Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Иран Ислам Республикасына жасаған сапары барысында екі мемлекеттің ауылшаруашылығы министрлері Иранға 1 млн тонна көлемінде астық дақылдарын жеткізу туралы меморандумға қол қойды. Астық 2022-2023 жылдардың егінінен жеткізілетін болады. Сонымен бірге екі ел ауылшаруашылығы өнімдерінің саудасы мен транзитінде ынтымақтастық туралы меморандум жасады. Құжат шеңберінде Қазақстан Иранға дәнді дақылдар (бидай, арпа, жүгері), майлы дақылдар (зығыр тұқымы), өсімдік майлары (күнбағыс майы), кондитерлік өнімдер, ет (қой еті, сиыр еті) және ет өнімдерін жеткізуге ниетті. Өз кезегінде Иран Қазақстанға көкөністер (картоп, пияз, сәбіз, қияр), жемістер (алма, алмұрт, айва, құрма, інжір, ананас), су мен сүт өнімдерін жеткізетін болады.