Қарағандыда облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің және Қазақстанның “Шопан Ата” мал шаруашылығы ұлттық қауымдастығының қатысуымен шаруалардың өңірлік құрылтайы өтті. Кездесуге қатысушылар ауыл шаруашылығының өзекті мәселелерін көтеріп, өз ұсыныстарын айтты.
Атап айтқанда, жайылымдық жерлерді алу, ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау және несиелендіру, жем-шөптің қымбаттауы, гидрогеология аспектілері мәселелері талқыланды.
– Агроөнеркәсіптік сектор мәселелері бүгінгі күні өте өзекті. Мәселелер мен проблемалар аз емес, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. – Біз үнемі шаруалармен кездесіп, оларға көмектесуге тырысамыз. Өткен жылы жем-шөп дақылдарын субсидиялай бастадық. Қазіргі уақытта осы жұмысты жалғастырамыз.
Сондай-ақ, кездесуде ветеринарлық дәрігерлердің мәртебесін көтеру және оларға лайықты жағдай жасау мәселесі көтерілді. Фермерлер ауылдық жерлерде штат санын көбейту қажеттігін атап өтті.
– Ветеринария жүйесін реформалау – өте маңызды мәселе, бірақ ол жергілікті атқарушы органдарға тікелей байланысты емес. Ол Үкімет деңгейінде көтеріледі. Біз сындарлы ұсыныстар жасауымыз керек. Атап айтқанда, ветеринарлардың жалақысын көтеруді және олардың мәртебесін айқындауды ұсынамыз, дейді “Шопан Ата” Қазақстан мал өсірушілер Ұлттық қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев.
Жеңіс Қасымбек әкімдік тарапынан ветеринарлық жүйені реформалауға жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Атап айтқанда, сәуір айында Жезқазған өңірінде ветеринарлық қызмет жанынан ветеринариялық зертхана ашылуы тиіс. Облыстық бюджет есебінен өңірде ветеринарлық бекеттер салынып жатыр.
Сонымен қатар, кездесу барысында ауыл шаруашылығы жерлерін алу үшін жастарға квота бөлу, бие сүтінен косметологиялық құралдар шығару өндірісін қолдау, заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу, тамшылатып суару жүйесін енгізу және субсидияларды орта және шағын шаруа қожалықтары арасында бөлу бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды.
Қарағанды облысында барлығы 13 мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымдары бар. Оның 12 мыңнан астамы – мал шаруашылығы. 17 млн гектардан астам жер – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Жайылымның ауданы 35,5 млн гектарды, егіс алқабы 1,3 млн гектарды құрайды