Бүгін «Қазақтан дәуірі» халықаралық саяси-қоғамдық, танымдық газеті 30-жасқа толып отыр. Тәуелсіздікпен түйедей құрдас бұл газеттің алғашқы атауы Қазақстан – Zаман халықаралық қоғамдық-саяси, танымдық газеті деп аталды. Алғашқы редакторы халық жазушысы, атақты сатирик Қалтай Мұхаметжанов болатын.
Тәуелсіздіктің қарлығашы саналатын «Заман-Қазақстан» газеті-Түркия мен Қазақстан арасындағы ақпараттық құрал көзіне айналған, екі ел арасына рухани, мәдени көпір орнатқан басылым. Газет оқырмандарға әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ақпараттар ұсынады.
Осыдан тура отыз жыл бұрын екі алпауыт мемлекеттің басшылары осындай игі бастаманың жүзеге асқаны үшін бір-бірін құттықтап, ақ жарма тілектерін жолдағаны ел есінде. «Түркиядағы мән-жайды жан-жақты танып, қазақ жұртына жеткізе білсе, Қазақстанда болып жатқан оң өзгерістермен дер кезінде бізді хабардар етіп отырса, нұр үстіне нұр деп білер едім. «Заман-Қазақстан» осы мақсатты ұстанар деген берік сеніммен сәтті қадам тілеп, қуана құттықтаймын»,-деп сол кезеңдегі ел президенті Тұрғыт Өзал жүрекжарды лебізін білдіргені бүгінде тарих.
Міне, сол уақыттан бері арада отыз жыл өтті. Ширек ғасырда газет өзінің даңғыл жолынан жаңылмай, екі ел арасында ақпараттық байланыс орната білді. Газеттің алғашқы редакторлық қызметін абыроймен атқарып шыққан Қалтай Мұхаметжанов басылымның ел арасына кең таралып, халықтың көзайымына айналуына сүбелі үлес қосты. Ұлт мүддесін алғашқы шепке қойған халықаралық басылымда қазір жаңа айдарлар жарық көріп, оқырман назарына көкейкесті мәселелерді ұсынып келеді.
Айтпақшы, 1992 жылы 17 қаңтарда алғаш рет «Заман-Қазақстан» газетінің алғашқы номері жарық көрді. Содан бері халықты елдегі, әлемдегі жаңалықтарымен сусындатып, саяси-танымдық мақалаларымен оқырмандардың ыстық ілтипатына бөленіп келеді. Кейін бұл басылымда белгілі журналистер Болат Бодаубаев, Жұмабай Шаштайұлы, Марат Тоқашбаев бас редактор болып қызмет істеді.
Бүгіндері атағы таудай, білікті де, білімді журналистер осы газеттен қанаттанып ұшып шықты. Қияға самғады. Елге танылды. Қазақстандағы алғашқы халықаралық басылым ретінде 2000 жылы “Казмедия” ЖШС компаниясының құрамында қайта құрылып, “Қазақстан-Zaman” болып өзгертілді. Бұл кезде басылымның бас директоры болған белгілі журналист Ахмет Алияз, Серхан Хастүрік газеттің өрісінің кеңеуіне үлкен еңбек сіңірді.
Газет 2017 жылы өзінің 25 жылдық мерейтойын үлкен деңгейде атап өтті. Алайда, арада бір жыл өте салысымен газет атауына өзгеріс енгізілді. (Оған түркиядағы саяси оқиғалар жанама әсер еткені рас). Көзі қарақты оқырманның жүрек түкпірінен орын алған «Заман-Қазақстан» содан бері «Қазақстан дәуірі» атты жаңа атауға ие болды.
Бүгіндері газеттің бас редакторы балалар жазушысы Ертай Айғалиұлы! ЖШС Бас директоры ҚР Еңбегі сіңген қайраткер, журналист Сәуле Мешітбайқызы.
Басылымның әр облыста арнаулы тілшілері, Алматы мен Астанада журналистер қосыны барлығы 20 шақты тілші жұмыс істейді.
«Қазақстан дәуірі» газеті ұжымын 30 жылдық мерекесімен құттықтаймыз! Алар асуларыңыз көп болсын! Елдік, ұлттық мүдде жолында қызмет ете беріңіздер! Тойларыңыз тойға ұлассын!