Қаныштың қамқорлығын көрген...

Қаныштың қамқорлығын көрген...

Павлодар облыстық көркемсурет музейіне жерлесіміз, көрнекті суретші Нағымбек Нұрмұхаммедовтің есімі берілгені жайлы бұған дейін де хабарлаған едік. 1950 жылдары ұлттық бейнелеу өнерін Қазақстанға ғана емес, бүкіл Кеңес Одағына танытқан қылқалам шеберінің өмірі мен шығармашылығы жайлы білетінімізден білмейтініміз көп. Осы ретте оқырман қауымға өнер қайраткерінің еңбегін толығырақ ұсынуды жөн санадық.

Нағымбек Нұрмұхаммедов – Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақ КСР-нің халық суретшісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы Қазақ КСР-ның мемлекеттік премиясының лауреаты. Ол 1924 жылдың 6 қарашасында Семей облысының Сайтанды жерінде (қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданы) дүниеге келген. Қылқалам шеберінің әкесі Жәлеледдин деген кісі де халық руханияты жолында қызмет еткен, ұлтына жанашыр тұлға болыпты. Ол – халық мұғалімі деген атқа ие болған тұңғыш қазақтардың бірі. Бірнеше тілді жетік меңгерген және  ежелгі қолжазбаларды жинаумен айналысқан. Нағымбектің жеті жасында әкесі қайтыс болғаннан кейін Новосібір және Алматы қалаларының балалар үйінде тәрбиеленді. 1940-1942 жылдары Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде білім алған. 1942-1945 жылдар аралығында Жоғарғы әскери-теңіз училищесінде Әскери-теңіз флотының Әуе қорғанысын қамтамасыз ететін бөлімшеде даярлықтан өтті. Ұлы Отан соғысында ағасы қаза болып, өзі еріктілер қатарында майданға аттанып, Қара теңіз және Балтық флоттарының әскери бөлімдерінде жауынгерлік борышын өтеді. 1946-1947 жылдары Ленинград қаласындағы Бүкілресейлік Өнер академиясының орта көркемсурет мектебінде білім алып, 1953 жылы И.Е.Репин атындағы Ленинград кескіндеме, мүсін және архитектура институтын тамамдады. Профессор Р.Р.Френцтің шеберханасында шығармашылықпен айналысты. 1955-1961 жылдары КСРО Көркемсурет академиясы жанындағы КСРО Халық суретшісі А.М.Герасимовтың шығармашылық шеберханасының аспирантурасын үздік көрсеткіштермен бітірді. Осылайша Еуропа мен орыс кескіндеме мектебінен тәлім ала отырып, өзінің ойы мен азаматтық көзқарасын қылқаламның құдіретімен еркін сөйлете білді.

 Қазақстан суретшілер одағының Павлодар облыстық филиалының директоры Өсербай Шорановтың сөзінше, Нағымбек Нұрмұхаммедовтің оқып, білім алуына Қазақ Ғылым Академиясының негізін салушы Қаныш Сәтбаев көмек көрсеткен. 

– Нағымбек Нұрмұхаммедов – қазақтардың арасынан шыққан алғашқы өнертанушы. Бұл кісінің қазақ мәдениетіне, руханиятына сіңірген еңбегі зор. Нағымбек ағамыз қаршадайынан жетім қалғандықтан, Қаныш Имантайұлы қамқорлығына алып, оқып білім алуына көмек берген екен. Оны Қаныш ағаның көзін көргендердің бәрі біледі. Белгілі жазушы Қалмұқан Исабаевтың естелігінде мынадай бір дерек бар: Қалмұқан ағамыз Қаныш ағаның кабинетінде отырса, бір жас жігіт кіріп келіп, сәлемдесіп кетеді. Жас жігітті одан кейін де бірнеше рет көреді. Сонда Қаныш ағадан: «Бұл бала кім?» – деп сұрайды. Қаныш ағамыз: «Бұл Нағымбек деген жас суретші. Ата-анасының қолынан дәм татқан едім. Қазір ата-анасы қайтыс болды, ешкімі жоқ, сондықтан қарайласып жүрмін» деп айтады. Сол Нағымбек кейін өнерімен бүкіл Одаққа танымал болады. Мұндай адамды неге ұлықтамасқа, неге құрметтемеске?! Мысалы, Қызылорда, Атырау және басқа да қалалардағы көркемсурет музейлері өздерінің жерлес суретшілерінің есімімен аталады.  Біздің осы ұсынысымызды құптап, оның іске асуына ұйытқы болған облыс басшысына алғыс айтамыз, – деді Өсербай Аманжолұлы.

Н. Нұрмұхаммедов отандық өнер тарихын да зерттеді. Ол «Қазақстан өнері», «Қазақстан графикасы», «Қожа Ахмет Яссауи мавзолейі», «Қазақстан суретшілері – Ұлы Отан соғысына қатысушылар» деген еңбектер жазды. Суретші Франция, Бразилия, Жапония елдеріне шығармашылық іссапармен барып, көрмелер ұйымдастырған және суреттер топтамасын жасаған. Еңбектері Канада, Бельгия, Югославия, Финляндия көрмелерінде қойылды. Қазақстанның бейнелеу өнері жөнінде кітаптар мен альбомдар шығарды. «Еңбек даңқы ерлері» топтамасы үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығын алған.

– Алматыда Нағымбек аға екеуміздің шеберханамыз қатар болды. Мен сурет өнеріне алғаш келген кезімде ол кісіден ақыл-кеңес алдым. Болашақта сол Нағымбек ағадай суретші болсақ екен деп армандадық. Ол кісінің бір ерекшелігі – өте жылдам жұмыс істейтін. Бір кеште бір портретті жазып бітіретін еді, – деп еске алады белгілі суретші Тұрсын Әбуов.

Майдангер суретші соғыстағы ерлігі үшін II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен (1985), екі мәрте «Құрмет белгісі»  орденімен (1959, 1971), «Кавказды қорғағаны үшiн»  медалімен (1944), «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен (1966), Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінің күміс медалімен (1971) және «Еңбек ардагері» медалімен (1985) марапатталған. Н.Нұрмұхаммедов 1986 жылы 17 желтоқсанда Алматыда дүниеден өтті.

 

Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы
08.12.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 38
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 95
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 29
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 38
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 43
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 37
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 90
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 95
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 290
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 284
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 905

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8982
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8377
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11602
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9360
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10586