Қарағанды облысында Ұлы Жеңістің 77 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне миллион теңгеден төленеді. 15 сәуірде аймақта 25 ардагер тұратыны мәлім болды.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында атап өткендей, деректер күн сайын өзгеріп отырады. Мысалы, 2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша ҰОС қатысушылар саны 28 адамды құрады.
Сондай-ақ Қарағанды облысында 5757 тыл еңбеккері, оның ішінде "ҰОС жылдарындағы жанқиярлық еңбегі үшін" медалімен наградталған 159 адам, қайтыс болған мүгедектердің және ҰОС қатысушыларының жесірлері мен әйелдері – 221, концлагерь тұтқындары – 51, сондай-ақ "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісі бар 12 адам тұрады.
9 мамыр мерекесіне орай бірыңғай материалдық төлемдер қарастырылған:
- концлагерь тұтқындарына – 100 мың теңге;
- Ұлы Отан соғысы кезінде майдандағы армия құрамына кірген әскери бөлімдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық қызмет атқарған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңіз Флотының, бұрынғы КСРО әскерлері мен ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының ерікті жалдама құрамаларының адамдарына – 100 мың теңге;
- Қоршаудағы Ленинград тұрғындарына – 60 мың теңге;
- ҰОС жылдары қаза тапқандардың (қайтыс болғандардың) жесірлеріне және әйелдеріне – 30 мың теңге;
- тыл еңбеккерлеріне – 30 мың теңге.
Бір жолғы материалдық көмек осы жылдың сәуір-мамыр айларында көрсетіледі.
Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпараты бойынша