ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов елордадағы ерекше қажеттіліктері бар адамдарға көмек көрсететін бірқатар әлеуметтік кәсіпкерлік нысандарының жұмысымен танысты. Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов және Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб қатысты.
Вице-премьер «Мейірім» көпсалалы медициналық орталығында болып, еліміздің барлық өңірлерін бейнеконференция байланысы арқылы қосатын телемедицина кабинетімен танысты. Медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында аталмыш жобаның атқарар қызметі орасан зор. Бейнеконференция арқылы шалғай елдімекендердің тұрғындары сапалы медициналық көмек пен кеңес ала алады, ал дәрігерлер тәжірибе алмасып, консилиумдар өткізеді. Сонымен қатар вице-премьер мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Тәуелсіз өмір ДОС» нысаны мен әлеуметтік осал санаттарға жататын адамдарды оқытуға және жұмысқа орналастыруға бағытталған «Green TAL» әлеуметтік кәсіпорнын аралады.
«Бағдарламада көзделген шаралар халықтың әлеуметтік осал топтары мен табысы төмен азаматтардың пайдасына бюджет қаражатын әділ бөлуге, олардың экономикаға одан әрі интеграциялануын ынталандыруға бағытталған. Бұл жаңа мүмкіндіктер бағдарламасы, ол әсіресе көмекке мұқтаж адамдарға арналған. Оның міндеті тек қаражат бөлу ғана емес, алушыларды жұмыспен қамтудың әртүрлі нысандарына тарту арқылы өздерінің әлеуметтік мәртебесін өзгертуге, материалдық жағдайын жақсартуға ынталандыру. Бағдарламаның осындай бағыттарының бірі – әлеуметтік кәсіпкерлік», – деді Е.Тоғжанов.
Е.Тоғжанов Үкімет тарапынан баса көңіл бөлінетінін, жан-жақты қолдау көрсетілетінін және әлеуметтік кәсіпкерлерге өз ісінің бәсекеге қабілеттілігі мен рентабельділігін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Мұндай жобалар табысы жоғары толыққанды бизнеске айналуы тиіс.
Премьер-министрдің орынбасары мүмкіндігі шектеулі жандар тап болатын қиындықтар туралы айтып, қызметкерлер баса назар аударуы тиіс бағыттарға тоқталды. Сондай-ақ орталықтағы проблемалық мәселелерді сұрап, елорда әкімдігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, оларды қысқа мерзімде шешуді тапсырды.
«Әлеуметтік кәсіпкерлікті әлі де жандандыру қажет. Бұл адамдарға кедергісіз орта қалыптастыруда қоғаммен байланыс орнату үшін өте маңызды», – деп атап өтті Ералы Лұқпанұлы.