ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласынан кейін соңғы жылдары ішінара ғана айтылып, зерттеу біраз бәсеңдеген 1921-22 және 1931-1933 жылдардағы ашаршылық мәселесі қайта көтеріліп, кешенді зерттеу жұмыстары қайта жанданды. 2020 жылдың қарашасында «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылы 24 қарашада №456 Жарлығы шықты. Жарлыққа сәйкес республикалық және әр облыс орталықтарында және қалаларда өңірлік комиссиялар өз жұмыстарын бастады. Нұр-Сұлтан қаласында да бес жұмыс тобы құрылып архив құжаттарын зерделеу арқылы қуғын сүгін құрбандарын ақтау жұмыстарын жүйелі жүргізуде.
«Кәмпескелеп, пәршелеп, бастан тайды бағымыз»
Оқиғалар желісін ретімен баяндасақ, 1927 жылы желтоқсанда байлар шаруашылығын тәркілеу (кәмпескілеу) туралы заң дайындау үшін арнайы комиссия құрылды. Ал 1928 жылы 27 тамызда «Байлардың шаруашылығын тәркілеу туралы» және 13 қыркүйекте «Тәркілеуге қарсылық көрсеткені үшін қылмыстық жауапқа тарту және ірі, жартылай ірі феодалдарды көшіру туралы» деп аталған екі қаулы қабылданды. 700 ірі шаруашылыктың мал-мүлкін тәркілеу алдын ала жоспарланды. Малмен қоса бау-бақша, ауылшаруашылығы құралдары да соқа-сайман, арба, шана, басқа да байлар иелігіндегілердің бәрі тәркіленді. Жалпы 145 мың мал тәркіленіп, 619 отбасы көшірілді. Байлардың мал-мүлкін тәркілеу олардың кедей туыстарының колымен жүргізілді. Осылайша қазақтарды өзара араздастыру, олардың арасында таптық ұстаным негізінде іріткі салу саясаты тереңдей түсті.
1928 жылғы 27 тамыздағы Қазақ АКСР ХКК және ОАК қаулысы бойынша жер аударылуға жататын адамдарды көшіру үшін аудандарды айқындау туралы ҚАССР ХКК №82 қаулысы шықты. Қазақ байларын жер аудару мына тәртіппен жүргізілді.
1. Жетісу және Сыр – Дария округтерінен – Орал округіне.
2. Оралдан – Жетісу окр.
3. Гурьев – Петропавл округіне.
4. Қарқаралыдан – Қостанай округіне.
5. Семейден – Сырдария округіне.
6. Павлодардан – Ақтөбе округіне.
7. Петропавлдан – Ақтөбе округіне.
8. Қызылорда – Адай округіне.
9. Ақмоладан – Гурьев округіне.
10. Ақтөбеден – Қарқаралы округіне.
11. Қостанайдан – Семей округіне жер аударылды.
Осы қаулыны жергілікті атқарушы органдар міндетті түрде орындауға тиіс деген нұсқау да берілді.
Архив қорларында және соңғы жылдары жарық көрген еңбектерде қазақ байларын тәркілеуге қатысты деректер өте көп. Сондай ауқатты, елге сыйлы байлардың бірі Бердібай қамаларының алдында халықты жинап үлкен ас береді. Астың соңында: «Таяу күндері қамауға алатын шығар, елге оралар-оралмасымыз белгісіз. Менде қарыздарың болса сұраңыздар. Ренжіткен жерім болса кешірулеріңізді өтінемін» дейді. Бердібайдың бұл сөзіне жиналған халық қатты қамығады. Бірақ қолдан келер қайран жоқ еді.
Еңбекпен жиған малын тартып алынып, дәурені өтіп, бастан бағы тайып, ертеңгі күні белгісіз болып жер аударылып бара жатқан жандардың қайғы зарынан сол жылдары мынадай өлең жолдары туған екен.
Құм жиылып тас болып,
Талқан болған шағымыз.
Құл жиналып бас болып,
Иесіз қалған тағымыз.
Кәмпескілеп пәршелеп,
Бастан тайды бағымыз
Азғанымыз емес пе,
Қойшыдан сынды сағымыз.
Ағайын сенен рақым жоқ.
Талауға түсті малымыз.
Аруақ сенен жақын жоқ.
Осылай болды халіміз.
Бұл жағдай елінен жер аударылып кеткен қазақ байларының бәрінің басынан өтті.
Қазақ байларын тәркілеумен қатар, отырықшыландыру мен ұжымдық шаруашылық құру үрдісі жүргізілді. Отырықшыландыру мен ұжымдық шаруашылықтар құру қажетті, прогрессивті болғанымен халықтың, жергілікті жағдайдың ерекшеліктеріне сәйкес жүйелі жүргізілмеді. Бұл ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылық циклін бұзды.
Сонымен қатар ет дайындау мен астық дайындау шаралары ел ішіндегі ахуалды одан бетер шиеленістіріп жіберді. Ет және астық дайындау жоспарының жыл сайын өсуі осы жылдары Кеңес Одағында қалыптасқан жағдаймен байланысты болды.
1928 жылы желтоқсанда Саяси бюро индустриалды орталықтардың әкімшіліктеріне нанға карточка енгізу талабын қойды. 1929 жылы ақпанында Кеңес Одағының барлық территориясында нанға карточкаенгізілді. Ал арада шамалы уақыт өткен соң осы 1929 жылдың шілдесінде етке карточка енгізілді. Ал қазанда нан, жарма, ет, май, қант, шәй мен жұмыртқаның жетіспеушілігі айқын сезіліп, бәрі карточкамен беріле бастады.
Сондықтан азық-түлік жетіспеушілігі жағдайында Москва Қазақстанда қатаң талаппен жүргізілуге тиісті ет дайындау жұмыстарына ерекше назар аударды.
Бірақ Қазақстанда да жағдай онша емес еді. Тіпті 1930 жылдың өзінде Қазақстанның кейбір аймақтарында ашаршылық етек алып, ОГПУ-дің құпия есебінде 110000 аштар бар екендігі, оның шапшаң өсіп отырғандығы мәлімденді. Халықтың жағдайының нашарлап кеткеніне қарамастан, орталықтан ет дайындау қарқынын одан сайын арттыру қажет деген талап қойды.
1931 жылдың қысында осы мақсатпен Қазақстанға Халық комиссары А.Микоян арнайы келді. Ол 1931 жылы қаңтарда Алматыдан Сталин мен Молотовқа телеграмма салып «План мясозаготовок вопреки утверждениям Казахстана… скорее переуменьшен, чем переувеличен. Госплан Казахстана оперируют… и доказывает переувеличенность плана мясозаготовок. На деле громадные количества неучтенного скота…» деп жазды.
Қазақстанда мамандар малды шамадан тыс алу, сою алапат жағдайға душар қылуы мүмкін деп, қарсылық танытқанмен, Микоянның «...есепке алынбаған орасан көп мал бар..» деп Мәскеуге берген телеграммасынан соң қысым күшейді. Мал сою пункттері салынып, тартып алынған малды сою қарқын алды.
ҚКП секретары Филипп Голощекин «Қазақстан Одақта ет дайындаудың неғұрлым ірі аймағы дей отырып, ет дайындауда Мәскеу бекіткен жоғары межеге ешқандай қарсылық білдірмей орындау талабын қояды.
1930-1931 жылдары Қазақстанға 493500 тонна ет өткізу бекітілді. Бұл Кеңес одағы бойынша ең жоғарғы көрсеткіш еді. Екінші орындағы Украина 434800 тонна, ал үшінші орындағы Солтүстік Кавказ 226700 тонна өткізуге тиісті болады. Ал ашаршылық қақпанына түспеген қазіргі Орталық Азияның үш мемлекеті – Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстан небәрі 66200 тонна өткізуі керек болады. Қырғызстанға бекітілген ет дайындау жоспары тіптен аз болатын.
Жоғарыда айтылғандай, 1931 жылы ақпан-наурыз айларында Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысына жеткізілген еттің жартысынан астамы Қазақстаннан әкелінген болатын. Келесі жылы да осы көрініс сақталды. Ал осы уақытта қазақ жерінде ашаршылық дендеп, халық аштан қырылды. Қайтсек аман қаламыз деп көтеріле көшті. Басқа облыстар жеріне, Ресей территориясына сыпырыла қозғалды. Қытай асты. Қазіргі Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан жеріне кетті.
Осы жылдары астық дайындау жоспары Қазақстанға үнемі өсіп отырды.. Қазақстаннан 1929 жылы – 37,8 млн пұт, 1930 жылы – 40,7 млн пұт, 1931 жылы – 40,4 млн пұт, 1932 жылы 45,3 млн пұт астық алынды.
Қойдан бетер қырымдық, тигендей індет табына
Елді ашаршылық жайлап, халық қырылып жатқандығына қарамастан астық салығы төмендеген жоқ. Жиналған астықты толық алып кетіп отырды. Бірқатар шаруашылықтарға және шаруаларға берілген тапсырма жиналған астық мөлшерінен де бірнеше есе көп болды. Бұл жөнінде шыдамы таусылған халық арнайы астық дайындауға жіберілген өкілдер Сталиннің өзіне хат жазылды.
Село тұрғындарының тапсыруымен 1931 жылдың желтоқсанында колхозшы Соколова Сталинге былай деп хат жазды. «Ностоящим мы, колхозники Казахстана, сообщаем, как Чингирлауском районе проходят хлебозаготовки. Хлебозаготовки дают больше валового сбора. В колхозе «Победа» валовой сбор всего «162 центнера, а план хлебозаготовок – 322 центнера. Приехавший уполномоченный РИК отгрузил весь хлеб до зерна в элеватор…» деп жазды. Бұл Батыс Казақстандағы жағдай емес Қазақстанның барлық аудандарына тән болды.
Ал 1932 жылдың қаңтарында Обаған ауданынан В.Твердохлебов Сталинге: «Я рабочий, в партии состою с 1917 г. Был командирован в этом году в сельскохозчйственные районы... Планы хлебосдачи были завышены – выше валового сбора. Их выполнение осуществляется главным образом за счет изъятия всего хлеба у колхозников и единоличников. Коммуна вашего имени собрала урожай 5070 центнеров, государству же сдано 4700 центнеров. Коммунаров одна тысяча человек6 они осталось на произвол судьбы. К моему приезду у них в наличии не было совершенно хлеба – ни продовольственного, ни семенного. В колхозах замечены случаи опухания от голода. Казахи совершенно остались без продуктов питания... Все это создало условия для уже начавшегося разбегания колхозников» деп жазды. Бұл қазіргі Қостанай облысының ауданында болған жағдай еді.
Бірақ бұл жоғарыда айтылған Батыс Қазақстан және Қостанай облысында болған жағдай емес еді. Ашаршылық бүкіл қазақ жерін құрсады. Зерттеушілер пікіріне сүйенсек, Қазақстан шамалы ғана уақыттың ішінде малдың 90%-нан, халықтың жартысынан астамынан айрылды. Адам шығынына байланысты зерттеушілер арасында ортақ пікір жоқ. Кезінде академик М.Қозыбаев пен белгілі ғалым Қ.Алдажұманов тек қана 1930-32 жылдары 1 млн 200 мың адам ашаршылықтың құрбаны болды деп жазды. Кейінгі зерттеушілер бұдан да көп жалпы екі ашаршылықта 2,5 млн-нан 4,5 млн аралығын көрсетіп жүр.
Қалай десек те ашаршылық Қазақстан халқының, оның ішінде әсіресе қазақ халқының басынан өткен қасірет болды. Осы ауыр қасіретті өз басынан өткізген, өзі де осы ашаршылықтың құрбаны болған торғайлық Күдері ақын өлеңінен үзінді келтірсек былай деп сипаттаған екен:
Қолымыз жетпей босқа өлдік,
Бір тамшы сүт ағына.
Қойдан бетер қырылдық,
Тигендей індет табына.
Елден топырақ бұйырмай,
Кірмейтін жерге айналдым,
Қарға адым жер мұң болды,
Қазыққа ажал байландым.
Құр терім тұр қаудырап,
Сүйегім қалды саудырап,
Аштықтан басқа дертім жоқ,
Талықсып тұрмын маужырап.
Аша алмай жабық түндікті,
Өлімге қазақ көндікті,
Кімнен келген қасірет
Сұрайтын адам жоқ тіпті.
Жүрмін қаңғып әр үйде,
Таусылды тұзым фаниде,
Өліктің исі аңқиды,
Бей-жай боп тұрмын бір күйде.
Дәл осындай жағдай қазақтың барлық аймағында болды. Ақиқаты айқын нәрсе, ет дайындау мен астық дайындаудың қатал түрде жүргізілуі, халықтың қолындағысын сыпырып, тартып алуы ашаршылықты тудырушы факторлардың бірі болғандығын теріске шығару мүмкін емес.
Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысына 1931 жылдың ақпан-наурыз айларында жеткізілген еттің 53,9 пайызы, Ленинград қаласы мен Ленинград облысына жеткізілген еттің 43,3 пайызы Қазақстаннан әкелінеді. Ал РСФСР-дің Мәскеу мен Ленинградтан басқа аймақтарына жеткізілген еттің 57,5 пайызы Қазақстаннан жеткізілді.
Нәубет факторлары
Сонымен қатар ашаршылықтың тууы мен белең алып кетуін болдырмауға болар ма еді. Ашаршылықтың бір немесе бірнеше округте ғана емес Қазақстанның 13 округін толық қамтуына не себеп? Неге ашаршылық қазақ халқын баудай түсірді деген сұрақ туады.
Бірінші фактор – Голощекин тұлғасы. Әрине бұл факторды теріске шығаруға немесе оны ол партия мен үкіметтің тапсырмасын орындады деп төмендетуге болмайды. Қазақстанға 1925 жылдың қазанында келіп, 1933 жылдың ақпанына дейін қызмет істеген Филипп Исаевич Голощекин осы аралықта революцияға дейін қалыптасқан, қазақ қоғамында ықпалды болған қазақ зиялыларын ғана емес, революцияның жағында болып кеңес өкіметін орнатуға белсене араласқан тұлғаларды да тұқыртып биліктен шеттетті… Голощекиннің айтқанына көніп, айдауына жүргісі келмейтін С.Сәдуақасов секілді ұлтшыл азаматтар елден ығыстырылды.
1918 жылы шілденің 17-сінен 18-іне қараған түні Екатеринбургтегі Ипатьев үйінің жертөлесінде патша отбасын өлтіруді ұйымдастырушылардың бірі болған Голощекин табиғатынан мизантроп, адамға мейірімі, аяушылығы жоқ жан болатын. Осындай большевиктің қазақ жерінде билік басына келуі, жергілікті жағдаймен санаспай күштеу шараларын қолдануы қазақ халқының басыңдағы қасірет бұлтын қоюландыра түсті.
Қазақстанның ашаршылыққа душар болуының екінші факторы – Голощекинмен бірге билікте болған қазақ большевиктері қолындағы малынан айырылған халықтың, ашаршылыққа душар болатынын, әрі оның зардабын алдын ала болжай алмады. Айтуға батылдары жетпеді. Қазақ большевиктерінің бірқатары коммунистік партияның жолы дұрыс, ұлы істер жолында құрбандықтар болады деп санады.
Үшінші фактор – орталықтың Москваның ет дайындау, астық дайындау қысымы өте жоғары болды. Қазақстанға Ресейдің өндірістік қалаларынан ет, астық дайындау науқынына келген өкілдер өз міндеттерін қаталдықпен атқарды.
Күштеу органдары наразылық білдірген халықты аяусыз басып жанышты. Шарасыз жаны алқымға таянғанда шекарадан өтіп кетпек болған халықты қарулы әскер күтіп алып қырып салды немесе қудалап соңына түсті.
Бұл өткен тарихтың қасіретті беттерінің бірі. Отбасын, өзін, жақындарын сақтау мақсатында колхоздың бір малын сойып алғаны үшін немесе алдындағы он шақты малын салыққа бермеу үшін елден ауа көшкендер «социалистік меншікті талан-таражға салды» деп айыпталды, бірнеше жылға сотталды.
Міне, осылардың ақ-қарасын ашып, ақтау, зерделеу бүгінгі күннің міндеті.