«Қазақстан халқына» қоры Қазақстан халқын жарылқай ала ма?

«Қазақстан халқына» қоры  Қазақстан халқын жарылқай ала ма?

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде «Қазақстан халқына» қоры құрылатынын айтқан болатын. Бұл қордың басты мақсаты – халыққа қамқорлық. Дегенмен халықтың ойында сенімсіздік басым. «Бұл қордың халыққа қызметі рас па, жоқ па? Қаражат діттеген жеріне жете ме, жоқ па?» деген сұрақ біраз адамның көкейінен кетпей жүргені рас. Жә, делік. Алдымен осы қор туралы мәлімет бере кетейік. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік сала, мәдениет және спорт салаларындағы нақты мәселелерді шешу жөніндегі бастамасын қолдаған барлық қазақстандықтарға, ірі кәсіпорындарға, еңбек ұжымдарына алғыс білдіреді.

17 қаңтар күні таңертең Қоғамдық қорға 6 519 қазақстандықтан 10.1 млн теңге түсті.  Жалпы заңды тұлғалардан 12.36 млрд теңге түскен. Бұл мәліметтер Қордың ресми поштасынан редакцияға келіп түсті. Ашықтығына риза болдық.   

Қор келесі міндеттерді орындайды:

– Қазақстан Республикасының халқына денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларында мемлекеттік қолдау шараларынан тыс қосымша қамтамасыз ету мәселелері бойынша қайырымдылық көмек көрсету; 

– Төтенше жағдайлар кезінде және төтенше жағдай режимін енгізу кезінде Қазақстан Республикасының зардап шеккен халқына көмек көрсету; 

– Халықтың әлеуметтік осал топтары және осал топ балаларына спорттық инфрақұрылымның дамуы және қолжетімділігін арттыру бойынша жәрдемдесу; 

– Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғау кезінде қаза тапқан құқық қорғау органдары, арнайы органдар қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің отбасыларына және басқа да көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу, қолдау;

– Қор қызметінің басқа бағыттары бойынша қайырымдылық көмек көрсету. Қорды қаржыландыру жеке көздерден, халықаралық қайырымдылық ұйымдарының қаражатынан, лоторея қызметі операторының, ставкаларды есепке алу орталығының және басқа да монополистердің міндетті аударымдарынан, ірі бизнес тарапынан тұрақты аударымдарынан, қайырымдылыққа, оның ішінде квазимемлекеттік секторға арналған қаражаттан жүзеге асырылатын болады. 

Жақында ғана Қордың Қамқоршылық кеңесі «Қазақстан халқына» бірауыздан ҚӘҚ төрағасы қызметіне Болат Жәмішевтің кандидатурасын ұсынып, оны бірауыздан қолдады. «Қазақстан халқына» жоғары басқару органы ретінде Қорға қатысушылардың жалпы жиналысы, бақылаушы орган ретінде Қамқоршылық кеңес, атқарушы орган болып Басқарма және бақылаушы орган болып Тексеру комиссиясы тағайындалады.

Қордың Қамқоршылық кеңес құрамында:

Пя Юрий Владимирович – «University Medical Center» КҚ басқарма төрағасы, Қамқоршылық кеңесінің төрағасы; 

Аружан Саин – ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкіл, «Милосердие» ерікті қоғам» қайырымдылық қорының директоры; 

Бахыт Мәдениетқызы Байғалиева – «ҚР орфандық аурулары бар пациенттерге көмек көрсету қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің негізін салушысы, төрайымы; 

Саида Жанәбілқызы Тәуекелова – «Қоғамдық бақылау және мониторинг» РҚБ негізін салушысы, жетекшісі; 

Эльмира Айташқызы Алиева – «Help Today» ҚҚ төрайымы; 

Ләззат Алтынбекқызы Шығысбаева – «Менің Атамекенім» ҚБ атқарушы директоры; 

Трифонов Владислав Вячеславович – «Жизнь без границ» ҚБ; Смирнова Ирина Владимировна – ҚР Парламентінің мәжіліс депутаты, қоғам қайраткері; 

Роза Айтжанқызы Сүлейменова – «САТР» ЖШС бас директоры; 

Алмаз Ержан – қоғам қайраткері, мүмкіндіктері шектеулі адамдардың құқықтарын қорғаушысы; 

Ораз Алиұлы Жандосов – «Ракурс» экономикалық анализ орталығының директоры, экономист; 

Олжас Әбдімәлікұлы Құдайбергенов – «Center for strategic initiatives» консалтингтік компаниясының аға серіктесі; 

Арманжан Мерекеұлы Байтасов – «Tan Media Group» иесі, меценат; Қайырбек Шошанұлы Сүлейменов – ҰҚП «Атамекен» кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы. 

 

Пікірлер тоғысы

Қор құрылды және оның Төрағасы мен құрамы таңдалып алынды. Әлеуметтік желіде сын да, талқылау да көп. Біз өз тарапымыздан мамандардың «Қазақстан халқына» туралы ой-пікірін назарларыңызға ұсынбақпыз.

 

Мұхтар Тайжан, қоғам қайраткері: 

Бұл кеңеске тәуелсіз адамдар керек

«Біреуге ұнар, біреуге ұнамас. Мен де қазір дәл осылай екіойлы болып отырмын. Ол жердегілердің біріне сенсем, біріне сенбеймін. Бірақ бұған олай субъективті көзқараспен қарауға болмайды. Объективті критерийлерді алға тарту керек. 

Қордың Қамқоршылық кеңесінде болуға кім лайықты? Қандай стандарттарды ұсына аламын? Міне: 

1. Адам (оның фирмалары) Қамқоршылық қорына енген күнге дейін Сотпен анықталған қарыздары болмауы тиіс. Қарызы бар адам өзге біреулердің көп қаражатын тарату мүмкіндігіне ие болмауы керек.

 2. Ол адам осыған дейін халық ақшасын жеке мүддесіне пайдаланбауы керек (мысалы, адвокаттарға өз мүддесі үшін қайырымдылық қоры есебінен ақша төлеу).

3. Ол адам мемлекеттік тілді меңгерген болуы керек. Әйтпесе ол тілін түсінбейтін тірі адамдардың арасында ақшаны қалай таратпақ? Ойын да жеткізе алмайды. 

4. Тең дәрежеде аймақтардан таңдалған адамдар да болу керек. Маңғыстау, Атырау, Орал, Қызылорда және басқа облыстардың адамдары қайда? Біздің ел Алматы мен Астанадан (Нұр-Сұлтан – ред.) ғана құралмайды ғой? 

5. Ол адам мемлекеттік және квазимем секторлардың тапсырысының арқасында өмір сүрмеуі керек. Әйтпесе ол мемаппаратқа (шенеуніктерге) тәуелді адам болып шыға келеді. Бізге бұл кеңесте тәуелсіз адамдар керек.  

Қазір бізде бұл тізім «сен мені білесің ғой» деген принциппен жасалған. Билік әлі күнге дейін қолмен басқарылуда (ұнауы да, ұнамауы да мүмкін), ал қазір объективті стандарттар мен критерийлерге өтуіміз керек  секілді».

Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

 

Қорға қазірдің өзінде қаржы жиналып жатыр. Кейбір мемлекеттік қызметкерлер бір күндік жалақысын аударып жіберді. 

 

Олжас Құдайбергенов, экономист: 

Бір күндік жалақыны аудару үрдісін тоқтату керек

«Мемлекеттік қызметшілер немесе жеке компаниялар бір күндік жалақысын аударатын үрдіс байқалады (қорға – еск.). Бұл қор мүлде бұл мақсатқа арналмаған. (...) Қор бір кездері салықтан жалтарып, ақшасын шетелге шығарып, енді азаматтық санасын көрсетуге дайындар үшін. Сондай-ақ бай адамдар мен заңды кірісі бар компаниялар да аудара алады. Мүмкін басқа да табыс көздері табылар. Аз ақша аударғысы келсе, тіпті қарапайым адамдар да жасай алатыны анық. Бірақ бір күндік жалақыны аудару үрдісін тоқтату керек», – деп бөлісті Олжас Құдайбергенов.

 

 

Жанат Ардақ, «inbusiness» тілшісі:

Кеңесте жастар көшбасшылары неге жоқ?

 

«Қордағы ондаған, алда – жүздеген миллиард теңгені бөліске салуға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, азаматтық қоғам өкілдері, меценаттар мен еліміздің беделді азаматтары жауап беретіні айтылды. Халықтың пікірін саралап көрсек, ел талабы мен сын-ескертпелері мынадай:

Біріншіден, «Қазақстан халқына» қорының құрамына қазақ тілін жете білмейтіндер кіріп отыр, ал былтырғы санақ қорытындысына сәйкес, Қазақстан халқының 70,18 пайызы – қазақтар. Демек мемлекеттік тілде сөйлей алмайтындар, тілін білмейтіндер халықтың қамын қалай ойлайды, мұқтаждығын қалай түсінеді? Жұртшылық осы қоғамдық-әлеуметтік қордың төрағасы лауазымына тағайындалып, тізгінін қолына алған Болат Жәмішевтің қазақ тілін жетік меңгермегеніне назар аударды. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы болып Юрий Пя сайланған. Екіншіден, «араларында бір рет болса да алаңға шыққан адам жоқ». Бұл пікір Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелері тарапынан да айтылды. Үшіншіден, ол қатарда жастардың өкілдері жоқ. Ал наразылық шараларына басым көпшілігінде жастар шыққаны мәлім. Демек жастардың мұң-мұқтажын мен қажеттіліктерін нақты түсінетін, осы іспен көптен айналысып, ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген нақты жетекшілер, жастар көшбасшылары болғаны жөн. Төртіншіден, қазақстандықтар қордың Қамқоршылық кеңесі құрамына кірген кейбір адамдардың «қолы мен ары таза еместігін» қаперге салып, олардың қоғам сеніміне ие бола алмайтынын әрі мұндай адамдарды мол қаржы тасқынын үлестіруге қатыстырмаған жөн екенін қаперге салуда. «Бұл қайраткерсымақтардың арасында ұзақ жылдар бойы «Самұрық-Қазынаның», бюджеттің ақшасын жұмсағандар бар, олардың қызметінде мөлдірлік жоқ, қорды басқаруға жібермес бұрын алдымен олардың өзін және солар ұлттық әл-ауқат қорының қаражатына жүзеге асырған жобаларды жақсылап тексеріп алған жөн еді» дейді қазақстандықтар. Бесіншіден, «бұлардың көбі ұлттың үнін жеткізушілер емес, Үкіметті қолдап жүргендер» деген пікір айтылуда. Демек кеңес мүшелерінің ел алдындағы бедел-ажары, «абыройсыздық багажы» қорға да теріс әсер етіп, қоғам сеніміне селкеу түсіруі ғажап емес. «Қазақстан халқына қорының халық деген тек атауы ғана қалды...» дейді қазақстандықтар. Алтыншыдан, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде пікір қалдырған азаматтар «Қазақстан халқына» аталған қордың мамандары болмағанымен, ең құрыса Қамқоршылық кеңесі мүшелерінің кандидатурасы халық талқысына салынуға, қажет болса, ел болып дауыс беру арқылы сайлануға тиіс еді деп жазуда. Пікір білдірушілер әсіресе, Аружан Саин, Арманжан Байтасов, Қайырбек Сүлейменов, Ирина Смирноваға қатысты көңілдері толмайтынын айтып жатыр. «Менің ойымша, алдымен «Қазақстан халқына» қорының Қамқоршылық кеңесінің функцияларын, немен айналысатынын жариялау керек еді. Содан кейін халық арасында тездетіп онлайн сауалнама жүргізіп, жұрттың осы қор жетекшілігінде қандай тұлғаларды көргісі келетінін білуі қажет еді. Әр кандидаттың жинаған дауысына қарай оны құрамға қосса, бұл әділ болатын еді. Әйтпесе, билік тағы да бұрынғы қателігін қайталап, түсіндірусіз-ақ, жұртқа тек қабылданған шешімін таңып отыр. Қоғам дәл неге осы адамдардың таңдалғанын, олардың елге не еңбек сіңіргенін білмейді», – дейді консультант Ғалия Әбдікова. Мысалы бейресми дерек бойынша «Қазақстан қорына» Қамқоршылық кеңесінің мүшелері өз жұмысы үшін жалақы алмайды. Бірақ бұл ресми түрде айтылмағандықтан, халық оған сенбейді. «Миллиардтардан өз қалтасына да салып қойса, кім тексереді? Қоғамдық мәртебелі қорды тексеру Есеп комитетінің құзырына кірмейді ғой» дейді қазақстандықтар. Жалпы  бұл қордың немесе айналысатынын Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 11 қаңтарда Мәжілістің отырысында айтып берген болатын. «Бүгін мен «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құруға тапсырма беремін. Ол денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы нақты проблемаларды шешумен айналысады. Мысалы сирек дерттері бар балаларға көмек деген сияқты. Себебі, отбасылардың көпшілігі емдеу шығындарын көтере алмайды. Қалаларда, аудандарда, ауыл-кенттерде балаларға арнап, спорт нысандарын саламыз. Қабілетті балаларға жәрдем көрсетеміз. Мәдениетті қолдаймыз. Алматыға қорқынышты трагедиядан кейін ес жиып, еңсе тіктеуге көмектесеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Оның айтуынша, тәртіпсіздіктер кезінде қаза тапқан полицейлердің, әскерилердің отбасыларына да қолдау осы қордан көрсетіледі. Қ.Тоқаев бұл Президенттің, Үкіметтің немесе әлдебір меморганның қоры еместігін қадап айтты. «Бұл – барша қазақстандықтардың, халықтың қоры болады». Оның қызметіне Президент Әкімшілігі де, Үкімет те араласпайтын көрінеді. Бар ісіне жетекшілік ету «беделді қамқоршылық кеңеске» жүктелетіні, «адал да жауапты басшы тағайындалатыны», қор қызметінің толық айқындылығы, есептілігі және қоғам бақылауы қамтамасыз етілетіні уәде етілген.   Қордың жоспары, бюджеті, жобалары оның сайтында жарияланбақ. Әзірге оның сайты да жоқ. Ақша болса, лек-лек жиналуда. Қазіргі кезде Қазақстанның ауқатты тұлғалары, қаржылық, өнеркәсіптік, банктік топтар жапа-тармағай осы қорға миллиардтар аударуда. Сондай-ақ Үкімет, меморгандар, квазимемлекеттік сектор бір күнгі жалақыларын жолдады. Қор жекеменшік те, мемлекеттік те қаржы көздерінен толығады. Бұдан бөлек, халықаралық қайырымдылық ұйымдарының қаражаты тартылмақ. Бұған қоса «Сәтті жұлдыз» лотореялық қызмет операторының, букмекерлердің Бәсті есепке алу орталығының, тіпті әртүрлі монополистердің міндетті аударымдары бюджетке емес, осы қорға бағытталатыны мәлім болды. Президент бұл қорға әр жақтан, әр қаржы көзінен бір реттік емес, тұрақты түрде, ұдайы ақша аударылатынын мәлімдеді. Айтқандай, осы қорға қатысты қызықты ойды саяси ғылымдардың докторы, саясаттанушы Ермұхамет Ертісбаев айтты. Ол «Эхо Москвы» ресейлік ірі радиостанциясына сұхбатында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Елбасының арқасында елде өте табысты компаниялардың тобы және тіпті халықаралық өлшем бойынша шалқыған бай саналатын адамдардың қабаты пайда болғанын», «сондықтан олардың Қазақстан халқына тиесіліні қайтаратын уақыт жетті деп санайтынын» мәлімдегеніне назар аудартты. Үкімет қазір қандай компаниялар аталған қорға ай сайын қанша көлемде жарна төлеп тұратынын анықтауға кірісіпті. Президент алапат байлығы бар, бірақ көлеңкеде жасырын жүрген тұлғалар да осы іске белсенді қатысады деп күтетінін нақты айтты. «Тоқаев Мәжілістегі сөзінде «Біз – Жаңа Қазақстанды құрамыз!» деп айтты. Ол халық арасында кең талқыланып жатқан өте қуатты қадам жасады. Атап айтқанда, Қ.Тоқаев Елбасы жүргізген реформалар арқасында миллиардерге айналған тұлғалар мен топтарға үндеу жасады: қор құрып, шетелге әкетілген ақшаның елеулі бөлігін халыққа қайтаратын кез жеткенін қатаң ескертті. Қор қаражаты тек Алматыны қалпына келтіруге ғана емес, халық тұрмысын көтеруге, елді дамытуға да жұмсалады», – деді Ермұхамет Ертісбаев. Ендеше әңгіме Ұлттық қор секілді миллиардтаған доллар жиналатын жаңа әрі алпауыт қордың құрылуы жайында болып отырғанға ұқсайды».

«inbusiness»  сайты

 

ТҮЙІН:

Алпауыт қор халықтың игілігіне жараса игі. Президент Қ.Тоқаевтың уәде еткен Жаңа Қазақстанның жағымды жаңалығына айналса дейміз. Бұл осы Үкімет пен халықтың тіл табысуға арналған алғашқы қадамы дұрыс жасалса екен. Халық пен мемлекет бір ұғым. Сол ұғым айналасында ардан аттамасақ, халық та өзіне қамқор билікті сезіне алар еді. Мұқтажға жәрдем болатын «Қазақстан халқына» қоры ел көңілінен шығады деп үміттенеміз. Денсаулық сақтау, білім, ғылымға жұмсалса да, болашақ ұрпақ қазіргі істің игілігін көреді. Ұрпақ – ел ертеңі. Ертеңіміздің таңы арайлап атсын десек, бүгіннен бастап оларға қамқор болу керекпіз. 

Абзал Сүлеймен
20.01.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 212
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 208
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 713
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 836
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 750

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8907
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8301
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11529
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9285
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10513