Сенат отырысында сыртқы мемлекеттік қарыздардың сомасын атап, оның өсуіне не себеп болғанын айтып, премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдаған халық қалаулысы Нұрлан Бекенов: «Қаржы министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік қарыз 22 трлн теңгеге немесе ЖІӨ-нің 27,4 пайызына жетті. Үкіметтің сыртқы борышы, мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың кепілдік берген сыртқы борышы 37 млрд АҚШ долларын құрады, бұл Ұлттық қор активтерінің 67 пайызын құрайды және шекті мәнге жақындап келеді. Ұлттық қорды қарыздарды өтеу бойынша кепілдендірілген резерв ретінде ғана қарастыруға болмайды деп ойлаймын. Қазіргі таңда жалпы сомасы 12,2 млрд долларды құрайтын мемлекеттік сыртқы 52 қарыз бар. Оның 80 пайызы ғана игеріліп отыр. Еліміздің сыртқы қарызының артуына ықпал ететін негізгі факторлардың қатарында тиімсіз пайдалану, қарыз ақшаға сұраныстың жоқтығы, несиенің бір бөлігін жою, сондай-ақ квазимемлекеттік компаниялардың ақшаны өндірістік емес мақсатқа тартуы бар. Мәселен «ҚазМұнайГаз» АҚ еншілес ұйымының өз қаржысы бола тұра 2017 жылы акционерлерге дивиденд түрінде беру мақсатында 300 миллион АҚШ доллары сомасын үш жыл мерзімге қарызға алды. Яғни, бұл қарыз дивидендтер төлеу үшін алынды. Бұл халықаралық қарыздарды жөнсіз жоспарлау мен пайдаланудың жекелеген мысалдары ғана. Жағдайды жақсарту үшін сыртқы мемлекеттік қарыздардың тиімділігі мәселелері бойынша сенаторлардың мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор өкілдерімен кездесуінде бірқатар жүйелі шара әзірленді. Олардың ішінде сатып алу үдерісіне және келісім-шартты басқаруға тұрақты мониторингті жүзеге асыру, одан әрі өзектілігін жою үшін әзірленіп жатқан жобалардың сапасын арттыру шаралары бар. Мен сыртқы қарыздарды қаржыландырудың ағымдағы бағыттарын жіті талдау, жобалық-сметалық құжаттаманың құнын нақты реттеу және экономиканың барлық салаларындағы шығындардың басымдықтарын белгілеу арқылы тарту маңызды деп санаймын», – деп мәлімдеді.