әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Шебердің қолы ортақ» атты қолөнер шеберлерінің аудандық көрмесі өтіп, оны тамашалауға келгендерді керемет әсерге бөледі.
Шараны ашу үшін алдымен құттықтау сөз аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Имановаға берілді.
- Киелі Байзақ жерінде ақын-жырау, күйші-әншілерге ғана емес, темірден түйін түйген ұста, зергер, ісмерлерге де бай болған. Солардың ізін жалғаушы дарынды қолөнершілер ауданымызда бүгінде де аз емес.
Міне бүгін ауданымызда «Шебердің қолы ортақ» атты қолөнер шеберлерінің байқауы ұйымдастырылып өтуде. Бұл байқау-қолөнер саласына өмірін арнаған жандар үшін және осы салаға қызығатындар үшін ең керемет мүмкіндік.
«Ел іші өнер кеніші» дегендей, бүгінгі байқау қолөнершілердің өнімдеріне деген сұраныстың артып, қатысушылардың өнімдерінің халыққа танылуына жол ашады деп сенемін,-дей келе Салтанат Бәйтеліқызы сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ұлттық қолөнерді дамыту, қолөнер шеберлеріне қолдау көрсету, олардың жасаған бұйымдарын халық арасында кеңінен насихаттау, жас әрі дарынды қолөнершілерді анықтау, мәдени мұраны жаңғырту, шығармашылық, қолөнер және бизнес арасындағы байланыстарды кеңейту, қолөнершілер өнімдерін насихаттау мақсатында өткен көрмеде ауыл, ауылдық округ, білім беру мекемелері, қосымша білім беру орталықтары, балабақша ұжымдары өз бұйымдарын көрсетті. Оның ішінде ағаштан, киізден, фетрден, тоқымадан, бисерден жасалған бұйымдар, ұлттық нақыштағы киімдер, ат әбзелдері, табиғи теріден жасалған өнімдер, тоқыма өнімдері, тігіншілік, сурет салу өнері көпшілік назарына ұсынылды.Аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлнара Давлетбаеваның жетекшілігімен «Ұлттық киімдер топтамасынан» сән үлгісін көрсетіп, көрменің көрігін аша түсті. Қаз-қатар тізіліп қойылған барлық бұйымдарды аралап, таныс болған қазылар алқасы ең үздік қолөнершілерді анықтады.
Байқау қорытындысы бойынша қазақтың ұлттық киімдерін насихаттаған шебер Рахила Абдрашидова бас жүлдені қанжығасына байласа, Бурыл ауылынан келген Тұрсынай Дәкенова ат әбзелдері бұйымдарын көрсетіп, бірінші орыннан көрінді. Ұлттық киімдер топтамасымен таныстырған Гүлдана Қалманбетова екінші орынды иеленсе, Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясы атынан қатысқан қолөнершілер үшінші орынға қол жеткізді. С.Абланов атындағы орта мектебі ынталандыру жүлдесіне ие болды.
Аудан әкімінің орынбасары Талғат Жамалов жүлделі орындардан көрінген қатысушыларды Дипломымен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Қалған қатысушыларға Алғыс хаттар табыс етілді.