Спорт кешенінің ашылу салтанатына арнайы келген қонақтар оқу орнының қуанышымен бөлісіп, құттықтау сөзін арнады. Университетте спорттың дамуына зор үлес қосқандар алғыс хатпен марапатталды.
Сонау 1986 жылы Сұлтан Қаппарұлы Досмағамбетов университетке ректор болып тұрған тұста бой көтерген № 12 оқу ғимаратындағы спорт кешені бүгінде қайыра күрделі кешенді толық жөндеуден өтіп, қолданысқа беріліп отыр. Бір жарым жыл ішінде жоғары оқу орнының әкімшілік-шаруашылық блогының, студенттер мен оқытушылардан құралған жасақтардың күшімен толық жөндеуден өтіп, жаңартылды. Кешеннің жалпы ауданы 1500 шаршы метрді құрайды. Кезінде спорт кешінінде бүкілодақтық және республикалық деңгейдегі көптеген маңызды студенттік және әуесқой жарыстар өткен екен. Алдағы уақытта да футзал, баскетбол, волейболдан республикалық универсиадалар мен лигалардың кездесулері мен жарыстарын, спартакиадаларды тамашалай аламыз.
Енді студенттеріміз бен оқытушыларымыз жеңіл атлетикалық манеж, биікке секіруге арналған шұңқыр және бірінші қабаттағы жаттығу аймағына, сондай-ақ футбол, баскетбол, волейбол және гандбол сияқты ойын түрлеріне арналған залдарға барып жаттыға алады. «Денсаулықтың кепілі спорт» екенін ескерсек, жаңаша тыныстаған спорт кешені университетіміз үшін үлкен артықшылық.
«Жігіттің сұлтаны» — атына заты сай болсын! Осы тамаша атауды берерде, біріншіден, халқымыз жігіттің төресін «жігіттің сұлтаны» деген, осы жағы басты назарға алынды. Екіншіден, осы ғимараттың салынуына зор үлес қосқан Сұлтан Қаппарұлы Досмағамбетовтің де аты жүрсін деген оймен көпшілік осы атауға тоқтаған.
Салтанатты бірінші соққыны Әлия Молдағұлова атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің басшысы Ерден Халилин мен биология-география факультеті зоология кафедрасының профессоры, ардагер ойыншы Аманай Мырзабаев соқты.
Салтанатты іс-шарадан соң көпшілік футзалдан жолдастық кездесуді тамашалады.