Орал қаласында осындай атаумен қауіпсіздікті қадағалау бағытында акция өтуде.
Акция аясында қаладағы жағажайлар маңындағы қауіпсіздік, көшелердегі ашық люктер, трансформаторлар және балалардың ойын алаңдары басты назарға алынуда. Бұл акция туралы «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты Батыс Қазақстан облыстық филиалының менеджері Гаухар Азаматқызы берген мәліметке сүйенсек, аталған іс-шара облыстық төтенше жағдайлар департаментімен және жергілікті атқарушы органмен бірлесіп өткізілген.
– Люктерге арналған қақпақтар панацея емес және көп жағдайда ұрлық объектілері болып табылады. Осыған байланысты еліміз бойынша ашық люктер – шешілмеген және өткір проблемалардың бірі. «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты облыстық филиалының ұйымдастыруымен және қалалық, облыстық мәслихат депутаттарының бірігуімен қала шетіндегі аумақтарға рейд жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ашық, қоршалмаған трансформаторлар анықталып, жауапты лауазымды тұлғаларға ескертулер берілді. Ал көшелерде ашық қалған люктер бойынша жауапты мекемелер ақпараттандырылып, олар бүгінгі таңда қалпына келтірілді. Сонымен қатар тұрғындарға рұқсат етілмеген орындарда суға шомылу қауіпсіздігін түсіндіру мақсатында рейд жұмыстары жүргізілді. Демалушыларға үнпарақтар таратылып, заң бұзған жағдайда айыппұл салынатыны ескертілді, – деді филиал менеджері.
Әлеуметтік желілер арқылы да ақпараттар таратылып, адамдарға, соның ішінде балаларға қауіпті трансформаторлар мен люктер, басқа да заттар көзге түскен жағдайда, тиісті мекемелер мен жедел әрекет ету орталықтарына шұғыл беру керектігі жайлы ескертілді.