Қазақ кино өнерінің жұлдызы

Қазақ кино өнерінің жұлдызы

Әсем табиғаты таңдай қақтырған Жетісудың Ақсу ауданы Қаракөз ауылының қызы Гүлжанның асқақ армандары қандай көп еді десеңші! Кеңес кезіндегі ауыл балалары үшін ең бір қызық шақ аптасына бір мәрте көретін кино болатын. Асыға күтетін сол бір сәтті. Қазақ киносымен бірге үнді фильмдері, соғыс туралы өнер туындыларын көргеннен кейін ғажап сезім құшағында ой-тұлпарға мінген тұлымшақты сүйкімді қыз кейіпкерлерімен бірге ұшып жүретін. Кейін есейіп бой түзеген кезде Гүлжан ару арман – құлагерді ерттеп мініп, қатарларының түсіне де кірмейтін бір ғаламат игі тілектің жетегінде жүретін. Шіркін, осындай кино түсірсем, Шәкен, Абдолла, Асанәлі ағалары сияқты атақты кинорежиссер болсам деп армандайтын. 

    Гүлжан кітапты көп оқитын. Содан ба өзге сыныптастарынан гөрі ерекшеленіп, тұмса ойларды өзіне серік ететін. Мектепті жақсы оқыды. Әкесі Құрманғали мен анасы Несіпхан қыздарының арманын естігенде алғашында сасыңқырап бір-біріне қараған. Содан соң баталарын берді кезек-кезек. Әлбетте әке-шешесінің өзіне деген ақ пейілі оны қанаттандырып, күш-қуат, жігер берді. Осы жерде Гүлжанның шәкірті әрі досының пікірін келтіре кеткенді жөн санадық: «Бойжеткен кезімізде арман қуып ауылдан Алматыға келіп, оқуға түскенімізде бүгінде белгілі кинотанушы, педагог   Наурызбекова Гүлжан Құрманғалиқызымен бір топта оқыдық.Ол біздің топбасымыз болды. Бізден жасы үлкендеу болғандықтан апамыз сияқты көрдік. Өзі де топтағы барша қыз-жігіттерге  қамқорлығын аяған жоқ. Ауылдан келген біздерге ақылын айтып, тура жолды нұсқап отыратын. Аңқылдаған көңілімен, ақжарма жүрегімен күллі жұртқа жақсылық тілеп жүретін періште пейіл адам еді».

Иә, жер басып тірі жүргенде бір тойларда, кездесулерде болмаса жаныңда жүрген адамның жақсы қасиеттерін іштей білсең де тым жария ете бермейсің ғой. Аяқ астынан бұл фәниден аттанып жүре берген қимас адамыңның қасиеттері осы кезде андағайлап жан дүниеңде сайрап қоя беретін. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дегендей бұл жүрекжарды тілек-пікірлердің марқұмға тиер пайдасы мол екенін иман әлемінде де дәлелденген ғой. Әкесі Құрманғали ерте дүниеден қайтты. Бар ауыртпашылық анасы Несіпханның иығына түсті. Ол кезде Гүлжанның отбасы Алматы шаһарында болатын. Иә, Алла Тағалам апамызға ерекше жауапкершілікті жүктеді. Дариға, Гүлжан, Жанат, Мара, Гүлмайра, Раушан есімді перзенттері әлі де мөлдіреген жас еді. Оңы-солын танымаған бес бірдей ұл-қыздарымен бірге аңырап қалған бұларға, әсіресе 30-дан енді асқан жас келіншекке өмір-керуен осылай қатал сынағын ұсынды. Несіпхан апа белін бекем буып, өмірдің қызықтарын тәрк етіп, осы құлындарын тәрбиелеп өсіріп, жеткізуге шешім шығарды. Иә, ол қайсар да батыл ана екенін дәлелдеді. Оның істейтін жұмыс орнында орыс ағайындар көп еді. Егер сәл-пәл босаңси қалсаң, жұмыстан шығарудан тайынбайтыны бесенеден белгілі. Не болса да ұл-қыздары үшін іскер де білікті маман болуы тиіс.  Несіпхан апа осы үдеден шыға білді. Оны ұжымы құрметтеді, қадір тұтты. Жылдар өте берді. Балалары да аналарының нағыз батырларға тән ғажайып қасиеттерін бойларына сіңіріп, өз жолдарын тауып оқуларын бітіріп, жұмыстарын істеп әрқайсысы бір-бір тұлғаға айналды. 

Мен Несіпхан апаны алғаш көргенде-ақ «Шіркін, аналардың бәрі осындай болсашы!» деген ойға берілдім. Сөзге шешен, мінезі көркем, дария көңілді, дархан пейілді қазақтың ғажап анасын көргенде қатты риза болдым. Сарабдал мінезімен, ойлы сөздерімен балаларға, кейінгі жастарға ақылын айтып отыратын ол кісіге тәнті  болдым. Көрші құрдасым Шәкеңмен, оның жан жары марқұм Тамарамен араластық. Тамараның көпшілдігі, байсалдылығы анасына тартқан екен. Менің айтайын дегенім осындай қасиетті де данышпан анадан туған марқұм Гүлжан қарындасымның жаман адам болуға хақысы жоқ еді. Оның қазақтың белгілі кинотанушысына, сыншысына айналу мыңдардың бірінің ғана қолынан келетін іс. Гүлжанның атын осы өнер саласы арқылы бүкіл исі қазақ білді. Оны атақты деген киножұлдыздардың, кинотүсірушілердің барлығы мойындады. Өзінің еңбекқорлығымен, біліктілігімен, осы өнерді жан-жақты игергендігімен қалың көпшілікті мойындатты. 

Осы жерде тағы бір құрбысы Назира Мукушеваның  пікірін назарларыңызға ұсынсақ: «Бүгін қазақ киносы үшін, кинотанушылар үшін қаралы күн. Досымыздың 

рухы мықты еді. Әлі-ақ баяғыдай жарқылдап ортасына, өзінің сүйікті студенттеріне, ұжымына оралатынына кәміл сенгенбіз. Бірақ амал нешік... 1993 жылы Т. Жүргенов атындағы қазақ мемлекеттік театр және өнер институтының кинотану бөліміне белгілі кинотанушы Бауыржан Нөгербектің шеберханасына оқуға бірге түстік. Гүлжан Құрманғалиқызының ерік-жігерінің мықтылығы, жан адамды жатырқамайтын көпшілдігі, ұйымдастырушылық қасиеті, еңбекқорлығы сол кездің өзінде-ақ байқалатын. Көп ұзамай-ақ Бауыржан Рамазанұлымен бірге кино мамандықтарының бағдарламаларын жасады. Ұстазымызбен қатар жүріп кинопедагогиканың аяққа тұрып, қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Қаншама шәкірт тәрбиеледі, ұзақ жылдар бойы «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі болды. Он шақты жылдар бойы «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінің өтуіне атсалысып, бағдарламаларына фильмдерді іріктеу жұмысымен айналысты. «Әуезов және кино» атты монографиясы жарық көрді. Қазақ киносы жөнінде қаншама мақалалар жазып, сұхбаттар берді. Киноға байланысты қаншама іс-шаралардың ұйымдастыруына ұйытқы болды. Болашаққа деген жоспарлары көп еді. Гүлжан Құрманғалиқызы ағайын, туған-туыс үшін бауырмал әпке, сіңлі, қарындас, шәкірттері үшін ұлағатты ұстаз, балалары мен немерелері үшін мейірімді ана, әже бола білді. Өмірді сүйетін, жарық күнге іңкәр еді...».

Достың ақжарма пікірі жүректі тербетеді. Белгілі кинотанушы, Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық академиясының профессоры Гүлжан Наурызбековаға айтылар пікірлер, тілектер көл-көсір. Шағын мақалаға оның бәрін сыйдыра алмаймыз. Бұл жерде Гүлжан туралы бір кітап жазу алдағы күннің еншісінде сияқты. Оның өте зерек жан болғанын қатарластары жиі айтады. Мәселен Гүлжан кинотану бөлімін қызыл дипломмен бітірген Қазақстандағы алғашқы киносыншылар мен теоретиктер тобының түлегі болған. Оның еңбектері әрине мемлекет тарапынан еленді. Мәселен ҚР Білім жіне ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісімен» марапатталғанының өзі неге тұрады? Иә, бір өзі бір мектеп еді. Оқу-әдістемелік бағдарламалардың құрастырушысы да болды. Гүлжанды білетіндердің айтуы бойынша үнемі ізденіп жүретін жаңашылдығын айтады. Мысалға ол істеген кафедрасының биік табыстарға жетуіне Гүлжанның жанкешті еңбегі бар екендігін шын жүрекпен жеткізеді. Ол «Іскер адам» деректі фильмінің, «Аллажар» көркем фильмінің редакторы болыпты. Гүлжанның жетекшілігімен халықаралық тұрғыдағы жобалар болуы оның әлемдік аренадағы еңселі орнын білдірсе керек. Оның әлемнің үздік танымал кинорежисерлері, кинотанушыларымен үнемі байланыста болып, білімімен мойындатқанын қалайша айтпассың! Әлем елдерінің мекемелері атынан, әрқилы аттарынан ат үркетін кинофестивальдерден алған дипломдарының өзі біршама. 

Гүлжан Наурызбекова ең бастысы өз ұлтын, қазағын жанындай сүйетін. Сол халқы үшін, өнері үшін де жанын, уақытын, біліктілігін білімін аяған жоқ. Әттең, оның бітіретін, тындыратын толағай істері көп еді. Жан-жағына, халқына молынан нұр шашатын кезде 62 жасында аққан жұлдыздай жарқырап өте шықты. Оны біз бабасы, жерлесі Ілияс Жансүгіровтың Құлагеріне теңегіміз келеді. Гүлжан отбасының бақытын бірінші орынға қоятын. Қос қызы Жанна, Асель, олардың балалары Ботагөз, Аружан, Төлеген, Әнуар, шөбересі Саидты жанындай жақсы көріп, аналық, әйелдік махаббатын аямайтын елім, жерім, тілім деп өткен қазақтың белгілі өнертанушысы Гүлжан Құрманғалиқызының жатқан жері жайлы, иманы саламат, жаны жәннатта болғай!

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ
21.04.2022

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1481
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7518
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11393
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7560
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7720