Қазақстанның қазіргі даму кезеңінде дәстүрлі экономиканың экологиялық шығындары мен табиғи ресурстарды тиімсіз пайдалану мәселесі бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Әлем елдері табиғи тепе-теңдікті сақтау, ауаға таралатын зиянды қалдықтар көлемін азайту, сарқылатын ресурстарға тәуелділікті төмендету үшін баламалы қуат көздеріне көшіп жатқанда, Қазақстан да жасыл технологияларды енгізу арқылы экономиканың жаңа моделіне бейімделуді басты мақсат етіп қойды.
«Жасыл экономикаға көшу» тұжырымдамасы осы бағыттағы стратегиялық бетбұрыстың негізін қалап, елімізді экологиялық тұрғыдан қауіпсіз, тұрақты әрі тиімді дамуға бағыттады. Бұл тұжырымдама энергия үнемдеу, суды тиімді пайдалану, қалдықтарды қайта өңдеу, жаңартылатын энергия көздерін іске қосу сияқты ірі міндеттерді қамтып, еліміздің табиғи мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға жол ашты.
Т. Рысқұлов ауданындағы «Қарақыстақ» су электр стансасы осы жаңа бағыт аясында нақты жүзеге асып жатқан жобалардың бірі болып табылады. Қарақыстақ ауылдық округінің тау шатқалында орналасқан бұл станса табиғи су ағысының қуатын пайдалану арқылы өндірілетін экологиялық таза энергияның аймаққа берер игілігін айқын көрсетіп отыр. Станса 2013 жылы іске қосылып, жобалық қуаты 2,3 мегаватт болып белгіленген. Сағатына 2300 киловаттқа дейін электр энергиясын өндіретін бұл нысанның жалпы құны 1 млрд 007,9 млн теңгені құрап, өңірдің энергетикалық инфрақұрылымындағы маңызды жобалардың біріне айналды. Директор Нұрдос Қалдыбалиннің айтуынша, су электр стансасы – тек өндіріс нысаны ғана емес, сонымен қатар өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуына ұзақ мерзімді үлес қосатын стратегиялық жоба. Ол өзінің сөзінде әлемнің дамыған елдері табиғат көздерінен алынатын қуатты экономиканы дербес дамыту құралы ретінде қарастырып отырғанын, Оңтүстік Корея мен АҚШ сынды алпауыт мемлекеттердің баламалы энергияны ұлттық стратегияға енгізіп, оған жүздеген млрд қаржы бағыттап отырғанын атап өтеді. Сол үрдіске ілесе отырып, Қазақстан да «Жасыл экономика» қағидаттарын ұстанып, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға ерекше мән беруде. Қарақыстақ СЭС осы бағыттағы алғашқы қарлығаштардың бірі саналады.
Бұл станса арқылы өндірілген электр энергиясы еліміздің біртұтас энергетикалық жүйесіне жіберіліп, KEGOC компаниясы арқылы тұтынушыларға таратылады. Жобаның ең үлкен артықшылығы – экологиялық тазалығы. Көмір немесе мұнай секілді дәстүрлі отын түрлері пайдаланылмайтындықтан, ауаға зиянды қалдықтар таралмайды, көмірқышқыл газы шығарылмайды. Табиғи өзен суының ағысын пайдалану арқылы энергия өндіру – табиғатқа барынша зияны аз, қауіпсіз әрі тиімді тәсілдердің бірі. Осылайша жоба еліміздің экологиялық тепе-теңдігін сақтауға, климаттың өзгеруімен күресуге өз үлесін қосып отыр. Бүгінгі күні мұндай нысандардың маңызы жер бетіндегі экологиялық ахуалдың нашарлап бара жатқан тұсында бұрынғыдан да артып келеді.
СЭС-тің әлеуметтік маңызы да айрықша. Қарақыстақ стансасы бүгінде ауыл тұрғындары үшін тұрақты табыс көзіне айналған. Мұнда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, бұл ауылдық жер үшін айтарлықтай көрсеткіш. Жергілікті мамандардың тартылуы, олардың өз ауылында тұрақтап қалуы – өңірдің экономикалық тұрақтылығының бірден-бір белгісі. Жоба іске асқалы бері ауылдағы әлеуметтік ахуал жақсарып, жастардың техникалық мамандықтарға қызығушылығы артқан. Жаңартылатын энергия көздері ауылдық жерлердің дамуына тың серпін беріп, олардың тек тұтынушы емес, өндіруші аймаққа айналуына септігін тигізуде.
Қазақстанның кең байтақ аумағы мен табиғи ерекшеліктері жаңартылатын энергия көздерін дамытуға зор мүмкіндік береді. Оңтүстік өңірлердің күн қуаты, батыс пен орталық аймақтардың жел әлеуеті, таулы өңірлердің су ресурстары – елімізді баламалы энергия саласында ілгерілетуге қолайлы жағдай туғызады. 2013 жылғы тұжырымдама қабылданғаннан бері республика бойынша ондаған жасыл энергетика жобалары іске асып, өңірлердің энергетикалық тұрақтылығын күшейтуге ықпал етті. Әсіресе су электр стансалары экологиялық қауіпсіздік, арзан энергия және ұзақмерзімді тиімділік жағынан жоғары нәтижелер көрсетуде.
Алдағы жылдары еліміз судан алынатын энергия көлемін арттыруды көздеп отыр. Бұл энергетикалық тәуелсіздікке бастайтын жол ғана емес, экологиялық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған нақты қадам. Жаңартылатын энергия өнімінің үлесі артқан сайын, еліміз қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды азайтып, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік алады. Таза энергияға сұраныстың артуы адамзаттың табиғатпен үйлесімде өмір сүруге деген ұмтылысын көрсетеді. Осы тұрғыдан қарағанда, Қарақыстақ СЭС секілді жобалардың мәні айрықша.
Қорыта айтқанда, Қарақыстақ су электр стансасы – Қазақстанның «Жасыл экономикаға» бағытталған саясатының нақты көрінісі ғана емес, сонымен қатар өңір дамуына тың серпін берген табысты жоба. Ол табиғатты қорғауға, ауыл халқын жұмыспен қамтуға, ұлттық энергетика жүйесінің қуатын арттыруға өз үлесін қосып отыр. Жаңартылатын энергия көздерін дамыту арқылы еліміз тұрақты, қауіпсіз әрі экологиялық таза болашаққа қадам басуда. Осындай жобалардың көбеюі Қазақстанды жасыл экономикасы дамыған мемлекеттердің қатарынан орын алуға жетелейді.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,
Жамбыл облысы
Т.Рысқұлов ауданы















