн. Мұны бүгінгі билік те мойындап отыр. Маңғыстау облысында сұйылтылған газдың қымбаттауына қарсы 2 қаңтарда басталған наразылық әр өңірде қолдау тауып, жұрт алаңдарға жиналды. Ереуіл тұтас Қазақстанды жайлады. Бейбіт митингімен басталып, бүлікпен аяқталған Қаңтар қырғыны бізге сабақ бола алды ма? Себебі қымбатшылық халықты тағы қысып барады. «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» демекші, қайда барсаң да өскен баға, қамыққан жұрт, жасыған ұл, көзі жасаураған қыз..
Қазақстанда қаңтарда «кейбір ықпалды адамдар билікті басып алуға талпынған» деседі. Мұны 230-дан астам адамның өмірін қиған қайғылы оқиғалардан кейін жариялаған халыққа Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзі айтты. Бірақ ол әлгіндей әрекетке барғандардың аты-жөнін атамай, «мемлекетке опасыздық жасағандар» ісі тергеліп жатқанын ғана айтты. Әріге бармады. Терең қаузамады. Жолдауда бұрынғы президент кезінде қалыптасқан билік жүйесіне өзгерістер енгізу туралы да айтылды. Бірақ өзгеріс өте баяу жүргізілуде.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 16 наурызда Парламентте жариялаған Жолдауында жыл басында Қазақстанның барлық өңірінде бейбіт шерумен басталып, ел тарихында бұрын-соңды болмаған үлкен қантөгіспен аяқталған Қаңтар оқиғасына тоқталды
БАС ПРОКУРОР БАСТЫ ШЫНДЫҚТАРДЫ АЙТА АЛДЫ МА?
Айта кету керек, 2019 жылы наурызда Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кеткен кезде орнына қалдырған Тоқаев сол жылы маусымда өткен сайлаудың ресми қорытындысы бойынша Президент болып сайланды. Содан бері көпшілік алдында сөйлеген кезде Тоқаев үнемі экс-президенттің аты-жөнін атап, оның еңбегіне мақтау мен мадақ араластыратын. Бірақ кейінгі жарты жылда оның сөзінде бұрынғы президенттің есімі жиі айтылмайтын болды. Көңілі қалған секілді. Баяғыдай елпектеу жоқ. Өзін одан алшақтау ұстайтыны байқалады. Былтырғы қаңтардағы дүрбелең кезінде Тоқаев экс-президент Назарбаевта қалған соңғы лауазым – Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін өзіне алды. Көп ұзамай Назарбаевтың туыстары мен оған жақын өзге де адамдарды биліктегі басшы қызметтен аластатты. Қаңтардағы дүрбелең кезінде билікке талас жүріп жатқаны жайлы жиі айтылған болжамдарды Назарбаев та, Тоқаев та мойындамаған еді. Қаңтар оқиғасы кезінде Назарбаевтың жақын серіктерінің бірі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның үш орынбасары тұтқындалды. 14 наурызда Қазақстан бас прокуроры Берік Асылов Парламенттегі баяндамасында «мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алуға әрекет жасау және аса ірі мөлшерде пара алу бойынша 15 қылмыстық іс қозғалғанын» хабарлады. Оның ішінде Мәсімов пен үш орынбасарының ісі де бар. Өкінішке орай, сот процестері жабық өтіп жатыр.
Азамат Битан секілді жас жігіттердің «Бөтен біреулер ойдан құрастырған, ақиқатты бүркемелейтін, тек бір адамның көңілін аулау үшін жасалған жобалар ешқашан ұлтты бірлікке бастай алмайды. Уақыты келгенде санасы азат ұрпақ шындықтың қан тамған шымылдығын түріп тастап, бал тамған өтірігін құлатып тастайды» дегені түрлі ойға итермелейді.
«Қасіретті қаңтар» оқиғасынан мемлекет, билік, қалың ел қандай сабақ алуы керек? Жоғары да оны сараптау үшін 30 жылдық тарихқа қысқаша үңілу қажет екенін ескертіп өттім. Депутат Ерлан Сайыров айтпақшы, иә, мемлекет құрдық, Астананы салдық, еліміздің шекарасын шегендедік. Бұл рас! Дегенмен, 30 жылдың ішінде халық пен билік арасындағы қарым-қатынаста әділеттілік принциптерін аяққа басу, өткен ұрпақтың маңдай терімен жасалған ұлттық байлықты әділетсіз бөлу фактілері де молынан болды. Ұлттық байлық ат төбеліндей топтың еншісінде кетті. Олигархтарға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмады. Электр энергетикасы, мұнай, металлургия саласы сол кездегі билікке етене жақын топтарға «таратылып» берілді. 2007 жылдан 2019 жылға дейін Ұлттық Қордан екінші дәрежелі банктерге 9 трлн теңге таратылды. Бұл қаржының басым көпшілігі әлі қайтарылған жоқ. Яғни, өткен жүйеде байлар байып, кедейлер кедейлене берді. «Әлемдік банктің» есебі бойынша, Қазақстан халқының 15 %-ы кедей санатында. 30 жылдың ішінде «мемлекеті бай, халқы кедей» қоғамға айналдық. Халық саясаттан шеттетілді. Ескі жүйенің «әлеуметтік әділетсіздік» фактілері, халықты саясаттан шеттету тенденциясы мемлекетті, қоғамды, жұртты «Қасіретті қаңтарға» итермеледі, жақындатты.
Қасіретті қаңтар оқиғасына жыл толды. Осы уақыт ішінде қанды оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп, түрлі комиссиялар, жұмысшы топтары мен азаматтық қоғам өкілдері зерттеулер жүргізді. Дегенмен, әлі күнге дейін оқиғаның мән-жайы ашық айтылып, оның әділ бағасы берілген жоқ. Қоғамда қарама-қайшы пікір туындамауы үшін болған оқиға бойынша толық түсінік қажет болып отырғанын ерекше айтқым келеді.
Бір қуанарлығы, ел көкейінде жүрген сұрақтарға Парламент депутаттарының назар аударып, күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдар басшыларынан жауап беруін талап еткені ерлікке пара-пар іс. Жеке мүддесін ойлаған депутаттар болса, өз арына тапсырдық. Халық сыншы бәрін көріп-біліп отыр. Қазір кімнің кім екені тайға таңба басқандай айқын. Осы жерде айбарлы ақын Сабыр Адайдың:
«Таққа шығып ұлтты іздеу – ұлылық,
Ұлтты езіп таққа шығу – зұлымдық!» деген жыр жолдары ойыма оралып отыр
Өткен бейсенбіде ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында мәселе осымен екінші рет талқыланды. Бас прокурор Берік Асылов депутаттар сауалына жауап берді. Сонымен қатар жиынға Ішкі істер министрі мен өзге де сала басшылары, заңгерлер мен сарапшылар, оқиға куәгерлері қатысты.
Бас прокурорға депутаттар тобының қойған сауалы нақты болды. (Халықтың көкейінде жүрген ойлар айтылды. Бұл да болса әлеуметтік желінің тигізген пайдасы болар). «Мұны ұйымдастырған кімдер? Қаскөйлердің негізгі мақсаты не болды? Қаңтар оқиғасы қандай зақымдар мен шығындар келтірді?». Өз кезегінде Берік Асылов оқиға бойынша толық мәлімет бар екенін жасырмады. Тергеу органдары оқиға хронологиясын, негізгі ұйымдастырушыларды анықтапты. Олардың ішінде жоғары лауазымды адамдар мен ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері болғаны нақтылана бастады.
– Барлық қаза болғандардың кім екенін, олардың қайтыс болу себептерін зерттедік. Қару-жарақты іздеу жалғаса береді. Қылмыскерлер жауапқа тартылып жатыр, оның ішінде қызмет мүддесіне опасыздық жасап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегендер де бар. Азаптау бойынша істерді аяқтап қалдық, – деді Б.Асылов. Ол шабуылды тойтару, төтенше жағдай мен антитеррористік операция барысында 238 адам қайтыс болғанын ашық айтты. Оның ішінде 41 адам бұрын сотталған. 67 адам шабуылдаушы деп танылды, 142 адам – төтенше жағдай мен антитеррористік операция режимін бұзушылар. 4 адам басқа да қылмыстар жасау кезінде өлген. Жалпы, Алматы қаласында 151 адам қаза тапты. Олардың көбі Президент Резиденциясын шабуылдау кезінде қайтыс болған. Адам өлімі Қызылорда, Шымкент және Тараз қалаларында да тіркеліпті.
ҚАҢТАР ҚЫРҒЫНЫНЫҢ АРТЫНДА КІМДЕР ТҰР?
Қаңтарда жасалған қылмыстар бойынша 5 300 қылмыстық іс қозғалған. Басым бөлігін Ішкі істер министрлігі тергеген. Олар негізінен адам өлтіру, ұрлық, қарақшылық, қару-жарақ ұрлау баптарына қатысты. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алу, аса ірі көлемде пара алу фактілерін тергеген. Арнайы прокурорлар 720 қылмыстық істі тергепті. Бұл істер бойынша тыйым салынған экстремистік топтардың 25 мүшесі ұсталған. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың 42 мүшесі қамауға алыныпты. Одан бөлек, күдіктілердің арасында деструктивті діни ағымдардың 8 жақтаушысы бар көрінеді. 126 адам кісі өлтіру, ұрлық, тонау және қарақшылық жасағандары үшін бұрын сотталған. Негізінен жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардың көбі 35 жасқа дейінгілер екен.
Бұдан бөлек, Бас прокурор 2022 жылы қаңтарда болған жаппай тәртіпсіздік бойынша күдікке ілінгендер арасында Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан азаматтары бар деп хабарлады. Бірақ нақты саны мен аты-жөнін атаған жоқ. Айтуынша, Бас прокуратура тергеген істер бойынша 573 адам сотталған. Соның ішінде екі іс теракт жасау фактісі бойынша қаралған. Бұдан бөлек, Б.Асылов қазіргі таңда жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар ретінде 18 адам анықталғанын жеткізді. Олардың 13-іне қатысты іс сотқа жіберілген.
– Жалпы, тергеу келесі сұрақтарға жауап табуы қажет болды. Тонаушылардың әрекетін кім үйлестірді? Ұйымдастырушы кім? Олардың көздеген мақсаты не? Мен айтып өткендей, қаңтарда еліміздегі жағдай өте күрделі болды. Арнайы жасалған сценарий бойынша біздің қоғамдағы татулықты әдейі шайқағаны қазір түсінікті. Ол кезде көпшілік теңсіздікке наразылық білдірді, әділеттілікті аңсады. Тек бір сылтау қажет еді. Ол газ бағасының өсуі болды.
Өздеріңіз білетіндей, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшыларына қатысты мемлекетке опасыздық жасау және басқа да аса ауыр қылмыстар туралы іс «аса құпия» режимінде тергелді. Материалдарды жариялауға шектеу қойылған, өйткені оларда мемлекеттік құпиялар бар. Істе сыртқы саяси, қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметіне қатысты мәліметтер енген, – деді Б.Асылов.
Сондай-ақ Бас прокурор ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасары Садықұловқа қатысты мемлекетке опасыздық жасау, билікті күштеп басып алуға бағытталған әрекеттер, лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану бойынша іс сотқа берілгенін атап өтті. Тағы бір бұрынғы орынбасары Ерғожин билікті күштеп басып алуға бағытталған әрекеттер, лауазымдық өкiлеттiгін асыра пайдалану бойынша айыпталған. Сондай-ақ бұрынғы орынбасары Осиповке және ҰҚК бөлімшелерінің басқа басшыларына өкiлеттiктерді асыра пайдалану айыбы тағылып отыр.
– Басқа ақпаратты аша алмаймын. Қастандықтың нақты егжей-тегжейін айтуға құқығым жоқ. Жыл бойы, жасырын түрде радикалды шара қолдану үшін орындаушыларды дайындау жүргізілгенін ғана айта аламын. Орындаушылардың қатарында ұйымдасқан қылмыстық топтар болған. Олар адамдарды жинап, қаруландырған, рация және көлік сатып алған. Тергеу анықтағандай, осы бүлдіргі әрекеттердің басында күш құрылымдарының жекелеген өкілдері тұрған. Мысалы, тергеу нұсқасы бойынша Алматыда Жұмагелдиев ерекше рөл атқарған. Оның әрекетін ҰҚК-дегі кураторы үйлестіргені анықталды, – деді Б.Асылов.
Бас прокурордың сөзіне сенбеске шара жоқ. Тергеу ісі жайлы әйтеуір мәлімет алынды. Халық құлағдар. Бұл да үлкен жеңіс. Бірақ бар қызық елді дүрліктірген 20 мың террористің ізім-ғайым жоғалып кеткенінде болып тұр ғой. Қайда олар? Көрген кім бар? Президент Тоқаевқа ол мәліметті кім берді? Ескертусіз оқ атудың астарына үңілуге не кедергі? Осы тектес бұқараның сауалдарына кім жауап береді?
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым: «...Бірінші. Қаңтар оқиғасы о баста бейбіт шеру ретінде басталған болатын. Өкінішке орай, оңтүстік өңірлерде, әсіресе Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында криминалдық, реваншистік күштердің араласуы себебінен іс насырға шауып, жаппай тәртіпсіздіктерге, қарулы бүлікке ұласып кетті. Яғни біздер бейбіт шеру мен жаппай тәртіпсіздіктер, бейбіт наразылық пен мемлекеттік төңкерісті шатастырып алмауымыз қажет.
Екінші. Қаңтар оқиғасы кезінде елді алып, мемлекетті сақтап қалған екі фактор бар: бірі – қазақ халқының парасаты мен бірлікке деген ұмтылысы, екіншісі – президентіміз дер кезінде қабылдаған тарихи шешімдері. Мемлекет басшысы сол күндері табандылық танытпағанда, Қауіпсіздік кеңесінің тізгінін бірден өзіне алмағанда, біздер бүгінгі мына жиынды өткізіп отырмас едік. Керек десеңіздер, адам шығыны да жүздеген емес, мыңдаған, ондаған мың адаммен есептеліп, қаралы тізім әлі күнге дейін жалғасып жатар еді. Тағы бір мәселе; ОДКБ әскерінің елге келуіне байланысты. Еліміздің бірлігін қаламайтын күштер, билік пен халықтың арасына жік салу үшін талай дақпырт таратты. Мысалы, орыс немесе қырғыз әскері халыққа оқ атты деген сияқты. Шындығында олай болмағаны ақиқат!...» деді. Кесіп-пішіп сөйлеуіне қарағанда депутат өз сөзіне болашақ ұрпақтың алдында жауап бере алатын сияқты. Оны біз көрмеспіз, болашақ ұрпақ көрер. Бағасын берер...
«Жаңа Қазақстан» құр сөзбен құрылмайды ешқашан. Өтірік өрге бастырмайды. Билік басына ұлтын сүйетін, өршіл рухты азаматтар келмесе, жаңашылдықтың ауылы алыс. Әділдік салтанат құрмай, демократия дамымай, билік пен халық жақындаспай, шындық өз биігіне көтерілмей, бәрі бекер. Өзіңді-өзің құр алдаудан билікке де, халыққа да пайда жоқ. Бүгінгі біздің биліктегі шенділер мен шекпенділер әлі күнге халықты көзге ілгісі келмейді. Реті келсе сөзбен іреп кетуге құмар. Таптап кетуге құштар. Осы орайда көкейде сұрақ көп. Кеше соның бір парасын журналистер прокурорға сұрақ қойғанда байқадық. Оларды мәдениеті төменге санап, итке теңегені – ақтауға келмес үлкен айып. Бұлар неге сондай, халықты кінәлауға бейім тұратындары несі? Бұрынғы Жаңаөзен қырғыны бар, кешегі Қаңтар қасіреті бар, ешқашан ұмытылмайтын қанды оқиғалар. Өлген жат біреу емес, өз бауырымыз, өз баламыз ғой. Соны сезінетін жүректер аз секілді. Тобырлық, құлдық санадан арылып, оянбасақ, шындықтың беті ашылмақ емес. Жазықсыз атылғандар, шейіт жандар сұраусыз, құнсыз кетпеуі керек. Ал біз соны талап етуге міндеттіміз. Өліміз тірілсе де, тіріміз өлсе де, шындықты айтуға міндеттіміз. Өйткені Ел мен Жер – біздікі, қазақтікі. Тәуелсіздік, азаттық бізге керек, ұрпаққа керек!
МЕМЛЕКЕТТІ САҚТАУ ҮШІН БИЛІККЕ ЕҢ КЕРЕГІ – ЕЛ СЕНІМІ
Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның мына бір сөзі нысанаға дөп тигендей көрінді. «... Жаңа Бас прокурор мен Ішкі істер министрінің баяндамасын тыңдадық. Мемлекеттік төңкерістің отын көсеушілер айтылды, ал көсемі кім? Ол неге айтылмайды?Ақиқат толық айтылмаса, ел сенімі жоғалады! Ал мемлекетті сақтау үшін билікке ең керегі – Ел сенімі! Ел сенімі жойылудың соңы қандай болатынын Қаңтар қасіреті көрсетті! Біз әркімнің әрекетіне әділ баға беру үшін, алдымен лаңкестер мен экстремистерді, содырлар мен қарақшы-тонаушыларды бір бөлек, ал әлеуметтік әділеттілікті талап етіп, бейбіт шеруге шыққандарды бір бөлек қарау қажет дегенбіз. Өйткені, содырлар жейтін соққыны момындар да жеп жатты... Ал жазықсыз жандар жазаланбауы қажет еді. Қамалғандарды азаптағандар қатаң жазалануы тиіс!
Баяндамаларда айтылғандай, қамаудағыларды азаптау жайлы 329 іс қозғалған? Бұл не масқара?! Азаптау акциясы басталған ба, не бұл? Әлде құқық қорғау органдары құқық қорлау органдарына айналған ба? Бұл бұған дейінгі қалыпты іс пе? Құқық қорғау органдарында ешкім бұйрықсыз қадам баспайды, азаптауға кім бұйрық берген? Ең ауыры, қаза тапқандар ішінде ел қамы үшін ереуілге шыққандар да, тіпті, бейбіт тұрғындар да кетті. Жазықсыз қаза тапқандардың бәрінің аты-жөні Тәуелсіздікті қорғауда құрбан болған шейіттер ретінде аталуы тиіс. Біз әр өзгеріс, әрбір алға басқан қадамымыз үшін Қаңтар құрбандары алдында қарыздармыз!».
Яғни, Қаңтарда Тәуелсіздікке қауіп төнгені рас болса, ұйымдасқан топтардың билікті басып алуды көздегені дәлелденсе, сол биліктің ең жоғарғы эшелонында отырған, қазір де лауазымды міндетті алып жүрген жүздеген басшылар Қаңтар көтерілісі бойынша тергеліп, заң алдында жауап берсін! 1 жыл бұрын жоспарланған бүлікті алдын ала білген мемлекет сатқындары ұсталып, қамалсын!
Мемлекеттің тұрақтылығын, азаматтардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмағандар, дүрбелең кезінде сырттан төнген жалған жаңалықтар, фейк, арандату мазмұнындағы хабарламалардың алдын ала алмаған басшылар, интернет қорғанысын уысынан шығарып алғандар, миллиардтаған бюджет қаржысы жұмсалса да ұлттық ақпарат саясатын жүзеге асыра алмаған лауазымды тұлғалар, керек болса осы салаға жауапты болған министрлер, вице-министрлер, комитет басшылары тергеліп, кінәлары анықталған жағдайда жауапқа тартылуы керек!
Көздері жалтақ-жалтақ, сөздері балдыр-батпақ кей депутаттарға халық наразы. Желдің ыңғайына қарай жалт бұрылатын, ода айтуға шебер мырзалардың Парламентте отыруға моралдық құқықтары жоқ. Азамат Битан балам айтпақшы, «Астанаға Нұр-Сұлтан атауын бергендер, Нұр-Сұлтаннан бір күнде Астана жасаған депутаттар біреуі қалмай Мәжілістен кетуі керек! Қайтып келмеуі керек! Қаңтарда елмен бірге бола алмаған, жазықсыз сотталып бара жатқан ауылдан келген жігіттердің бостандығы үшін араша түспеген, Үкіметке сөзін өткізе алмай отырғандарға Парламентте орын жоқ!». Атақты түрік жазушысы Хусейн Нихал Атсыз: «Отаның мен халқыңа опасыз болу үшін міндетті түрде еліңді тонап, әскери құпияны жауға сату қажет емес. Дұшпанға тамсанып, өз мәдениеті мен тарихын мансұқтау, жаудың мүддесін өмір салтына енгізу де – сатқындық» дегенін ел боламын деген ұлт бір сәт естен шығармауы ләзім
ТҮЙІН: Алаш ұланы Міржақып Дулатұлының: «Біреудің көрнеу жауыздығын айтпаудың өзі – жауыздық. Біреудің ұрлығын біле тұрып айтпасаң, сен өзің ұрысың!» – дегені ұстанған ұраным менің. Дамыған елдерде пікірге талас жоқ. Демократия бар жерде – сан алуан ойлардың айтылуы заңдылық. Журналист, қоғам белсендісі Дина Елгезек Қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚК-нің экс-төрағасы Кәрім Мәсімов мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген ресми нұсқаға сенбейтінін, бүліктің артында тұрғандарды билік бүркемелеп отырғанын жазды. «Қазақстанда өзге ұлт өкілін Президент етіп тағайындамайтынын Мәсімов білмеді дейсіз бе? Әрине, білді. Қазақ оған өлсе көнбейтінін де білді. Тоталитарлық режиміңді пысқырмай, орыстың елде төрелік етуіне қарсы шыққанын да көрді. Қазақтың табиғатын, елін біреуге басқартып қоймайтынын біле тұра Мәсімов Тоқаевтың орнын алғысы келді, Мәсімов – бас ұйымдастырушы деген ертегіге кім сенеді? Билікті алғысы келген адам ең бірінші Ақорданы шабуылдамайды ма? Соған Мәсімовтың басы жетпеді дейсіз бе? Нақты тапсырыс беруші кім? Неге атамайды Прокурор? Неге жасырасыңдар елден? Тоқаев, кімді бүркемелеп отырсыз? 1 жыл үндемедік. Неге айтқызбайсыз шындықты?» – деді журналист facebook парақшасында.
Белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайдың да әлеуметтік желідегі жазбасы көптің көкейіндегі оймен сабақтасып жатыр. Қаңтар оқиғасына міне бір жыл толды. Бірақ әлі түйіні толық тарқатылып, шындық айтылмай отыр. Сұрақ көп, жауап жоқ.
Менің ойымша да билік халық алдында мына сұрақтарға ашық әрі шынайы жауап беруге тиіс:
- Қаңтар оқиғасында билікті күшпен тартып алу бойынша тұтқындалып, тергеуде отырған Мәсімовтың арғы жағында кімдер тұр? Тапсырыс беруші кім? Билік уақыт созып барып, мәселені Мәсімовпен ғана түйіндесе, бұл Заманбекке өз-өзіне үш рет оқ атқызғаннан да бетер өтірік болады.
- 238 адам қаза тапқан қасіретті қаңтар оқиғасының тергеуі неліктен жабық өтуде? Тергеуде отырған Мәсімов пен оның сыбайластары негізгі тапсырыс берушіні жария етіп жібере ме деген сақтық па?
- Халықты арандатты, қару қолданды делінген бандиттер кімдер? Нешеуі тұтқындалып, қаншауы оққа ұшты? Қашып кеткендер ше?
- Абайсызда оққа ұшты делінген бейбіт азаматтардың отбасыларына құн төленді ме? Олардың отбасыларынан ресми түрде кешірім сұрала ма?
- Алтыншы қаңтар күні «Біз бейбіт халықпыз, біз қарапайым халықпыз, біз террорист емеспіз» деген жазуы бар үлкен плакатпен алаңда тұрған бейбіт халыққа ешбір ескерту жасалмастан, тілдесіп сөйлеспестен әскерилердің оқ атқандығы жайлы куәгерлердің сөздері, түсірілген бейне үзінділері бойынша тергеу жұмысы жүргізілді ме? Анық-қанығы айғақтармен расталды ма? Алаңда бірде-бір бейнебақылаудың болмауы мүмкін емес қой! Куәгерлердің айтқанындай әскерилердің бейбіт халыққа оқ атқандары рас болса, ол жерде жазықсыз қанша адам мерт болды? Оқ атқан кімдер? Бұған кім жауапты?
- Бүкіл елдің жарты байлығын 162 адам иемденіп отырғанын Президенттің өзі ашық айтқан болатын. 162 адам, олар кімдер? 30 жыл бойы байлыққа әділетсіз жолмен иелік еткен олигархтар әлі күнге дейін неліктен жауапқа тартылмайды
Осы секілді Қаңтар көтерілісіне және отыз жылдық тонауға қатысты сұрақтарға ашық әрі шынайы жауап берілмейінше, халық пен билік арасында ешқашан сенім орнамайды. Ал сенім жоқ жерде даму да, тұрақтылық та болмайды. Қанша уақыт өтсе де, билік осы сұрақтармен ылғи бетпе-бет келетін болады. Тарих алдында, ұрпақ алдында, ақыретте міндетті түрде сұрауы болады.
Айтпақшы, Қаңтар туралы «шырылдаған» Мәжіліс депутаттары осыдан 1 жыл бұрын қайда болды? Неге сол кезде араша түспеді? Шындықты неге талап етпеді? «Жау кеткесін қылышты боққа шабу» қашан тыйылады? Жаңа Қазақстанда жаңа көзқарас қашан қалыптасады? Бұл әлеуметтік желідегі қауымның сауалы. Бұған кім жауап бере алады?
Батыр бабам Бауыржан «Өтіріктің балын жегенше, шындықтың уын іш» депті. Бұл шындап кіріссе, ұлтына жаны ашитын кез келген пенденің тәуекелге барып істейтін ісі. Ел анасы деген халық берген атым бар, елдің амандығын тілеймін үнемі. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнаса деймін. 30 жылдағы жылтыр саясат енді қарасын көрсетпесе деймін. «Қорқақты қуа берсең, батыр шығады» демекші, халықты алдай берген үкімет те бұқараның жел сөзге сене кетпейтінін ескерсе деймін. Өткеннен сабақ алу – бүгінгі билікке сын! Енді отыз жыл халықты алдау мүмкін емес. Оның ақыры күрес пен төңкеріске апарып соғады.
Ана Отанына, ұлы мен қызына жамандық тілемейді ғой ешқашан. Мұқағали айтпақшы, «Отан деген маған да, саған да ана!». Кейде Үкіметті қатты сынап жатсам, әлеуметтік желідегі халықтың жанайқайы билікке жетсе дегенім. Елдің сөзіне құлақ асса дегенім. Ана болғасын мен де көп нәрсеге қуанамын, көп нәрсеге қуарамын. Ел іргесі сөгілмес еді: билік әділ болса, жемқорлық жойылса; Халықты қанайтындар тыйылса; Қазақтың ен байлығы өзіне ғана бұйырса;
Кезінде Тұңғыш Президентке «Елбасы» деп атақ бергендер, сөйтіп даңқпен «матап» келгендер «Жаңа Қазақстанға» «жаңарып» барғысы келіп, Қазақстанның конституциялық сотына «Елбасы туралы» заңның жойылуына арыз беріпті. Сөйтіп бар жамандықтан тазарып алуды «парыз» көріпті. Бірақ бұл әрекет халықтың сенімінен шығуға септігін тигізбейді. Қазаншының еркінде ғой қайдан құлақ шығарамын десе де, әйтсе де жығылғанды жұдырықтай беру ешкімге абырой әперген емес. Жалған дүниеде жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды. Бүгінгі тау көріп жүрген тұлғаның дәурені өткенде төбешікке айналуы әп-сәтте. Негізі әділетті Қазақстанның іргетасы қаңтар көтерілісінің әділ тергелуінде жатыр. Боздақтардың боздап кеткен ғұмыры билікке сабақ алса ғана «Жаңа Қазақстанда» гүлдену басталады. Айтқым келгені осы еді.