Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаев мырзаға Ашық хат Қазақстанға АЭС салу тиімді ме?

Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаев мырзаға Ашық хат Қазақстанға АЭС салу тиімді ме?

1-хат Құрметті Президент мырза!

Сіз қаңтар айындағы жағдайдан кейін халықтың сеніміне сүйеніп, мемлекетіміздегі қордаланып қалған көптеген мәселені аз уақытта шешемін деп, жұртқа уәде беріп отырсыз. Ол үшін алдымен тез арада экономикадағы кемшіліктерді жою қажет деген бағытыңыз құптарлық. Экономика тәуелсіз болмай, саяси тәуелсіздік болмайтыны қоғам дамуының заңы. Халық сізге сенім артып, жан-жақтан қолдау көрсетіп жатыр. Халықтың сенімін ақтау деген, оның үнін естіп, ұсыныстарын саралап, нәтижелі іске асыру екені аян. Бірақ мемлекетіміздің тәуелсіз келешегін айқындайтын бағыт ұстай отырып, жұртты елеңдетіп отырған қадамға барып, шұғыл түрде атом электр стансасын салу қажет деген іске бармай тұрып, көпшілік халық оны қабылдай ма дегенді ескеру керек еді ғой. Сіз өткен жылдың жаз айында «біздің елде АЭС салу халықтың қалауымен референдум арқылы шешілетін мәселе» дегеніңізді жұрт ұмытқан жоқ. Енді осы өз көзқарасыңыздың 180 градусқа өзгеруіне халық бас шұлғып келісе қояды деуге бола ма?

Назарбаевтің автократиялық дәуірі күш алып тұрған 2008 жылы 19 желтоқсанда АЭС салу мәселесіне байланысты Республика халқының қарсылық білдірген талабы, Ақтау қаласында өткізілген қоғамдық тыңдау Мәлімдемесінде АЭС салуға қарсылық нақты дәлелдермен ашық айтылған еді. Содан кейін авторитарлық жүйе келісіп, бұл мәселені қайтып көтерген жоқ.

АЭС салу мәселесін көтеру үшін алдыменен оның қаншалықты қажеттілігі барын және оның ұлтқа зиян әкелмейтін тиімділігін анықтап алатын сауатты ғылыми-экономикалық және ел тәуелсіздігіне тигізетін келеңсіз ықпалдарын айқындайтын сараптама жасап дәлелдеу қажет. Қазіргі кездің өзінде біздің елдегі Ресейдің экономикалық және ақпараттық жүргізіп отырған экспансиясы еліміздің барлық салаларын қамтығаны ойланатын жағдай. Көрші елдермен ара қатынас, тек тең құқылы, егемендігін шектейтін ықпал болмағанда ғана екі ел халықтарының достығы нығаятынын ескеру қажет.

Тәуелсіз мемлекетіміздің келешегі үшін: Бірінші, еліміздегі қазіргі кезеңдегі өндірілетін электр қуаты мен тұтынатын электр қуаттың теңдігі (баланс) қай деңгейде екенін анықтау мен өндірілген электр қуатының көлемі мен оның қаншалықты тиімді пайдаланатынын сараптан өткізу қажет; Екінші, елімізде электр қуатын өндірудің табиғи көзі (резерві) жер қойнауы байлығы, жел, күн, өзен-су, жер жылуы т.б. қажетті қуат шикізаттардың көлемін анықтайтын барлау жұмыстары мен ғылыми зерттелген нақтылы деректер болуы шарт; Үшінші, қазіргі уақыттағы тарихи қалыптасқан электр қуатын өндіруге пайдаланып отырған табиғи қуат көздерін тиімді, ғылыми жетілдірілген жаңа технологиялар енгізіп, табиғатқа әкелетін экологиялық зардабының азаю коэффициентінің деңгейінің жыл сайынғы өсу (құлдырау) мөлшерін анықтау керек.

ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінде 2018 жылы елімізде 106,797 млрд кВт/сағ., электр қуаты өндіріліп, 103,228 млрд кВт/сағ. тұтынылған деп көрсетіліпті. Яғни өндірілген электр қуатының көлемі тұтынушылар пайдаланғанынан 3,5 млрд кВт/сағ. артық өндірілгенін көрсетеді (профицит). Сонда үш жыл ішінде елімізде электр қуатын өндіруде алаңдатушылық тудырған жетіспеушілік (дефицит) қайдан, қалай пайда болған? Осы айырмашылықты Ресей пайдаланып отырған болса, онда есеп айырудағы бағада қалыптасқан теңсіздіктен шегіп отырған зиянның көлемін халықтан неге жасырады және оған кім кінәлі деген сұрақ туады.

Біздің елде атом стансасын салуға халық неге қарсы деген сұраққа жауап: Бір АЭС салуға 10 млрд доллар жұмсалады екен. АЭС өндірген қуатының 20% өзін салуға жұмсалатыны тағы бар. Өндірілген бір кВт электр қуатының бағасы 5000 доллар тұрады. Оның ішіне пайдаланатын ядролық отынның қалдықтарын өңдеу мен сақтауға және залалсыздандырудан кейін көмуге жұмсалатын қаржы кірмейді. Осыдан басқа АЭС-тің жұмыс істеу мерзімі (20-25 жыл) біткеннен кейін, оны залалсыздандыруға, яғни бұзуына (демонтаж), оны басқа жаққа жеткізіп, қауіпсіздігін сақтайтын арнайы салынған қоймаға орналастырып және жерге көмуіне миллиардтаған доллар қаржы жұмсалады. Енді осыған АЭС-тің ядролық отын қалдығын өңдеуге, сақтауға және көмуге кететін шығын қосылады. Бұл қаржының көлемі қалдықтың залалсыздандырып барып жерге көмгенге дейінгі сақталатын ұзақ уақытына байланысты. АЭС қалдықтарын сақтауға кететін шығынның көлемі сол стансаны салуға кеткен шығыннан 10 есеге жуық артық кететіні белгілі. Осы шығындар туралы АЭС салушылар ешқашанда ашық айтпайды, тек стансаның бағасын көрсетеді. Ақиқаты сол, АЭС өнімінің тиімді, арзан болатыны күмән туғызады.

Сондықтан АЭС салуға халықтың қарсылығын тудырып, алаңдататын мәселеге аса көңіл аудару қажет. Ол АЭС пайдаланатын ядролық отынның адам денсаулығына зиян келтіретін табиғи қасиетінің ыдырау мерзіміне байланысты. Оны пайдаланғаннан кейінгі қалдығының табиғи ыдырауы бір мың жылдан жүздеген мың жылға кетеді деген ғылыми болжамдар бар. Адамзат тарихында атом энергиясын пайдалана бастағанына жүз жыл да болған жоқ. Қазіргі заманда оның қалдықтарын мыңдаған жыл сақтауға шыдайтын арнайы қоймалар жасайтын заттардың жоғы белгілі. Ондай мерзімге шыдайтын әзірге бірде-бір метал мен құрылыс материалдары жоқ. Ондай заттарды өндіруге болады деп, қазіргі ғылым деңгейі мен техникалық мүмкіншілік кепілдік бере алмайды. Осыны ескеретін болсақ, біз аз уақыт пайда көреміз деп, келешек ұрпағымыздың мойнына парыз етіп іліп, ядролық отынның қалдықтарының табиғи ыдырау мезгілі біткенше сақтауды жүктеумен олардың тағдырын сан мың ғасырларға созылған қасіретке ұшыратуымыз қажет пе? Халық ондай қадамға баруға ешқашанда келісім бермейді. Мәселе АЭС салудың кімге пайда әкелуінде. Бұл әлемдегі ядролық қуатты өндіруден пайда табу үшін ынталы аз ғана ірі мемлекеттер мен алпауыт олигархтарға ғана қажет. Қазіргі заманда империялық бағыт ұстанғандар бұрынғыдай қару күшімен гeосаясат ойындарын іске асыра алмайды. АЭС салу арқылы басқа жұртты экономикалық торға түсіріп, елдерді саяси тәуелділікте ұстау жаңа басталған құлдық бұғауының бір түрі. Осыдан сақтану қажет. Тәуелсіздігін енді ғана алған біздің елге осы айла-қақпанға түсіп қалмаудың ауадай қымбат екенін еске сақтап, интеграция мәселесіне келгенде билік әр қадамын анық жасауы қажет.

Біздің ел үшін бір-ақ жол бар. Ол жеріміздің мол байлығын тиімді пайдалануды жолға қойып, электр қуатын өндіру үшін ғылым мен технологияның жетістіктерін дер кезінде жедел пайдалануды және электр қуатын үнемдеп, тиімді пайдалануын іске асыру. Қазіргі уақытта біздің елдегі өндірілетін электр қуатының 20-30%-ы оны тасымалдау жүйесінің тиімсіздігінен жоғалады. Әлемде осы мәселені шешетін технологияның ғылыми жетістіктері бар. Сол жетістіктерді ескеріп, энергетика саласының дамуына ерекше көңіл аударса, қосымша біраз электр стансаларын салуға болады. АЭС-тің адамзаттың тағдыры мен табиғатқа әкелетін орасан зиянын тоқтатуға қазіргі ғылым деңгейі жетпейді. Сондықтан асықпау қажет. Ғылымның даму келешегі ары кетсе 50-100 жыл арасында, электр қуатын өндіруге гравитация, ғалам кеңістігінің сәуле-электрон құйыны және жанартау қуатын өндіріске пайдалануға болатын құпиялардың сырын ашуы ықтимал.

Қазіргі елімізде жұмыс істейтін ЖЭС-терді (ТЭС) Алмания еліндегідей көмір пайдаланудың жаңа технологиясын енгізсе, экологияға зиян келтіру, ауаға кір келтіретін СО2 жылына бір миллион тоннаға кемитін көрінеді. Сонымен қоса еліміздің табиғи байлығы газ пайдаланатын жаңа жетілген технологиямен жұмыс істейтін электр стансаларын салу қажет.

Халықтың АЭС салуға қарсы болуының басты себебі Семей ядролық полигонының адамдардың денсаулығы мен табиғатқа әкелген зардабынан пайда болған «Семей полигонының синдромы» зиянының жалғасуы. Оған кезінде халықтың үніне көңіл бөлмей, қазақ жерінде жүргізілген әскери тәжірибелік жарылыстар мен «Байқоңыр» космодромының экологиялық зиян әкелетін полигонга айналып, гептилден адамдар, жан-жануарлар, табиғаттың зардап шегіп отырғаны. Осылардың әкелген зиянының салдарынан елімізде: онкология, жүрек-қантамыры, демалу-тыныс, орталық жүйке жүйесі, инфекция, сәуле (лучевая) т.б. ауруларының дендеуі және балалар мен жүкті әйелдердің өлімдерінің орын алып отыруы. Осы қазақ еліне зардап әкелген жағдайлар басқа ел емес, Ресей мемлекетінің жасап отырған ықпалы екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ Ресей КСРО-ның мұрагері бола тұрып, осы әкелген зардаптың әсерін жеңілдетуге ешқашан көңіл бөлген емес. Оны ойлауға биліктің жігері жетпей келді. Табиғат пен адамдарға келтірілген зияндарының шығындарын өтеуден құтылып кетіп жатады.

Құрметті Президент мырза!

Қазақстанда АЭС салу мәселесі тек барша халықтың пікірін әділ көрсететін Референдум арқылы шешілуі тиіс! Құлақ салсаңыз, бұл – барша халықтың талабы. 

 

2-хат Құрметті Президент мырза!

 Мен сізге биылғы жылдың 13 ақпанында жазған хатымдағы айтылған мәселеге жауап алмағандықтан, қайтадан ашық хат жазуға мәжбүр болып отырмын. Сіздің барша жұртқа жариялаған ұстанымыңыздағы «енді халықтың тағдырына байланысты жұрттың бірде-бір сұрағы жауапсыз қалмайды, билік халықтың пікірімен санасады» дегеніңіз біраз жұрттың еңсесін көтеріп тастаған еді. Бірақ халықтың келешек тағдыры еліміздің тәуелсіздігі мен денсаулығына байланысты қойылған «Қазақстанға АЭС салу тиімді ме?» деген өзекті мәселе жауапсыз қалды. Қазіргі әлемдегі экономиқалық даму үдерісінің, алпауыт елдер жүргізіп отырған гeосаясат ықпалы әсеріне байланысты, экономика дамуындағы табиғи тепе-теңдік (баланс) заңдылығының сақталмауы салдарынан туындаған қайшылық зардабы дүниежүзі елдерін күйзеліске ұшыратып отырғаны аян. Соның салдарынан бүкіл әлемде экономикалық даму тежеліп, барлық елдерде бұқара халықтың әлеуметтік күйзеліске түсіп отырғаны белгілі. Осындай жағдайда тиімділігі мен экономикалық негізі жоқ, тек алпауыт мемлекеттің саяси ықпалымен АЭС саламыз деген бағытты ұстану халық арасында үлкен алаңдаушылық туғызып отырғанын ескеру қажет.

Ендігі сөз сіздің осы жылдың аяғына дейін АЭС салуды және соған байланысты елімізде атом энергиясы саласында жас мамандар дайындайтын ресейлік жоғары оқу орнын ашу туралы нұсқау беруіңізді халықтың келісімінсіз жасалған қадам деп, ел-жұртыңыз түсінбей отырғанын ескеру қажет. Сіздің бұл қадамыңызды жалғыз қазақ халқы емес, елімізде тұратын барша жұрт қолдамайды. Сіз сол АЭС салуға жұмсалатын қаржыны ел экономикасын арттыруға, кедейліктен күйзеліп отырған халықтың әлеуметтік мәселесін шешуге бағыттасаңыз ғана қолдау табатыны белгілі. Өткен отыз жылдың ішінде ұлттық байлықтың талан-таражға түсуі, халықтың шексіз табиғат байлығының ішінде отырып кедейленуі, кезінде агро-индустриялық даму деңгейіне жеткен республиканың, қазір өз халқының қажеттілігін өтейтін халыққа бағасы тиімді бірде-бір тұтыну тауарларын шығара алмай отырып, алпауыт дамыған елдерге еліктеумен өз жұртының ұсыныс-пікірлерімен санаспаса, халық төзімі таусылатынын естен шығармау керек. «Жаңа Қазақстан» деген ұранның іске асырылуы тек барша жұрт мемлекетқұрушы халықтың маңайында ұйысып бір тілде, бір ділде болғанда ғана іске асатыны ақиқат. Қандайда болмасын мемлекеттің мықты болуы, халқының бірлігін, ынтасын күшейтетін фактор – бір ғана мемлекеттік тілдің пәрменінде. Бізде бұл мәселе шешілмеген. Мемлекеттік тіл статусы адамзаттың өсу жолындағы қоғамдаму тарихындағы табиғи заңдылық, одан ешкім аттап кете алмайды. Қазақ мемлекетінің келешегін ойлайтын билік АЭС салуға барша халықтың пікірін білдіретін Референдум шешімі арқылы қабылдауы қажет. Референдум өткендегідей апыр-топыр ұйымдастырылмауы тиіс. Барлық өңірде ауыл, аудан, облыстарда қоғамдық ұйымдардың бастамасымен билік өкілдерінің қатынасуымен Қоғамдық тыңдау өткізіп, соның қорытындысы бойынша Референдумда шешім қабылдау қажет. Референдум шешімі басқа мемлекеттермен қатынастарда туындайтын кейбір мәселелерді шешуге қажеті болады. Референдумды дайындауға кем дегенде жарты жыл уақыт қажет. Қоғамдық тыңдаудың күн тәртібінде талқыланатын мәселеге байланысты, өкімет халыққа АЭС салудың қажеттілігі және тиімділігін дәлелдеу үшін мына сұрақтарға тұшымды жауап беруі керек:

  1. Отыз жылда елімізде электр қуатын пайдалану көлемін өсіруге байланысты іске асырылған шаралар (жаңа ЖЭС, ГЭС, жел, күн қуаты стансаларын салу және ескі стансалардың технологияларын жетілдіру, жаңарту, қайта құру, т.б. ) және соған жұмсалған қаржының көлемі мен тиімділігі;
  2. Электр қуатын пайдалану тиімділігі (өсу-құлдырау) коэффициенті мен әр жылғы дефицит пен профициттің нақтылы көрсеткіштері;
  3. Электр қуатын тасымалдау жүйесі технологиясында жоғалатын қуаттың көлемі мен динамикасы және сол шығындарды қысқартуға бағытталған тасымалдауды жетілдіру мақсатында жасалған іс-шаралар (ғылыми ізденістер арқылы әлемдегі технологиялық жетістіктерді енгізу) және соған жұмсалған қаржылар және оның тиімділігі; 
  4. Еліміздің электр қуатын өндіретін табиғи көздері (резерві) – таулы жер өзенінің суы, күн қуаты, жел және газ тағы басқа табиғи шикізат байлықтардың ғылыми зерттеліп, анықталған қорының көлемі мен аймақтар (қай жерде) туралы деректер және соларды пайдаланған кезде олардың жеке әрбіреуінің өндірген бір кВт электр қуатының өзіндік құндары қандай болатын көрсеткіштер;
  5. Елімізде қалыптасқан электр қуатын өндіруге пайдаланып отырған табиғи қуат көздерін тиімді, ғылыми жетілдірілген жаңа технологиялар қашан, қай жерлерде енгізілген? Сол жасалған істердің нәтижесінде табиғатқа, адам денсаулығына әкелетін экологиялық зардабының азаю деңгейі және оның жыл сайынғы динамикасы. Соған жұмсалған қаржылардың тиімділігі;
  6. Салынатын АЭС-тің құрылысына жұмсалатын қаржының көлемі (құрылыс пен қондырғы бағасы және іске қосуға кететін шығын);
  7. АЭС нақтылы толық қуатын пайдаланып жұмыс істейтін мерзімі ішінде (25-30? жыл) оған пайдалану кезінде жұмсалатын қаржының толық көлемінің есебі;
  8. АЭС түрлі сыртқы факторларға байланысты туындайтын қауіптен және өзі орналасқан өңірде адамдарға, аймаққа экологиялық зардабын болдырмауға байланысты жұмсалатын қаржылық шығын көлемінің есебі;
  9. АЭС жұмысы толық тоқтағаннан кейін, оның толық қызмет еткен мерзімі кезінде пайдаланған отынның қалдығын залалсыздандыруға кететін шығын. Яғни пайдаланған заттардың табиғи ыдырап залалсыз болу мерзімі біткенше (ол мерзім неше ғасырға созылады?) арнайы сақтайтын кешеннің құрылысы мен пайдаланған қалдық заттардың толық ыдырап, залалсыз болғанға дейін кететін қаржылық шығын көлемінің есебі;
  10. Тоқтаған АЭС-ті толық демонтаждан өткізіп, оның қалдықтарын залалсыздандырып, басқа жерде орын тауып, орналастырып, сақтауға кететін шығынның көлемі:
  11. АЭС салуға кететін нақтылы шығынның көлемі жоғарыда аталған шығындардың жиынтығына тең. Яғни оның нақтылы өндірген электр қуатының бір киловатының бағасы шығын жиынтығын АЭС қызмет көрсеткен жылдардағы өндірген барлық электр қуатына бөлгенде шығады. Тек осы көрсеткіш АЭС-тің экономикалық тиімділігін анықтайды. Үкімет осы көрсеткішті есептеп шығаруы керек. Басқа көрсеткіштің ғылыми негізі жоқ;
  12. Салатын АЭС-тің толық шығынын анықтау үшін оның жұмыс істеген жылдары еліміздің экономикасындағы әр жылдардағы қаржылық инфляцияның көрсеткіштерін ғалым-мамандар ғылыми болжамды пайдаланып ұсыныс жасауы қажет. Өйткені сол АЭС жұмыс істеген жылдарда экономикалық даму ерекшелігі, ол кездерде ғылым мен технологияның даму үрдісі өзгеріп, құрылыс материалдар мен өндірілетін заттар мен қондырғылардың бағалары күрт өсуі ақиқат. Осы жоғарыда аталған сұрақтар негізінде талдау жүргізіп қана АЭС-тің нақты экономикалық тиімділігін анықтайтын бізде ғылыми-зерттеу орталығы бар ма?
  13. Қазақ жері – атомның зардабын шегіп отырған бірден-бір ел. Оның зардабының (адамдар денсаулығына келетін) ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуы көзге көрінбей гeометриялық прогреспен өсіп жатыр. Ол Семей, Қарағанды, Павлодар, Шығыс өңірінен басқа аймақтарға кең тарап кеткен дерт. Атом жарылыс сынағының сансыз жылдарға созылатын кесірін кезінде Кеңес Одағы да, қазір Ресейдің де, біздің де билік ұмытқан, бірақ халық оның зардабын тартып келеді. Және бұл мәселені көтермеуге барлық алпауыт елдер мүдделі. Сондықтан Үкімет тек полигон аймағын залалсыздандырумен шектелмей, адамдардың тағдырына көңіл аударатын кез келгенін дәлелдейтін «Атом, гептил, әскери сынақтардан адамдарға келген зардабын жою» деген бағытта, солардың кесірінен жалғасып жатқан аурулармен күресу үшін республиканың бар халқының әлеуметтік жағдайын жақсарту туралы Мемлекеттік бағдарлама (жан-жақты зерттеулер мен ғылыми ізденістер негізінде) жобасын ұсынуы қажет». Оған Үкімет дайын ба?
  14. Үкіметтің, кезінде біздің елде триллиондаған көлемде шығын шығарып, АЭС-ке тәуелді болмайтын, елімізде «Жасыл электр қуатын» өндіретін табиғи қуат көзін дамытамыз деп өткізген ЭКСПО-ға кеткен қаржының өтеуі болатын таулы өзен суларын, күн қуатын, жел күшін пайдаланатын мемлекеттік бағдарламасы бар ма?

АЭС салуды жалғыз экономикалық көзқарас арқылы, не болмаса саяси мәселе шешумен қабылдау еліміздің, ұрпақтың келешегіне зиян әкеледі. Әлемдегі саяси-экономикалық даму үрдісіне өз ықпалын жүргізіп отырған алпауыт елдер мен трансұлттық компанияның ашқарақтығы дүниежүзі халықтарының АЭС-ке қарсылығына қарамай, өзіне пайдалы осы бағытқа біраз елдерді байлауға жандарын салып жатыр. Осыны ұмытпау керек.

АЭС салу мәселесіне келгенде, бізге жалғыз экономикалық көрсеткіштерге сүйеніп, оның еліміздің келешегіне, ұрпақтың тағдырына, адамдардың денсаулығына, мемлекеттің тәуелсіздігіне зиян әкелетін торға қамалудан сақтану қажет. Егер қазақ жерінің байлығын бір күнгі пайданы қумай, ысырапқа ұшыратпай, оны ғылыми-зерттеулер арқылы пайдалана білсе, елімізде жүз миллионға жуық халықтың талай ғасырлар бойы кедейсіз өмір кешуіне жетеді. Сондықтан біз бүгіннен бастап жеріміздің байлығын көзіміздің қарашығындай қорғап, келешек ұрпағымыз алдындағы борышымызды адал орындау үшін, елімізде жаңа қоғамдық сана қалыптастыру қажет. Қазіргі «жаңа билік» ұрандатып ескі әуенмен насихат жүргізуді қойып, халықпен кеңесе отырып, ұлт мүддесіне қайшы келетін қылықтардан мейлінше тез құтылуды ойлауы қажет. Ол үшін билік жүйесі ең алдымен тамыр-таныстарын қолдауды тоқтатып, бұрынғы бір-бірімен желімдей жабысқандардан тазарып, жедел кадр таңдау тәртібін өзгертіп, халық үніне құлақ асуы керек.

Құрметті Президент мырза!

Мені халқымның, ұрпағымның келешек тағдыры толғандырып, сізге хат жазуға мәжбүрлеп отыр. Айтарым, алдыңызға қойып отырған мәселе жалғыз халықтың ғана тағдыры емес, ол сіздің де, кеңесшілеріңіз бен министрлеріңіздің де тағдырына тікелей байланысты. Егер осылай халықтың үніне құлақ аспай, бұрынғы таныс, істес болған топтың ықпалынан ажырамай, өзгеріс жасалмаса, келешекте биліктегілер халықтың қарғысын алып, қаһарына ұшырайтыны уақыттың еншісінде. Өмір заңы, халқына опа көрсетпегендер ғұмырының соңын күйзеліспен өткізеді. 

 

Болат ДҮЙСЕМБІ, экономист-саясаткер, еңбек ардагері
10.11.2022

Ұқсас жаңалықтар

БАСПАСӨЗДІҢ БАС АУРУЫ
Дәулетбек Байтұрсынұлы, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 18.11.2022 606

Топ жаңалықтар

1
Мемлекет басшысы Франция Президенті Эмманюэль Макронмен кездесті
Show more
bort_01 - 2022-12-01 109
2
Белгілі дінтанушы Оралда болды
Show more
Ләззат ҚАЖЫМОВА БҚО Орал қаласы - 2022-11-30 143
3
Кәсіпқой бокс: Жәнібек жекпе-жектерден шеттетілді
Show more
Ермек Сахариев - 2022-11-28 244
4
Ақ Жайықтағы ақжарма кездесулер
Show more
Ләззат ҚАЖЫМОВА, БҚО, Орал қаласы - 2022-11-28 253
5
Мұстафа Өзтүрік көзден таса қалып қойған жоқ па? қойған жоқ па?
Show more
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 2022-11-28 227