Қолдан тұншықтырылған орта тап ой еңбегімен айналысатын адамдар

Қолдан  тұншықтырылған  орта тап ой еңбегімен айналысатын адамдар

Марксизм-Ленинизм ілімі капитализм дүниесін капиталистер мен жұмысшылардың, яғни жоғарғы тап пен төменгі таптың қоғамы деп үйретті.  Жоғарғы тапты Карл Маркс үстем тап, қанаушы тап, төменгі тапты қаналушы тап деп құйқылжытты. «Қанаушы, қаналушы» деген сөздің кедейлерге еш ұнамайтынын, осы сөзді айтса жыны қозып кететінін жақсы білген Карл Маркс қасақана солай атаған. Ал қай қоғамның да жетекшісі болған орта тап туралы жұмған аузын ашпапты.

Еліміз нарықтық экономика жолына түскен 90 жылдардың басында біз білетін осы екі таптың арасынан орта тапты қалыптастыру маңызды екені жиі сөз болатын. Орта тап деген, өзін өзі толық қамтамасыз ететін, Үкіметке алақан жаймайтын, жылап-еңіреп жәрдем сұрамайтын, қайта мемлекетке салық төлеп тұратын шағын және орта бизнес өкілдері деп түсіндірілді. Назарбаев онымен қоса «алдымен экономика, саясат сосын» деген ойды жалаулатты. Әбден кедейленген халық оның астарына үңілмеді, сол себепті бұл сөз орта таптың шын бейнесін бүркемелеу екені ешкімнің ойына келмеді. Экономика ілгерілеп, Қазақстан ауқатты елге (бай демей-ақ қоялық) айналса, одан артық ештеңе керек емес сияқты еді. «Елде болса, ерінге тиеді». Елімізде ауқатты адамдардың көбейгенін шынымен қаладық. Бірақ орта тапты кімдер құрайды дегенге мән бере қоймаппыз. Меншік иесі болып, әжептәуір қаржы жинап, қорланғандар шығар деп шамалаппыз. Осы орта таптан зауыт-фабрика иелері өсіп шығады, былайғы жұрт сол өндіріс орындарында жұмыс істеп, алаңсыз өмір сүреді деп үміттендік. Осы зауыт-фабрикалардың арқасында экспорт көбеймесе де, импорт азаяды деп сендік. Бірақ мәселе біз ойлағандай болмады.

Менің мектепте нашар оқыған бір ағам әуелі бір дүкен, одан соң екі дүкен, сосын үшінші дүкенін ашты. Байыды. Өзі ғана. Өзі ғана емес, сататыны кіл қытай заты, Қытайды да байытты. Кейін ол дүкенді қойып, базар ашты. Ресторан ашты. Ақшаның астында қалды. Ақшаны қайда жұмсарын білмеді. 2-3 тоқал алды. Күнде той, күнде думан, ішу болды. Ақшасы қанша көп болса да зауыт ашайын, фабрика ашайын деген ой болмады. Бала кезінен білем, оның зауыт-фабриканы ойлайтын басы да жоқ еді. 

Иә, ол өзін-өзі толық қамтамасыз етті, Үкіметке алақан жаймады, жылап-еңіреп жәрдем сұрамады, қайта мемлекетке салық төлеп тұрды. Бір сөзбен айтқанда Назарбаев армандаған орта тап нақ осы адам болды. 

Өзін-өзі толық қамтамасыз ететін осындай орта тап, қарап тұрсам бізде баршылық екен. Алайда осы меншік иесіне айналған орта таптан суырылып шығып, зауыт-фабрика иесі атанған, отандық бұйым жасап, қазақстандық бренд қалыптастырған, сөйтіп импортқа тосқауыл қойған, жұмыс орнын ашқан, сөйтіп жұртты да жарылқап, өзі де миллионер болған адамды көрмедік. 

Назарбаев бір сөзінде: «Елдегі еңбекке жарамды халықтың 50-60 проценті шағын және орта бизнеспен айналысқанда біз металл мен мұнай экспортына тәуелділіктен құтыламыз, сонда қоғамда тұрақтылық орнайды және орта тап қалыптасты деуге толық мүмкіндік болады» – депті.

Қазір шағын және орта  бизнеспен айналысатындар қанша процент екенін қайдам, бірақ дүкен, базар ашып Қытайдың импорт тауарын сатқан анау ағам сияқтылар 50-60 % түгілі, 100 % болса да металл мен мұнай экспортына тәуелділіктен құтылмасымыз бесенеден белгілі болды, қоғамда тұрақтылық орнай қояды деген дәмеміз де желге ұшты.

Сөйтсек пәленің бәрі Назарбаевтің «орта тап шағын және орта бизнес өкілдері есебінен қалыптасуы керек» деген сөзінде жатыр екен. Неге десеңіз, орта тап дегенді қаржы табу мүмкіндігі молырақ адамдар тобы деп түсіндіріп келіпті. Алайда қоғамды алға сүйрейтін өлшем ол емес болып шықты. Шынайы орта таптың мазмұнына нұсқан келтірген «алдымен экономика» деген түсінік те қате екенін уақыт көрсетті. Осы түсінік отаншылдық рухты түлетуден гөрі ақшаның үстемдігін арттырып жіберген жайы бар. Ақшаның үстемдігі жемқорлыққа жол салды. Жемқорлық ой еңбегіне сүйеніп адал ақша табу ниетін тұншықтырып, бармақ басты, көз қысты сыбайласу арқылы арам ақша табу пиғылын үдетті. Халық соған тәрбиеленді.

Сондықтан дүкен, базар, ресторан ашудан әріге бара алмайтындарды орта тапқа жатқызуға болмайды. Орта тап деген байдан кедейлеу, кедейден байлау адамдар емес, орта тап деген өмірді жақсы жағына өзгертуге қабілетті ғылыммен айналысатын және дарынды адамдар. Олар экономикада да, технологияда да, ғылымда да, мәдениетте де, әдебиетте де жол көрсете алатындар. Жоғарғы тап пен төменгі тапты байланыстыратын білімдарлар. Бұлай айту да дәл емес, орта тап деген халықты қаржылық, байлық жағынан да, діни наным-сенім жағынан да қақ жарылып, бір-біріне қарсы тұрудан сақтайтын, екеуін жымдастырып дамуға жетелейтін әлеуметтік, рухани күш. 

Дарындылық, білімділік баға жетпес капитал екеніне ешкім дауласа қоймас. Міне, осы адамдар тобынан тұратын орта тап тұрақты әрі қомақты табысқа ие болып, ой еңбегімен алаңсыз айналысқаны қоғамға пайда. 

Осыған дейінгі орта тапқа деген қате түсінік ақша капиталын ғылым-білім капиталынан үстем етіп жіберді. Еліміздегі ғылым саласы, рухани шығармашылық әлеуеті осы 30 жылда адам айтқысыз құлдырауға ұшырағаны содан. Дарынды, білімді адамдардың жаңа технология жасайтыны, ұлттың рухын көтеретін құндылық тудыратыны ескерілмеді. Ой еңбегімен шұғылданатындар құрауға тиіс орта тап қоғамда шешуші күшке ие еді. Міне, осы жаңа қоғамға қажетті интеллектуалды еңбекке негізделген орта тап идеологиясы болмағандықтан, керісінше идеологияны терістейтін түсінік (байдан кедейлеу, кедейден байлау деген) қалыптасып қалғандықтан, дарындылар дарынсыздардың тасасында қалып қойды.  

Төменгі тап – кедейлер көтерілсе, революция болады. Сондықтан қоғамда бұл тап біртіндеп жойылуы қажет. Кедейлер қаржылық жағынан өзін өзі толық қамтамасыз ететін, Үкіметке алақан жаймайтын жандарға айналуы тиіс. Билікке ызалы топтан солай ғана құтыласың.

Орта тап – ой еңбегімен айналысатын шығармашылық адамдары көтерілсе эволюция болады. Заң шығарушы парламент депутаттары мен мемлекеттік қызметкерлердің осы мен айтып отырған жаңа орта таптан көбірек шыққаны қоғамға тек пайда әкелмек.

Сондықтан мемлекеттің дарынды, білімді адамдарға деген көзқарасы айрықша болуы тиіс. Бірақ бізде олай болмады, отандық ғылым мен қоғам тынысын тамыршыдай тап басатын шығармашылық күш қолдан тұншықтырылды. Ой еңбегімен қаржы табу мүмкіндігін шектеп тастады. Олардың білім капиталына қаржылық капиталы сай болмады. Осы теңсіздікті мемлекет реттеуге тіпті де құлықсыз еді. Интеллектуалды еңбек адамдарының халықтың көзін ашқаны билеушіге қажет болмаған сияқты. Сол себепті дарынды ғылым адамдары шетелге кете бастады, кете алмағандары кез келген ақша төлейтін жұмысқа жегілді. Талантты қаламгер халтурщикке кітап жазуға жалданды. Сарай ақынына айналды. 

Енді жаңа үкіметті жасақтаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Қазақстанды бірге құрайық десе, бұрынғы байдан кедейлеу, кедейден байлау деген түсінікпен емес, қоғамды алға сүйрейтін интеллектуалға негізделген жаңа орта тапты қалыптастыруы қажет деп санаймын.

 

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ
27.01.2022

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 56
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 49
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 165
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 165
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 309
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 309
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 531
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 481

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9183
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8582
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11810
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9579
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10791