Ресей тарапы жақында КҚК мұнай құбырын 30 күнге жауып тастады. Бұл біз күтпеген тосын оқиға болды. Қатал мінез, тарпаң қылық десек те артық емес. «Орыс ойына келгенін істейді» дегеннің кебі баяғы. Еске сала кетсек, 5 шілде күні Новороссийскінің Приморский аудандық соты «экологиялық заңбұзушылықтарға» байланысты Каспий құбыр консорциумының қызметі 30 тәулікке тоқтайды» деп бір қорқытты. Сол күні үкімет басшысы Әлихан Смайылов Каспий құбыр консорциумы қызметінің уақытша тоқтап қалуына байланысты жедел кеңес те өткізді. Мұнай экспортын әртараптандыруды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та назарда ұстап отырғанын жеткізген. Жағдай қиындай берсе, мұнай тасымалдауда Транскаспий бағдарын дамытуды тапсырған.
Кейін ҚР Энергетика министрлігі Қазақстан мұнайы Каспий құбыр консорциумының құбыр желісі арқылы штаттық режимде экспортталып жатқанын мәлім етті.
Қашанғы орысқа жалтақтай береміз?
Көп өткен жоқ, 11 шілде күні түнерген бұлт астынан шыға келген күнге ұқсап жағымды жаңалықтың құлағы қылтиды. Краснодар өңірлік соты Каспий құбыр консорциумы жұмысын тоқтата тұру жөніндегі шешімді өзгертіп, айыппұлға алмастырыпты. Консорциумға 200 мың рубль айыппұл төлеу міндеттеліпті. «200 мың рубль айыппұл төлеуге өзгертіліп, шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын» депті Краснодар өңірлік сотының судьясы. Бұл не саяси ойын ба, әлде шынымен-ақ жүйкеге ши жүгірту ме? Ресей билігінің алдарқатып, жылышырай танытқанына бөркімізді аспанға атып қуануға болмайды. Қаншама шығын шығарсақ та, дербес болуға, тәуелсіз болуға талпынған дұрыс. «Кісідегінің кілті аспанда» екенін қазақ билігі бір ұғатын болды-ау ендігі. Ресей қыспағынан шығу үшін Орта Азиядағы әзербайжан ағайын жақсы жол тауыпты. Назарларыңызға мына сілтемесін қойдым https://youtu.be/cdcUvjhKYZk Солардан үлгі алсақ игі! Еліміз тәуелсіз болғаныменен, сауда-саттықта, газ бен мұнай, өзге де толып жатқан жер ресурстарын пайдалануда Ресейге жалтақтайтынымыз, солармен араағайындық жасайтынымыз, солардың қас-қабағына қарайтынымыз жақсылыққа бастамайды.