Қазақстандық жасөспірімдердің 5,8%-ы электронды темекіні жиі қолданады. Бұл туралы «Қазақстан оқушыларының өмір салты факторлары, олардың физикалық, психикалық денсаулығы мен әл-ауқаты» ұлттық есебінде айтылды. «Балалардың 5,8%-ы вейп тұтынады. Әсіресе 13 жастан 15 жасқа дейінгі ер балаларда бұл көрсеткіш екі есе үлкен. 2018 жылы жүргізілген алдыңғы зерттеумен салыстырғанда 2022 жылы ұлдар мен қатар қыздар да вейпті жиі қолдана бастаған», – делінген Қазақстан Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп жүргізген зерттеу есебінде. Өмірінде темекі шегіп көрген жасөспірімдердің үлесі 6% құрады. Балаларды темекі шегуге тарту 2018 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 2022 жылы 1,2%-ға өскен.