Қаратаудың қойнауы құт, қайнаған еңбек

Қаратаудың қойнауы құт, қайнаған еңбек

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «AMANAT» партиясы, «ЕлАна»   сайты, «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен «Qazaqstan dauiri» газетінің  «Ел аманаты: Ауыл – ел бесігі»    атты экспедициясы Жамбыл облысында

 

Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті өзінің дәстүрлі экспедициясын Әулиеата өңірінде жалғастыруда. Газеттің Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігімен және «Amanat» партиясымен бірлескен «Ел аманаты: Ауыл – ел бесігі» арнайы экспедициясы осыған дейін Жамбыл облысы Шу ауданынан басталған болатын. Бүгінде «Qazaqstan dauiri» ЖШС бас директоры, белгілі журналист, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сәуле Мешітбайқызы бастаған топ кезекті ауданда кездесулер өткізуде. Бұл жолы экспедиция Талас ауданы, Қаратау қаласында жалғасын тапты. Алдымен ауданның Мәдениет үйінде мектеп директорлары мен ұстаздар, кітапханашылар, аудандық газет өкілдерімен кездесу өтті. Кездесу барысында жастарымыздың ұялы телефонға тәуелділігі туралы, кітап, газет пен журнал оқуға қалай баулитынымыз жайлы тақырыптарда жақсы сүбелі әңгімелер айтылды. Әрине, ол жерде айтылған әңгімелер сол жерде қалып қоймай, артынша Сәуле Мешітбайқызы Қаратаудағы мектеп оқушыларымен жылы кездесу өткізді. Жылы кездесу дейтініміздің де өзіндік себеп пен ерекшеліктері болды. Бүгінде еңбектеген бала да, еңкейген қарт та қолданатын ұялы телефон өмірімізді күрт өзгертті. Қажеттіліктен гөрі қызығы бітпей тұр. Бәрінен де ел болашағы болар жасөспірімдер арасында телефонға тәуелділік артып отыр. Білім саласы өкілдерімен болған басқосуда оқушылардың кітап, газет-журнал оқуға деген құштарлығын арттыру арқылы оларды смартфоннан «құтқару» жолдары талқыланды. 

– Мен де өздеріңіздей ұстаздық еткенмін. Кезінде оқушыларымыз бізді тыңдайтын. Ата-аналары «еті сенікі, сүйегі менікі» деді. Оқушылар ұстаз болуды мақтаныш көретін, армандайтын. Біздің сөмкемізді ұстап, жанымызда жүру олар үшін үлкен мәртебе-тұғын. Ал қазір жабдықталған бөлмелеріңіз бен интерактивті тақталарыңызды көріп, қатты қызығамын. Бірақ ата-аналардың әлеуметтік желідегі мектепке, мұғалімге қатысты әңгімесін оқысам, шошимын. Бүгінгі ата-аналардың өзін тәрбиелеу керек. Ауылда қайта қаймағы бұзыла қоймаған қазақы тәрбие қалған. Ал қалалардағы кейбір ата-аналардың бойынан иман кеткен. Мұғалімді баласымен бірге жұлып жейін деп тұр. Осындайда мен сіздерді қатты аяймын, – деген Сәуле Мешітбайқызы мұның бәрі ұлттық құндылықтың жоғала бастауынан деген ойымен бөлісті. Ал бұл келеңсіздіктің артында смартфон деген бәле тұр. Сондықтан бүгінгі балаларды «тәрбиелеп» жатқан смартфон, интернет деген заманның озық дүниелері ұрпақтың тоз-тозын шығармау үшін осы бастан кітап-журнал оқуға қайта қамдану керектігі баса айтылды. Сондай-ақ бұл кездесуде оқушыларға: «Кім «Мөлдір бұлақ» журналын оқиды?» – дегенде екі оқушы ғана қолын көтерсе, ал «Кімде ұялы телефон бар?» дегенде барлық оқушы қол көтерді. Бір қызығы, телефон қолданбайтын, журнал оқитын тек сол екі оқушы ғана болып шықты. Телефонға тәуелділікті азайтудың басты жолы – баланың бос уақыты болмауы. Яғни сабақ уақытынан тыс қосымша дәрістер мен тілді дамытатын курстар, қызығушылығына қарай баланы дамытатын орталықтарға, кітап, журнал газет оқу арқылы бала болашағын жарқын етуге болатынын біреу білсе, біреу білмейтіні өкінішті. Осындай кездесу барысында Сәуле Мешітбайқызы балалармен тілдесіп, жас оқушылардың оқуға, жазуға деген ынта-жігерін арттырып, көздеріне от ұялатты. Кездесу басында тілші болам деген екі оқушы ғана болса, кездесу соңында сол жерде отырған оқушылардың көбісі тілші болғысы келіп кетті, тіпті басында хирург болам деген баланың тілшілікке қызығушылығы артты. «Мөлдір бұлақ» журналына жас тілші болсам бола ма?» деген Ермахан атты 5-сынып оқушысының айтқан сөзі мен: «Мен сізге қарап, өзіме мақсат қойдым, сізді құшақтасам бола ма?» – деген кішкентай ғана бүлдіршіннің кіршіксіз таза көңілі отырған барша халықты толқытты. Кішкентай ауданнан ғана талабы үлкен оқушылар бірден сол жерден «Мөлдір бұлақ» журналына жас тілші ретінде қабылданды.

Экспедициямыздың мақсаты – ауылда атқарылып жатқан жұмыстарды көптің назарына, түйткілді мәселелерін билікке жеткізу. Сол себепті Талас ауданында «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасының іске асу барысына көз жүгіртіп көрдік. Үшарал ауылдық округі бойынша жалпы 326 аулада халық саны 2 209 адам, 3 елді мекен. Жалпы округтағы 326 ауланың үй іргесіндегі жер көлемі 55,15 га. Пилоттық жобаның бес бағыты бойынша 197 жобаға 524,716 млн теңге қаражат берілді. 

Пилоттық жобаның 1-бағыты бойынша үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану

Ауылдық округтегі 300 аулаға тиесілі 55 га жер игеріліп, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бойынша 1 га қиярдан жиналған өнім            27 тонна,  жалпы соммасы 3,7 млн теңге; 1 га қызанақтан жиалған өнім 29,2 тонна, жалпы сомасы 4,0 млн теңге; 8,3 га картоптан жиналған өнім 151 тонна,  жалпы сомасы 19,6 млн теңге; 28 га қауыннан жиналған өнім 176 тонна,  жалпы сомасы 24,6 млн теңге; 16,8 га қарбыздан жиналған өнім 119,2 тонна, жалпы сомасы 9,5 млн теңге, яғни барлығы 502,4 тонна өнім жиналып, түскен пайда  61,4 млн теңгені құрады. Әр аулаға бөлгендегі табыс сомасы 204 500 теңгені құрап отыр. Жылыжай бойынша: Үшарал ауылының тұрғыны Сыздықбеков Ерғазы пилоттық жоба аясында 0,10 га жерге жылыжай құрылысын жүргізуге 8 млн 200 мың теңге кредит алса, қалған 0,10 га жылыжайды өз қаражаты есебінен, жалпы көлемі 0,20 га жылыжай құрылысын жүргізіп, онда қияр егіліп, алынған өнім ауылдағы дүкендер мен облыс орталығына сатылды. Қазіргі кезде жылыжайда алғаш рет қызанақ өсірілуде. Алғашқы өнім жинау қараша айының екінші жартысынан басталады деп жоспарлануда. Алынған өнім облыс және аудан орталығындағы сауда орындарына өткізілетін болады.     

                                                                                   

Пилоттық жобаның 2-бағыты бойынша ауладағы мал шаруашылығын тиімді пайдалану. 

Округ тұрғындары тарапынан 194 сұраныс түсіп, 524 700 000 теңгеге жалпы саны 1 958 бас мал сатып алынды. Оның ішінде: жылқы – 657 бас, МІҚ – 407 бас, қой-ешкі – 894 бас. Пилоттық жобадан кейінгі 2 жылда тұрғындардың мал басының саны 24 792-ні құрап отыр. Оның ішінде: жылқы – 1248 бас, МІҚ – 2568 бас, қой-ешкі – 20 186 бас.

3-бағыт бойынша тұрғындардың ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану

 2021 жылы «ТАЛАС – 2020» кооперативі тарапынан жалпы көлемі 300 га егістік жерге егіс егілді. Атап айтқанда, арпа – 200 га, бидай – 100 га. Жауын-шашынның аз түсуіне байланысты орын алған қуаңшылық салдарынан Үшарал ауылындағы «ТАЛАС – 2020» АӨК тарапынан егілген егіс алқаптарынан алынған өнім өте төмен болды. Атап айтқанда: 100 га егілген бидайдан 50 тн, 200 га арпаның 50 га орылса, алынған өнім 5 тн, 50 га жер өнімнің төмен болуына байланысты орылмаған, қалған 100 га егіс мүлдем шықпай қалған. Пилоттық жоба аясында сатып алынған және қолда бар малды жем-шөппен қамтамасыз ету мақсатында «ТАЛАС – 2020» АӨК Үшарал ауылдық округі аумағындағы аудандық босалқы жер қорында орналасқан  «Жетіқашар» алқабынан 276,89 га суармалы егістік жері берілді. 2022 жылы кооператив тарапынан 200 га мақсары, 30 га жоңышқа, 30 га жүгері егілген.

4-бағыт бойынша кооперативтерді жабдықтау немесе құру 

Үшарал ауылында пилоттық жоба аясында «ТАЛАС – 2020» кооперативі құрылып, жалпы сомасы 114 млн 665 мың теңгеге 18 дана техника мен тіркеме жабдықтары алынды. 3 трактор, 1 жүк көлігі, 2 тіркеме, 2 соқа, тұқым сепкіш, қопсытқыш, майдалағыш және басқа да мал азығын дайындайтын агрегаттар. Осы техникалардың тұрақжайына бұрынғы кеңшар «Ә.Сағынтаев атындағы» ЖШС-ның тұрақжайы берілді. Көктемгі егіс-дала жұмыстары осы техникалардың қатысуымен атқарылды.

5-бағыт бойынша тұрғындардың өз жеке кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған шағын жобаларды қаржыландыру. 

Ауыл тұрғыны Абдулла Шалқар Қадырбекұлы 4 млн теңге алып, наубайханаға қажетті құрал-жабдықтарын алды. Наубайхана 21.03.2020 жылдан бастап іске қосылып, бүгінгі күнге тұрақты жұмыс істеуде. Қуаттылығы (тәулігіне)  – 100 бөлке нан және басқа да нан өнімдері.

«ТАЛАС – 2020» кооперативі мен жеке тұрғындардың несие бойынша қарыздары: «ТАЛАС – 2020» кооперативінің бүгінгі күні лизингке алынған техникалардың несиесін қайтару бөлігінде қарыз жоқ.Үй іргесіндегі жерді игеру үшін алынған 20 млн теңгенің қалған 15,5 млн теңге қарызын қайтару бөлігінде кооператив атынан «Тараз «ӘКК» АҚ-на өтініш жолданып, несие қайтарым уақыты 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды. Ауыл сыртындағы жерді игеру бойынша алынған 30 млн теңгенің қазіргі уақытта қалыптасқан қарыз мөлшері  24 млн теңгені құрайды. Бұл бағытта кооперативпен аталған қарызды жыл соңына дейін қайтару бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жеке тұрғындар арасында Алиев Жексенбек 2022 жылғы 20 қыркүйекке дейін 226 944 теңге төлем жасауы тиіс болатын, алайда бүгінгі күні тек 50 000 теңге төлем жасалған, қалған берешек сома –  176 944 теңге. Аталған азаматқа «Тараз» ӘКК тарапынан мерзімі өткен төлемді орындау туралы хабарлама беріліп, жергілікті әкімшілік тарапынан төлем жасау қажеттігі ескертілді.

Талас ауданында 2021 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында атқарылған жұмыстар  2021 жылға Ақкөл ауылынан 5 жобаға және Үшарал ауылынан 1 жобаға жалпы ұлттық қордан 499947,0 мың теңге, облыстық бюджеттен 17396,0 мың теңге, аудандық бюджеттен 43711,0 мың теңге, барлығы 561054,0 мың теңге қарастырылды. Атап айтқанда, Ақкөл ауылындағы 19 көшені орташа жөндеу жұмыстарына 266322,0 мың теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілді. Ақкөл ауылына спорт кешенінің құрылысын салуға 2021 жылы 163957,0 мың теңге бөлінді. Нысан құрылысын аяқтауға 2022 жылға 153282,0 мың теңге бөлініп, қазіргі таңда жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, 2021 жылы Үшарал ауылындағы ауысымына 45 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория салуға 123 955,0 мың теңге бөлінді. Нысан құрылысын аяқтауға 2022 жылға 50000,0 мың теңге бөлініп, қазіргі таңда жұмыстар жүргізілуде. Осылайша Талас ауданындағы сапарымыз көңілден шықты.

Рауан МУТАИР, Жамбыл облысы
08.12.2022

Ұқсас жаңалықтар

Тараздың төл мерекесі тұңғыш рет қалай тойланды?
Москау НОҚРАБЕКОВ, қоғам қайраткері, z-taraz.kz - 11.10.2024 105
ЖЕДЕЛ КЕРІ БАЙЛАНЫС ТЕТІГІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті - 11.10.2024 102
АҚТӨБЕДЕ ТРАВМАТОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ ҮШІН ТАҒЫ БІР МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН АШЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі - 11.10.2024 96
СӘБИДІҢ ОБАЛЫ КІМГЕ?
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 11.10.2024 85
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 982
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 1021
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 996

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 5985
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5428
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8612
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6419
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7627