Болмау керек сүюдің жолы жаңа,
Қыз үлесі қашанда болу Ана.
«Жаным» деген жігітті жек көрмеңдер,
Өзі сүю қыздардың соры ғана, – деп жазасыз.
Заманның өзгеруі дейміз бе, қазір мұндай түсініктің өзі өзгеріске ұшырады. Тіпті, ана болуға қатысты көзқарастың өзі түбегейлі өзгеріп кеткендей. Бүгінгі күнгі қазақ қызының, қазақ әйелінің образы дегенде көз алдыңызға не келеді? - Жұлдыз Әбділда
– Бүгінгі қазақ қызы дегенде біз түсінген әйелдік борышты үстірттеу ұғатын, жартылай түсінетін, қоғаммен арпалысты көбірек қалаған, дейтұрғанмен жүрегінің арғы түкпірінде бақытты ана болуды аңсаған, соған мына ғасыр жол бермей, сонымен арпалысқа түскен қыздар көз алдыма елестейді. Қазіргі қыздардың біразы жеңілдеу өмірді іздейтін болды. Шетелге тұрмысқа шыққысы келетіндердің қатары қалың. Өзінің тілін емес, үйренген тілін жоғары қоятындар баршылық. Қай жерде жеңіл өмір бар екен деп көзін сүзген қыздар көп. Маған сондайға бейім қыздар көбірек кездеседі. «Не де болса маңдайымнан көрейін, осы қазақ халқымен бір болайын» деп ойлайтындар сиреді. Бәріне жеңіл жолмен, күрессіз жолмен жетуді көксейтін қыздарымыз көбірек. «Өзі сүюдің» кесірінен тастанды балаларды өмірге көп әкеліп жатқан да – біздің қыздар. Қазақ қоғамында бұрын болмаған тастанды бала қазір көп. Тіпті, тастанды баланың өзін бауырға басып, баяғының кісілеріндей, «олжа болды, Олжабай болсын» дейтіндер қазір аз. Соның салдарынан «Олжабайларымыздың» көпшілігі шетелге сатылып, енді біразы жетімдер үйінде телміріп жүр. Қыздардың болмысы, түсінігі үлкен өзгеріске ұшырағанын байқаймын.