«ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫН» ҚОЛДАУ – ӘР ҚАЗАҚҚА ПАРЫЗ

«ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫН» ҚОЛДАУ – ӘР ҚАЗАҚҚА ПАРЫЗ

Қара шаңырақ деген сөзді естігенде жүрегі дір етпейтін қазақ жоқ.

Қара шаңырақ исі қазақ үшін өте қасиетті, қастерлі. Бабаларымыз қашанда қара шаңырақты қадір тұтқан. Ол ұлтты ұйыстыратын, береке-бірлікке шақыратын, отбасы құндылықтарын сақтайтын, жалғастыратын, барша қазаққа ортақ қасиетті ұғым.

Қара шаңырақ десе, елің, жұртың, ұлттық құндылықтарың, салт-дәстүрің, қазаққа ғана тән ерекше қасиеттерің келеді көз алдыңа.

Бүгінде неше түрлі қоғамдық бірлестіктер, ұйымдар, небір кеңестер, комиссиялар көп. Кейбірінің «аты бар да, заты жоқ», «сөзі көп те, ісі жоқ», нәтижесіз екенін де көріп те жүрміз.

Менің байқағаным, Тұрар қызымның құрған «Қара шаңырағы өз жүрегінен шыққан, төл перезентіндей жобасы. Өзінің талай жылғы адал еңбегінің, жаяулап-жалпылап жүрген маңдай терінің нәтижесі.

Мен Тұрар Сәттарқызын қайдан білемін?

Осыдан 3 жыл бұрын әлеуметтік желіден бүгінде өмірден өтіп кеткен, қазақтың аяулы азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзагелді Кемелмен Тұрардың сұхбатын, ол кісінің «Қара шаңырақты» қолдағаны жайлы көріп қалдым. Одан кейін бұл қыздың парақшасын зерттеп қарап отырсам, сол кездегі Сарыарқа ауданының әкімі Ерғали Егемберді қолдап, біраз жұмыстар атқарып жүр екен.

«Ойпырмау, мынау аты да, заты да, жүрекке жылы тиетін жоба екен» деп қатты қуандым. Содан ер-азамат көтерер қазақтың қара шаңырағын, қазақтың қара қызының «Қара шаңырағым, ұлттық құндылығым» деп, ертеңіне алаңдап, бозторғайдай шырылдап жүргенін көріп бұл қыздың өзіне де, атқарып жүрген жұмысына да ерекше риза болдым. Сөйтіп бұл қызды іздедім. Әлеуметтік желінің жақсы жағы, осындай өзіңе рухтас, жаныңа жақын адамды танып, тауып алуға болады. Содан қызымды бірден бауырыма тарттым. Неге? Өйткені тікбақай, орысша сөйлеп, орысша түс көріп, орысша ойлайтын, қазақылықтың парқын білмейтін, өзімнен кейінгі кейбір буынға қарап көңілім қалып жүретін. Жас та болса, өзімді түсінер, рухтас жанды іздейтінмін. Елдің ертеңіне алаңдайтын Еланасына бұл қызым терең мұхиттай көрінді. «Бар екенсің ғой, айналайын» деп бауырыма тарттым. Жақын таныса келе адалдығын, жанының тазалығын, ниетінің түзулігін байқап тағы қуандым. Бүгінде Тұрарым өз қызымдай болып кетті. «Қызым шалт қадам баспасыншы, біреу-міреу ренжітпесінші, аппақ көңілін біреу-міреу лайлап кетпесінші, адалдығын пайдаланып кетпесінші» деп анасындай қамқор болғым келеді, қорғағым келеді. Қашанда ақыл-кеңесімді аямаймын.

Содан көп ұзамай «Елана» сайты «Қара шаңырақ» ҚБ меморандумға отырдық. Күні бүгінге дейін «Елана» сайты да, «Қазақстан дәуірі» газеті де «Қара шаңыраққа»қолымыздан келгенше ақпараттық қолдау жасап келеміз. Қызым да аянып қалмай, «Мөлдір бұлақ» балалар журналын барған жерінде насихаттап, балалар журналының ұйымдастырған сайыстарына белсене атсалысып, Астана кітапханаларында рухани шаралар ұйымдастыруда.

 

Өкініштісі, біздің бойымызда кейінгі кезде пайда болған бір жаман ғадет бар, ол адал жұмыс істеп жүрген бастамашыл адамды көре алмау, аяқтан шалу. Тұрар қатты науқастанып жатқан уақытта «Қара шаңырақ» бірлестігін тартып алғандар болды. Өзі ауырып жатқан адамға бұл екі есе соққы боп тиді. Сол кезде жанында болып, басу айтып «Қызым, аққа Құдай жақ, ақтың отын ақымақ өшіре алмайды» деп, өзін газет пен журналған Астанадағы үйлестіруші етіп алдым, ақылға салып, бірлестікті қайтарып алуына аналық ақылым мен қолдауымды аямадым. Иә, біраз уақыттан кейін бұл мәселе де шешілді.

Менің қызым ешқашан мойымайтын, сүрінсе де құламайтын рухы биік жан, денсаулығы қалпына келе сала, қайтадан қоғамдық жұмысына бел шеше кірісіп кетті.

Тұрар 20 жылдан астам уақыт мәдениет саласында, оның ішінде музейде қызмет еткен, руханиятты жан-жүрегімен ұғатын, ұлттық құндылық десе ішкен асын жерге қоятын жан. Қашан қарасаң, қанаты талмай, арқалаған дорбасының ішіндегі қазақ ертегілері мен кітап-журналдарын таратып, ақы-пұлсыз, мектептер мен балабақша аралап, ертегі айтып, дәріс оқып жүреді. Осы жұмыстарының барлығына біз ақпараттық қолдау жасап жүрдік.

Әлеуметтік желідегі жазбасы тұнған – ұлттық құндылық. Телеарналардың ұлттық құндылық, отбасылық тәрбие мәселесі жөніндегі тұрақты спикері, «Қоғамды қалай түзесем, ұрпақтың өнегелі тәрбиесіне титтей де болсын үлес қоссам» деп қанатымен су сепкен қарлығаштай болып жүрген жан.

Бүгінде «тұяғын сәл қимылдатса», «мен үйттім, бүйттім» деп мақтанып, арзан абырой жинайтын, мансапқорлар көп. Бұл қыздың бір ерекшелігі – кейбір ер-азамат атқара алмайтын жүкті арқалап жүрсе де, ешқашан мақтанбайды, мансапқа, билікке ұмтылмайды. Кейде «жазғандарыңды газетке шығар, әлеуметтік желіге қарағанда газеттің мәртебесі бар ғой» деймін. Бірақ қызым мансап іздемейді. Осы қарапайымдылығына тәнтімін.

Әлеуметтік желіге қаншама тәрбиелік мәні бар дүние жазып, қанша адамды ақпараттандырып отыр. Онысын біреулер пайдаланып жатса да, еш ренжімейді. «Жазбамның қазаққа пайдасы тисе, болды, апа-оу» дейді. Міне, осы бір қарапайым қасиеті, жанының тазалығы, өзі атқарып жүрген ісіне адалдығы ұнайды.

Бүгінде қызымның идеядан басталған «Қара шаңырағының» жанына рухтас адамдар, жанашырлар жинала бастады. Бірақ бүгінге дейін отыратын орны болмады. Қашан қарасаң, мектеп аралап, іс-шараларын кітапханаларда өткізіп жүретін.

  

Қызымның басы тұнған небір идея, бастама. «Апа-оу, «Қазақ әлемі», «Ана алақаны», «Ертегі – ел ертеңі» деген идеяларымнан авторлық жобалар жасадым. Солардың аясында «мынандай жұмыс атқарып жатырмын» деп ойын айтып, ақыл-кеңес сұрауды да ұмытпайды.

Былтыр жазда өз күштерімен «Сарыжайлау» қазақ ауылын ашып, 2 киіз тігіп қаншама жұмыс істеді. Қазақтың ұмыт болған салт-дәстүрлерін көрсетті. «Баланы ашамайға отырғызу», «Қыз баланың құлағын тесу», «Тілашар» сияқты бүгінде жасалмайтын дәстүрлерді жаңғыртты. Қазақ үйдің ішінде небір этнографиялық дәрістер өткізді. Осы шаралардың бәріне өзіміз куә болдық. Әрине бұл жерде қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимовтың, әкімнің орынбасары Есет Байкеннің, Тіл басқармасы басшысы Сәкен Есіркептің «Қара шаңыраққа» қолдау жасап, осы шараларға қатысқандығын айтып өткеніміз жөн. Осы азаматтарға алғысым шексіз.

Осыдан 20 шақты күн бұрын қызым «Апа-оу, бізге жаңадан келген қала әкімі Жеңіс Қасымбек орынжай берді» деген қуана сүйіншілеген хабарын естідім. Бәрекелді! Жеңіс Махмұдұлының руханиятқа көңіл бөліп жатқанына өзімде қуандым. Алла разы болсын!

Ана ретінде қуанарым, Тұрар қызымның қатары күннен-күнге көбейіп келе жатыр. Оның тағы бір ерекшелігі –халық қолдайды, қашан көрсең, халықтың арасынан табылатын жан. Ерте демей, кеш демей, халыққа керек дүниені насихаттап жүргендіктен, халық арасында абыройлы. Қызымды тіпті қала деңгейінен асып, облыстарға да шақыра бастағанына қуанамын. Яғни, бұл дегеніміз – қызымның жасап жүрген жұмысы халыққа қажет, қоғам оған зәру, ол халықтың жүрегінен шықты деген сөз.

Жақында  Тұрар қызым бастаған «Қара шаңырақ» ұжымы Елордамыздағы Ақселеу Сейдімбек атындағы мектеп-лицейде «Ұлттық құндылықтар – ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі»атты рухани отырыс ұйымдастырды.Жиынға Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері, Сыртқы министрінің штаттан тыс кеңесшісі Сайлау Батыршаұлы,мемлекет және қоғам қайраткеріДархан Қамзебекұлы Мыңбай,ҚР Еңбегі сіңген өнер қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Надежда Лушникова,Назарбаев университеті «Түркология» департаментінің профессор ассистенті, доктор PhD, тарихшы-этнолог Дәуіт Қара Шомфай,ақын, ардагер ұстаз Оспан қажы Сүлейменұлы,жазушы, Ардагерлер кеңесінің мүшесі Үзбен Құрманбайұлы, ҚР Сәулетшілер одағының мүшесі, ҚР Дизайнерлер одағының мүшесі, ҚР Өнер академиясының вице-президенті, академик, Түркі әлемі инженерлері мен сәулетшілерінің халықаралық бірлестігінің Қазақ академиясының президенті Бөкебай Саматбек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақ Елі» монументінің авторы, белгілі қазақстандық суретші және мүсінші Сембіғали Смағұлов, «Наз» мемлекеттік би театры» МКҚК-ң директоры Еркебұлан Ағымбаев,  М.Горький атындағы  Академиялық орыс драма театрының директоры Ернар Жұматаев, Мәслихат депутаты Қанат Естек, «Әкелер одағы» РҚБ төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбетов,Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Бином мектебінің директоры Марс Аблезов, Ақселеу Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейдің директоры Есмағзам Исламбекұлы және басқа көптеген жанашырлар қатысты.

Жиында ұлттық құндылықты дәріптеу, ұрпақ тәрбиесі жайлы және «Қара шаңырақтың» жұмысын әрі қарай дамыту жайлы сөз қозғалды.

Жиын барысында «Қара шаңырақ» ҚБ «Ақылдастар алқасы» құрылды. Оның жетекшісі болып бірауыздан мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай және мүшелері ретінде қатысқан зиялы қауым өкілдері сайланды.

Осындай рухани жиынның қасиетті Рамазан айының жұма күні өтуі  және оған 80 астам адамның қатысуы тегін емес. Бұлда менің «ұлтым, ұрпағым» деп шырылдап жүрген Қарақызымды Алланың қолдауы болар?!

Жиын қатып қалған форматта емес, жанға жылу сыйлаған әдемі рухани отырыс түрінде болды. Отырысты «Абай» телеарнасының директоры Азамат Кеңесұлы тамаша жүргізді. Дәстүрлі ән айтылған, күмбірлеген күй шертілген жып-жылы жиыннан рухани әңгімеге шөліркеп қалған жұрт кеткісі де келмеді. Сырларын айтып, ниеттерін білдірді, «Қара шаңыраққа» деген ақ жарма тілектерін төкті.

Айналайын, ағайын, «Қара шаңырақты» бір адам көтермейді, қара шаңырақты ел болып көтеруіміз керек.«Ұл тәрбиесі, қыз тәрбиесі, өнегелі ата-ана, өрелі ұрпақ» деп ұлт құндылығын арқалап жүрген Тұрар қызымның жүгін бөлісіп көтеруіміз керек.

Ана ретінде, әже ретінде қоғамда болып жатқан адам айтуға ауыз бармайтын келеңсіздіктерге жүрегім ауырады, осындайда Шерағамның «Егер бір адамда рухы жоқ болса, ол сол адамның соры, ал егер ұлтта рух жоқ болса, ол ұлттың қасіреті» деген сөзі еске түседі. Қандай ауыр сөз!

«Ойбай, анау жоқ, мынау жоқ, тіліміз не боп барады, діліміз не болды, құндылық құрып барады» деп құр байбалам сала бергенше, нақты жұмыс істеп жүрген жанға неге көмектеспеске?!

Сөзбен мүйізіміз шықса, 30 жылда шығар еді-ау?! Сөзден іске көшетін кез жетті.

Қазақтың қара шаңырағы құшағына қанша халықты сыйдырып отыр?! Ұлт құндылығының ауыр жүгін, бабалар аманатын Тұрар қызым жалғыз көтермей, бүкіл қазақ болып бірлесіп көтерсек ғана, аманатқа қиянат жасамаймыз.

Әкімшілік орын берді. Рахмет.Бірақ оны жөндеу және қазақтың иісі аңқып тұратындай етіп жасау үшін қыруар қаражат керек.Халайық, елдігіміз бірліктен көрінеді.

Өзімнің ұжымым қашанда «Қара шаңыраққа» ақпараттық қолдау жасауға әзір, сонымен қатар, руханияттың әлсіреп тұрғаны, қазақ газет-журналының бүгінгі ахуалы кімге болса да аян, дегенмен де, ұжымымызбен қолымыздан келгенше демеушілік жасаймыз.

Қадірлі ағайын, айлардың сұлтаны, қасиетті Рамазан айында ұлт болашағы үшін ерекше сауапты іс, демеушілік жасауға асығайық.

  

«Қара шаңырағымыз» қараусыз қалмасын, құндылығымыз құлдырамасын, салт-дәстүріміз қасиетінен айырылмасын десек, аянып қалмайық.

Бүгінге дейін болмаған «Қара шаңырақ» ұлттық құндылық және салт-дәстүр орталығын бас қаламызда тігіп алсақ, оның шашқан шуағы басқа да қалаларға, тіпті тарыдай шашылған қазағым тұратын шетелге де тарайтыны сөзсіз. Ал оны құра алмасақ, қазақтығымызға сын.

Айтайын дегенім, бұл орынжайға 4 ай ішінде жөндеу жұмысы жүргізілмесе, қайтарып алады екен. Оның 1 айы бітуге таяу. Сондықтан қасиетті айда ұрпақ тәрбиесі үшін ізгі іс жасауға асығайық, ағайын!

«Пайда табайын, лауазымға отырайын, билікке барайын» демейтін, бақай есебі жоқ, бойында мансапқорлық, атаққұмарлық, билікқұмарлық дейтін жаман әдеттен ада, ұлтын ерекше сүйетін, намысты, табанды, нағыз қайсар Тұрар қызым «бар қазаққа болсын» деп құрған «Қара шаңыраққа» қол ұшын созып, уығын қадап, шаңырағын бекітіп, темір қазығын мықтап байлайық.

«Әр қазақ – менің жалғызым» деп Сабыр Адай бауырым айтқандай, қасиетті Рамазан айында рухани сауапты іске шын жанашырлық танытып,әр қазақ атсалыссақ, қазақтың «Қара шаңырағы» ешқашан шайқалмайды.

«Тамшыдан теңіз құралады, тиыннан теңге құралады» демекші, «Қара шаңырақ» ҚБ ашқан есепшотқа «қазағымның болашағы үшін» деп қолымыздан келген қаражатты салайық. Бұл бастаманы өзімнен бастамақпын.

Қазақтың «Қара шаңырағын» қолдау – әр қазаққа парыз.

  

Банктің есепшоты:

⠀«Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігі

⠀БСН: 200 340 016 434

Алушының есепшот нөмірі

Ағымдағы шот KZ73551Z128000289KZT

⠀KZT «Банк Фридом Финанс Қазақстан» АҚ

БСК: KSNVKZKA;   БСН: 090 740 019 001; каспи бар телефон нөмірі: 8701 288 4960

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Қоғам қайраткері
05.04.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 97
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 617
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 735
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 647
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 656

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8791
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8192
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11419
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9173
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10404