Қазақстандағы байларды тәркілеу науқандары қалай жүргізілді?

Қазақстандағы байларды тәркілеу науқандары қалай жүргізілді?

 

«Байлар күбіден көже құйып ішсең ұратын» деп айтылып келген пікір орынсыз.

 «Кел, қазақ, кедейлер, ұйымдас жалшымен, молданы, байларды, Қойдай қу қамшымен» деп ақын жырлаған саясаттың кесірінен туған топырағынан үдере көшіп, тіпті тоз-тозы шығып, үрім-бұтақтары жан-жақа босып, жоғалып кеткен қазақтың байлары туралы кешегі Кеңестік дәуірдегі пікірлер бір жақты қаралып келгені бүгінде бәрімізге аян.

Кеңестік кезеңдегі «Байлар күбіден көже құйып ішсең ұратын» деген пікірлердің бүгінде орынсыз екеніне көзіміз әбден жетті. Рас кезінде қазан түбінде ауылындағы кедей-кепшікпен малшыларына шеміршек қана қалдырды дейтін бірлі-жарымдысы болмаса, қазақ байлары тамаққа қытымырлық жасай бермейтін.

Тұрмысына, экономикасына, салтына байланысты қазақта тегін тамақ, тегін төсек, қонақ болу жазылмаған заң екені көзі қарақты оқырманға белгілі дүние. Бұрын қазақ дәстүрінде үйге келген адамға тамақ бермеу, қондырмау деген атымен болмайтын. Егер ондайлар бола қалса, одан айып алынатын. Және бәлен үйіне қондырмапты деген сөз сүйекке таңба болып есептелетін. Сондықтан емес пе, кетіп бара жатқан жолаушыны қазақ «Ей шырағым, сусын іше кет» деп өзі шақырып тамақтандыратын. Оның үстіне бірде-бір өзін қазақ санайтын еркек тамаққа, қазан-аяққа араласпайтын. Кімге тамақ беру, кімді тойындыру әйелдің ісі деп саналатын. Бай үйінің ас-суы, айран-сүті екінші бір қараша үйде, кедей-кепшіктің үйінде болатын. Оның қаншасын ішу, қаншасын жеу көбіне-ақ кедейдің өз қолында еді. Моральдық жағынан, киімнен жүдемесе Кеңестік дәуірдегі кедей тамақтан тарықты деу көпе-көрнеу жала болады. Қысқасы «қасқыр мен малшыдан» қалғаны біздікі дейтін талай салдықпен, серілікпен жүретін байлардың болғанын ұмытпау керек.

Ауқатты шаруа атаулының қас жауы Ф.Голощекин Қазақ өлкелік партия комитетінің жалпықазақтық VI конференциясында ол «жартылай феодалдық түп-тамырымен құрту, байға күшті қысым жасау негізінде ауылды орташаландыру және қазақ батырағына, кедейіне және орташасына ерекше көмек беру» мәселесін партия бұқарасы алдында негізгі міндет етіп қойды. Айта кеткен жөн, бұл міндеттерді жүзеге асыруға қажетті алғы шарттар Ф.Голощекин Қазақстанға келгеннен кейінгі алғашқы жылдарда-ақ жасалған еді.

1927 жылы жергілікті кеңестерді сайлау кезінде байлар дауыс беру құқығынан айырылды. Бірақ бұған Голощекин қанағаттана қоймады. Оның басты мақсаты – байларды түп-тамырымен жойып жіберу болатын. [1]

VI Бүкілқазақтық партия конференциясының қазақ байларын күшпен тәркілеу туралы қорытындыға келуі ел ішінде жаппай дүрлігу туғызды. Мәскеудегі БК(б)П ОК мен БОАК-нің бұл шешімді және осыған байланысты заңды бекітуді белгісіз себептермен тоғыз айға созып жіберуі жағдайды шиленістіре түсті. [2]

Тәркілеуге байланысты әр түрлі алыпқашты өсек-аяңмен үрейленген халық – байы бар, кедейі бар – малды жаппай сатудың, жасырып қалудың жолдарын іздестіре бастады. Сондықтан 1928 жылы маусымның 21-де ҚазОАК «Қазақстанның барлық еңбекшілеріне» үндеу жариялады. Онда «тәркілеу туралы заң 1928 жылғы сәуірдің 1-нен бері мыңдаған малы бар, Кеңес өкіметіне «анық жау» неғұрлым ірі байлар қожалықтары дүниелерін тәркілеу және оларды жер аудару бағытында жасалып жатқаны, алғашқы кезекте бұл бұрынғы хан, сұлтан тұқымынан шыққан ірі байларға қатысты жүргізілетіні» атап көрсетілді.

Қазақ байларын тәркілеу туралы декреттің өзі 1928 жылы тамыздың 27-нде қабылданды. Баспасөз беттерінде қазақ байларын тәркілеудің 20 қыркүйекте басталып, 1 қарашада аяқталатынын ескертті. [3]

Қабылданған декрет бойынша, ірі байларға көшпелі аудандарда ірі малға шаққанда төрт жүз бастан жоғары малы бар, жартылай көшпелі аудандарда үш жүз бастан жоғары малы бар қожалықтар жатқызылды. Ал отырықшы аудандарда мұндай меже жүз елу бастан жоғары қарай болды. Бірақ осы соңғы аудандарда Қазақ АКСР ХКК жүз тұяғы барларды ірі бай қатарына жатқызып тәркілеуге құқықты болды. Декрет әсіресе көшпелі аудандардағы қожалықтарға шектен тыс қатал болды және Қазақ АКСР ХКК-не алғашқы көшпелі аудандағылардың малы көрсетілген саннан аз болған күннің өзінде бұл адамдарды – егер ауылда ықпалды болса, кеңестендіруге қарсылар ретінде жер аудару құқығын берді.

Қазақстанда ірі байларды конфискелеудің авторы Ораз Жандосов еді. Барлық жүргізілуге тиісті шараларды жасаған да оған ілінген 695 байды іріктеген де сол болатын. Оған дәлел 1926 жылғы Өлкелік партия комитетінің ІІІ пленумында үлкен талас тудырған сөзінде О.Жандосов ең басты назарда ұлт ішіндегі таптық міндеттерді шешуге аудару қажеттігін айтып, қазақ ауылында байларымен күресті тек бейбіт эконоикалық әдістері арқылы ғана емес, сонымен бірге саяси зорлау әдістері арқылы да жүргізуді ұсынды. Оның түсінігі бойынша, бұл шара қазақ қоғамын байлардың зорлығына ғана емес, сондай-ақ, феодалдық, рулық қатынастардың қалдығынан да құтқару үшін керек еді. О.Жандосов ұсынған бағыт О.Исаев, А.Мусин сияқты қайраткерлердің қолдауын тапты. Мәселен, Мусин: «Қазақстан үстімен қан төгусіз, Октябрьмен жүріп өту керек»,-деп, Голощекиннің пікірін қайталады. [4].

Қазақ байларын тәркілеу науқаны кезінде жергілікті шолақ белсенділер тарапынан жоғарыдағы нұсқаулар бұрмаланып, өте әділетсіздікпен жүргізілгенін біздер бүгінде архив қоймаларында сақталған құжаттардан аңғарамыз. Мәселен, тәркілеу кезінде байлар мен кулактардың «барлық киім-кешектері, іш киімдері, барлық азық-түлігі» тәркіленді. Ыдыс-аяқ, ұсақ-түйектің бәрі, балалардың іш киімдері тартып алынды. [5].

Мұндай жүгенсіздіктер Қазақстанға да тән болды. Қазақстанның өлкелік прокуратурасы 1930 жылы 25 наурызында өзінің жергілікті жерлердегі прокуратура органдарына жолдаған жабық нұсқау хатында «кулактарды тәркілеудің жергілікті жерлерде Партия мен үкіметтің 1930 жылғы 1 ақпандағы нұсқауларын көпе-көрнеу бұрмалау түріне ие болып бара жатқанын» ескертті. Бай-кулактар ғана емес, агрономдар, дәрігерлер, орманшылар, мектеп қызметкерлері де кулакқа жатқызылып, тәркілене бастады. [6].

Кеңес өкіметінің жете ойластырмай жүргізген саясаты яғни, қазақ байларын тәркілеу, ұжымдастыру науқандары елдегі жеке шаруа қожалықтардың күрт әлсіреуіне және жергілікті халықты алапат аштыққа алып келді.

Мәселең,  Әулиеата ауданында 1929-шы жылы 1,5 миллион бас қой болса, 1934-ші жылы оның 7-ақ мыңы қалған. [7].

Ал Т.Рысқұловтың 1933 жылы 9 наурызда И.Сталинге жазған хатында: «Сарысу ауданындағы 7000 қожалықтан тек 500-дей қожалық қалған» деген жолдарды кездестіреміз.

Жалпы Әулиеата өңіріндегі тәркілеу мен ұжыдастыру науқандарын жете зерттеп жүрген М.Рысдәулет пен Н.Қожамарова зерттеушілердің еңбектеріне сүйене отырып әзірлеген кестемізде қазіргі Жамбыл облысы территориясындағы қуғындалған байлардың саның түсіріп отырмыз. [8].   

 

Аймақ, облыс, аудан (1928 жылғы атауымен)

Ірі бай

Орта бай

Ақталғаны

Ақталмағаны

Сотталғаны

Жер аударылғаны

1

Меркі ауданы

23

233

      5

      18

       5

     256

2

Әулиеата ауданы

5

  -

      -

       4

        -

       5

3

Талас ауданы

1

  -

      -

        1

 

       1

4

Сарысу ауданы

10

   -

      1

        9

       1

      10

5

Қордай ауданы

8

   -

      1

        7

       1

       8

6

Шоқпар ауданы

10

   -

      -

       10

-                

      10

Барлығы:

57

233

     8

      49

8

     290

 

 

Пайдаланған әдебиеттер

1.     Т.Омарбеков. 20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті. Алматы: Санат 1997 жыл. 94 б.

2.     ҚР ОМА. 5 с-қ., 21 с-т., 15-іс, 46 п

3.     ҚР ОМА. 5 с-қ., 21 с-т., 15-іс, 46 п

4.     М.Қойгелдиев. Алаш қозғалысы. Монография. Екінші кітап. Алматы – Мектеп. 2017 жыл. 224 б.

5.     ҚР. ОМА. 1380-қ., 1-т., 243-іс. 1,2,3,5,59, 8-п.

6.     Т.Омарбеков. 20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті. Алматы: Санат 1997 жыл. 111 б.

7.     С.Бақторазов. Әулиеата өңіріндегі кәмпескелеу және ұжымдастыру науқандары кезіндегі дүрбелен. Тараз, 2022. 65 б.

8.     М.Рысдәулет. Конфискация. Тараз-2021 ж.

 

                                                

 

 

Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ, Қазақстан журналистер одағының мүшесі
31.05.2023

Ұқсас жаңалықтар

 ШАРДАРАЛЫҚ 9 ОҚУШЫ РОБОТОТЕХНИКА БОЙЫНША ИСПАНИЯДАҒЫ ЖАРЫСҚА ЖОЛДАМА АЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.04.2024 3
СОЗАҚТА «ЖАСЫЛ АЙМАҚ» АПТАЛЫҒЫ ҚАРҚЫНДЫ ӨТУДЕ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.04.2024 13
Бақылау шараларының нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің құқықтары қалпына келтірілді
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті - 24.04.2024 19

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 983
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7034
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10877
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7102
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7241