Биылғы қыста еліміздің барлық өңірінде қатты аяз болып, қалың қар түсті. Бұл – күн жылынысымен қардың көптігі мен жауын-шашынның молдығынан су тасқыны қаупі артады деген сөз. Сол себепті су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша жедел шаралар қабылдау мәселесі Премьер- Министрдің төрағалығымен өткен кеңесте де қаралып, ауа райына байланысты су тасқыны қаупі күрт артатындықтан, барлық өңірлерде 30 қаңтардан бастап азаматтық қорғау бөлімшелерін белсендендіру тапсырылған болатын. Себебі еліміздің 13 өңірінде су тасқыны қаупі өте жоғары деп бағаланды. Тәуекелдері жоғары өңірге Жамбыл облысы да кірді. Облыс аумағында көктемгі су тасқыны кезеңінде Меркі, Жуалы және Т.Рысқұлов аудандарының таулы аймақта орналасқан елді мекендерін су басу ықтималдығы бар. Сондықтан өңірде су тасқыны кезеңін апатсыз өткізу мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қазір облыстың өзендерінде су деңгейі тұрақты, су тасқыны қаупі байқалмайды. Мамандардың айтуынша, таулардағы қар қорының көрсеткіштері 25-36 пайыздан аспайды. Таулы аймақтардағы өзендердің мұз құбылыстары орташа өлшеммен 15-32 сантиметрді құрайды. Жалпы облыс аумағында көктемгі су тасқыны кезеңінде әкімшілік аумақтардағы 42 елді мекенді су басуы мүмкін екен. Су тасқынынан қорғау және алдын алу жұмыстарының нәтижесінде 42 елді мекеннің 34-інен су басу қаупі алынып, екеуіндегі қауіп азайтылған. Дегенмен су басуға бейім тағы 6 елді мекен бар. Бұл жайында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің Тараз қаласы және Жамбыл ауданының аумағында су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстарын жүргізу орындарына ұйымдастырған баспасөз туры барысында айтылды. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері әуелі Тараз қаласының Қант зауыты аймағынан өтетін Талас өзенінің жағалауына келді. Бұл жерде атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен журналистерді қала әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев таныстырды. – Мұнда қала аумағынан өтетін Талас өзенінің жағалауын күшейту және тазалау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы бұл өзеннің 15 шақырымды құрайтын бөлігі қала аумағынан ағып өтеді. Бүгінде соның 8 шақырымының жағалауы күшейтілген. Қалғаны алдағы күзге дейін толық бітеді деп отырмыз. Бұл үшін биыл республикалық бюджеттен 1 миллиард 600 миллион теңге қаражат бөлінген. Сонымен қатар, қала аумағында бір гидротехникалық құрылыс бар. Аталған құрылыс Талас өзені су ағымын есептеу және реттеу қызметін атқарады. Өздеріңіз көріп тұрғандай, қаланың шығыс жағына шыға берісте Талас өзені арқылы өтетін көпір тұр. Соңғы рет 2007 жылы жөндеу көрген бұл көпірге қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланып, бүгінде құрылыстың жобалық-сметалық құжаттары дайындалу үстінде. Сондай- ақ қазір облыс орталығын қардан тазарту, соның ішінде арықтарды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы қалада 8 канал, сондай-ақ 2 дренаж каналы, 6010 метр құбыр өткелі бар. Каналдардың ұзындығы 95,25 шақырымды, көше арықтары 1896 шақырымды құрайды. Тұрғын үйлерді су алмауы үшін мұз болып қатып қалған осы каналдарды тазалауды қолға алдық. Өткен аптада Қапал каналы тазаланды, Сеңкібай көшесінде 4-5 үйді, Қылышбай ақын көшесінде бір үйді су алып кетіп, оны дереу қолға алдық. Сондай-ақ ескі базар аумағындағы біраз көшелердің кварталішілік арығы ретке келтірілді, – деді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Н.Қалдыбаев. Келесі кезекте қала ішіндегі арық- атыздарды қатқан мұздан, қардан тазалап жатқан мекеменің жұмысымен танысқан БАҚ өкілдерінің сұрақтарына қалалық төтенше жағдайлар басқармасының маманы жауап берді. – Қардың жылдағыдан көп түсуіне және жылдам ери бастауына байланысты қала әкімінің төрағалығымен жедел штаб отырысы өтіп, барлық коммуналдық қызметтерге жауған қарды дер кезінде қаладан шығару, жол жиегі мен арық жүйелерін тазарту жұмыстары тапсырылды. Бүгінгі күнге қала аумағынан 7 мың текшеметрден астам қар шығарылып, оған күнделікті 70 техника, 300-дей адам күші жұмылдырылуда. Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері де күшейтілген режимге ауысып, кезекшілік атқаруда. Су тасқынына қатысты техникалар, түрлі жабдықтар, жеке құрам дайындыққа келтіріліп, қала ішіндегі тоң, мұз қатқан арықтар тазартылып, алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Арман Смайылов. Төтенше жағдайлар департаментінің берген мәліметіне сүйенсек, облыс аумағында ұзындығы 1507 шақырым 192 суаратын канал, ұзындығы 1680 шақырым 247 арық желісі, тау бөктерінде ұзындығы 1305 шақырым болатын 40 су бұру каналы, 430 көпір мен 2036 су өткізгіш құрылғы жөнделіп, тазартылуда. Облыс аумағында 157 гидротехникалық құрылыс бар болса, оның 42-сі республикалық меншікте, 105-і коммуналдық, 10-ы жекеменшікте екен. Ірі су қоймаларының (Киров, Тасөткел, Теріс-Ащыбұлақ) толымдылығымен жұмысына бақылау жіті назарға алынған. Су тасқыны қаупінің алдын алу және жою шараларын іске асыру мақсатында Талас өзені арнасының жағалауын бекіту жұмыстары жалғасуда. Жамбыл ауданында 4,7 шақырым жағалауды бекіту бойынша жұмыстар орындалған. Қазіргі таңда осы ауданның Жасөркен учаскесінде және Тараз қаласының аумағында Талас өзенінің ұзындығы 10,8 шақырым жағалауы нығайтылған. Облыс бойынша 10044 текшеметр инертті материалдың, 392 тонна жанар-жағармай материалының және 30050 қаптың қажетті резерві бар. 41 қабылдау пункті, 12 шатыр, 1968 төсек-орын, 468 кереует дайындалған екен. Мамандардың айтуынша, жалпы су тасқыны мерзімі тұрақты бақылауға алынған. Енді халыққа су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары туралы ақпарат жеткізу үшін облыстық төтенше жағдайлар департаменті ұйымдастырылған осы баспасөз турының ұйымдастырылу деңгейіне аз-кем тоқталсақ. Алдын ала арнайы жоспарланып, нақтыланып ұйымдастырылуы тиіс шараға небәрі 3 журналист қана қатысты. Тек бір газет пен екі телеарнаның тілшілері бой көрсеткен бұл сапарда о баста журналистердің Жамбыл ауданына да барып қайтуы жоспарланған болатын. Алайда жоспарланған ауданға аяқ баспадық. Айтпағымыз, үш бұқаралық ақпарат құралының қызметкері ғана қатысқан осындай баспасөз турын өткізудің қажеті бар ма? Әлде ұйымдастырушыларға есеп үшін «өтті» деген белгі қойылса болғаны ма? Кейде осындай маңызды шаралардың ұйымдастырылуы жағы ақсап жататыны көңілге кірбің түсіретіні өкінішті.