Тараз қаласында Нұрғиса Тілендиев атындағы мектеп-интернаты бар. Білім ошағы әйгілі композитордың атында болғандықтан, осында жұмыс істегісі келетін музыка мамандары аз емес. Олар әйгілі композитордың даңқы мен қасиетін құрмет тұтқандар. Солардың бірі – қобызшы маман Құдайберген Нұрманов.
Құдайберген Шорабайұлы Жамбыл мәдени-ағарту училищесін «Домбыра» класы, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын «Қылқобыз» класы бойынша тәмамдаған кәсіби маман. Облыстың мәдениет саласында түрлі қызметтер атқарғанымен, балалармен тікелей жұмыс істеуге ниеттенген. Ақыры, 2006 жылы басқа қызметтен бас тартып, Нұрғиса Тілендиев атындағы мектеп-интернатына бар болғаны 7-8 сағатпен қобыз үйірмесінің жетекшісі болып барады. Бұрынғы жұмысына қарағанда жалақысының үш есе азайып кеткеніне де қараған жоқ. Аталған білім ошағының сол кездегі директоры Камилаш Ахметжанова барынша түсіністік танытқанымен, артық штат жоқ болатын. Құдайберген ұстаз осылайша бір жыл мардымсыз жалақымен де жұмыс істейді. Айлықтың көлеміне емес, балалардың өнеріне қарады. Осы мектептен «Нұр-Ата» фольклорлық-этнографиялық оқушылар оркестрін құрды. Оқушылармен жұмыс істеу ол кісіні шабыттандырып жіберді. Нұрғисаның мектеп-интернатында еңбек етіп жүргеніне қуанды. Мұндай жанкешті еңбекті бағалаған Камилаш Құстүтінқызы келесі жылы Құдайбергенді толық штатқа ауыстырып, жалақысын да өсірді. Осылайша, қобызшы маманға өнерлі балалармен алаңсыз жұмыс істеуге мүмкіндік туды. Бір ерекшелігі, ол кезде мұндай кәсіби маман саусақпен санарлықтай болатын. Қазіргі таңда да қобызшы мамандардың көп емес екені белгілі.
Құдайберген қобызшының еңбегі жеміс берді. «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға…» деп хакім Абай айтқандай, төккен тері зая кеткен жоқ. Өзі маңдай терін төгіп жүріп құрған «Нұр-Ата» фольклорлық-этнографиялық оқушылар оркестрі 2001 жылы V халықаралық «Ақкөгершін» фестивалінде жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Ал 2015 жылы аталған оқушылар оркестрі республикалық «Біз бақытты баламыз» атты байқаудың бас жүлдесін иеленді. Облыс көлеміндегі барлық байқауларда бұл оркестр жиі жеңімпаз атанып жүрді. Жекелеген өнерлі оқушылары да түрлі байқауларда топ жарды. Міне, осылайша, шәкірттерді жақсы көрген Құдайберген ұстаздың еңбегі ақталды. Еңбегіне орай түрлі марапаттарға да ие болды.
Біз ардагер ұстаздан мәдениет саласындағы жақсы жұмысынан неге ұстаздыққа ауысып кеткенін сұрадық. Құдайберген Шорабайұлы «Оның себептері бар. Мен Нұрғиса Тілендиевті өмірімде кездестіріп, жас күнімде қасында жүрген адаммын. Бір жолы Жуалы ауданына барды. Қасына мен еріп жүрдім. Нұрекеңнің түрлі мінездеріне, болмысына куә болдым. Шынайы кісі. Ашуланса да, қуанса да – шынайы. «Бала, қалайсың?» деп қояды маған. Өнер туралы, кәсіби өнерге жас ұрпақты баулу туралы көбірек сөйледі. Нұрғиса атамыздың сол сөздері қанша жыл өтсе де өсиеттей болып көңілімде жатталып қалды. Н.Тілендиев өмірден өткен соң, осы ой мені мазалай берді. «Осылай өзім үшін ғана жұмыс істеп жүре берем бе? Нұрғиса не деді? Мен қайда жүрмін?» деп ойланатын болдым. Ақыры 2006 жылы Нұрғиса Тілендиев мектеп-интернатына ауысып кеттім. 12 жыл еңбек еттім», – деп толғанды. Сол уақыт жайлы аталған мектеп-интернаттың педагог-ұйымдастырушысы (ол кезде директордың орынбасары) Айжан Мырзахметова: «Ағай аз ғана айлықпен жүрсе де, мектепке күнде таңғы сегізде келіп қоятын. Мұнтаздай киініп алып мектептің алдында тұратын. Ағайды көріп біз ұялып кетеміз. Құдайберген ағай сыр бермей, күліп амандасып, жұмысына кірісетін. Штаты жарты болса да бәрімізден ерте келіп, бәрімізден кеш қайтып жүрді. Міне, еңбек. Жылдар өткенде сол еңбектің, іздемпаздығының жемісін көрді», – деді.
Қазір Құдайберген Нұрманов – зейнет демалысында. Мереке сайын мектеп-интернатқа шақырылып, құрмет көріп тұрады. Ол кісі ашқан «Нұр-Ата» фольклорлық-этнографиялық оқушылар оркестрі мектепте жұмыс істеп келеді. Құдайберген Нұрмановтан кейін Әуезхан Салабеков осы мектеп-интернатта ұзақ жыл музыка маманы болып, зейнетке шықты. Қазір басқа музыка маманы тер төгуде. Музыка мамандары ауыса береді. Бірақ, «Нұр-Ата» фольклорлық-этнографиялық оқушылар оркестрін алғаш құрған, әр баланы жинап еңбегін сіңірген ұстаз Құдайберген Нұрмановтың елеулі еңбегі айтыла береді.
– Менің бұл мектеп-интернатқа басшы болып келгеніме аз ғана уақыт болды. Дегенмен, Құдайберген Шорабайұлының жасап кеткен жұмысын білемін. Қобыз өнері – қасиетті өнер. Оны үйрену, оқушыларға үйрету оңай іс емес. Сондықтан, біздің ұжымның ардагер ұстаз, танымал қобызшы Құдайберген Нұрмановқа құрметі бөлек. Ол кісіні іздейтін, ардақтайтын шәкірттері де көп. Ұстаз еңбегінің ақталғаны да осы шығар, – дейді аталған мектеп-интернаттың директоры Гүлзира Тойшыманова.